Биыл Алматыда студенттерге арналған 10 жатақхана ашылады. Оның үшеуі жаңадан салынса, қалған жетеуі пайдалану мақсатын өзгерте алатын бизнес ғимараттары болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл жатақхана тапшылығы 55 мың орынды құрайды. Былтыр бұл көрсеткіш 87 мыңға жеткен еді. Білім алуға келген студенттердің тұратын жер таппай, сандалғаны да рас. Өз кезегінде министр Саясат Нұрбек білімгерлерге жағдай жасау үшін көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, студенті көп Алматыда нысандар салу және бизнес орталықтары мен қонақ үйлерді, хостелдерді жатақханаға айналдыру жобасы жүзеге асуда.
Министрліктің «Қаржы» орталығымен келісімі бойынша жатақхана салуға дайын құрылыс компанияларына 230 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде өтемақы төленеді. Нысанды қайта құрудың тағы бір схемасын қарастырып қойдық. Кәсіпкерлерге де жеке ғимараттарды студенттер үйі ретінде қолдануға берген тиімді. Оған да қаражат қарастырылған. Менің ойымша, бұл – орын тапшылығы мәселесін жылдам шешудің оңтайлы жолы, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Бүгінде Алматыдағы университеттерде жалпы 188 мыңнан астам студент бар. Соның 23 мыңы республиканың өзге өңірінен келген.
Алматыдағы 35 жоғары оқу орнында жалпы 96 жатақхана бар. Қазір онда 30 мың студент тұрады. Мәліметке сүйенсек, төсек-орын тапшылығы 32 мыңды құрайды, – деді Жастар саясаты басқармасының басшысы Қайыржан Меңдіғалиев.
Алматыда жатақхана құрылысына қатысты жобалық кеңсе де құрылған. Онда кәсіпкерлер мен оқу орындарының қызметкерлері министрліктен немесе әкімдік өкілдерінен кеңес ала алады. Мамандардың ойынша, бұл бастамалар жатақхана тапшылығы мәселесін 2025 жылға дейін шешуге ықпал етеді.