Биыл Алакөлге 2 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде. Осыған байланысты өңірде демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жаңартылып, бақылау шаралары күшейтілді.
Жағалау аумағына жаңа қоқыс жәшіктері, киім ауыстыру кабиналары, модульдік дәретханалар, құтқару мұнаралары, пирстер және ақпараттық белгілер орнатылды. Сонымен қатар, қауіпсіз жүзу үшін 13 шақырымға созылған буй сызығы тартылды.
Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында келесі туристік маусымнан бастап демалыс орындары мен шипажайлардың ағынды сулары заманауи тазарту қондырғыларында өңделетін болады. Бұл Алакөлдің табиғи экожүйесін сақтауға мүмкіндік береді.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған демалыс орталығында да қолайлы жағдайлар жасалып, ғимараттар пандустармен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Қоғамдық тәртіпті полиция қызметкерлері, құтқарушылар, бейнебақылау камералары мен дрондар қадағалайды. Су айдынында белгіленген қауіпсіз аумақтан шыққан жағдайда құтқару қызметіне автоматты түрде хабарлама жіберіледі. Ресми мәліметке сәйкес, туристік маусым басталғалы қоғамдық тәртіпке қатысты ірі құқық бұзушылықтар тіркелмеген.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары Алакөлге келетін шетелдік туристер саны айтарлықтай өсіп, жаңартылған инфрақұрылым мен күшейтілген қауіпсіздік шаралары өңірдің туристік әлеуетін одан әрі арттыруға ықпал етеді.