Биыл Алматыға триллионнан астам инвестиция тартылмақ

13 Қаңтар 2021, 15:23
1268
Бөлісу:
Биыл Алматыға триллионнан астам инвестиция тартылмақ

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда 2021 жылы негізгі капиталға триллионнан астам инвестиция тартылып, 92 жаңа нысан пайдалануға берілмек.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында ағымдағы жылы инвестициялық жобаларды іске асырудың барысы қаралды.

Қабылданған жүйелі шаралардың арқасында Алматы елдің инвестициялық барынша тартымды қалаларының біріне айналды.

Биыл қала өнеркәсіп, құрылыс, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, сауда және қызмет көрсету салаларында бірден 92 жобаны жүзеге асыруды жоспарлауда.

Инвестиция тартуда тұрғын үй, өндірістік және әлеуметтік нысандарды салу негізгі қозғаушы күш болып табылады.

Мәселен, жылжымайтын мүлік саласында жалпы сомасы 66,9 млрд теңге болатын 34 көпсалалы тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланған.

Өнеркәсіп саласында жалпы сомасы 37,6 млрд теңгені құрайтын 20 жобаны, Индустриалды аймақ аумағында 10 жобаны, қала аумағында 5 жобаны  жүзеге асыру жоспарлануда.

Бұлардан өзге, жыл соңына дейін қалада құны 2,85 миллиард теңге болатын 5 өнеркәсіптік парк («KazStroyTrade», «ADS Industries», «Ala Estate», «D&J Investments & Logistic», «Asia Prom Textile» ЖШС) іске қосылып, 1400 жұмыс орны ашылатын болады. Қазіргі кезде компаниялар құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуде. Бүгінгі күні өндірістік парктер инвесторлары 19 кәсіпорынмен жалға берудің алдын ала шарттарын жасады.

Сондай-ақ, жалпы құны 31,8 млрд теңге болатын 14 әлеуметтік жобаны, оның құрамына спорт және өнер орталығы («High Tech Academy» Қазақстандағы алғашқы инновациялық жобалық мектеп), «Helmer» медициналық оңалту орталығы, Орта Азиялық экологиялық зерттеулер институты, «Демеу Қоры» АҚ-тың балет театры енген, сауда және қызмет көрсету саласының жалпы сомасы 22,5 млрд теңге болатын 24 жобаны іске асыру жоспарланған. 

Бұл жобаларды  жүзеге асырған кезде 5000-нан астам жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен бірге, инвестиция тарту көлемі триллион теңге деңгейінен асады деп күтілуде.

Еске салсақ, 2020 жылы Алматының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 971,2 млрд теңгені құрады. Қалада жалпы құны 175 млрд теңге болатын 51 жоба орындалды.



Өзгелердің жаңалығы