Биыл 48 сүт фермасы, 8 құс фабрикасы пайдалануға берілді – АШМ

31 Желтоқсан 2020, 20:42
2363
Бөлісу:
Биыл 48 сүт фермасы, 8 құс фабрикасы пайдалануға берілді – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР АШМ әлеуметтік маңызы бар ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын алмастыру бағытындағы жетістіктер туралы ақпарат берді

Жыл басында Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Қазақстанның бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділігі барын айтып, АШМ тарапынан импортты алмастыру және сүт өнімдері, құс еті, қант, балық және алма өндірісін ұлғайту бойынша әзірлеген жоспарын ұсынған болатын.

Сүтті мал шаруашылығы секторында импортты алмастыру үшін ҚР АШМ алдына жыл сайын 25 тауар-сүт фермасын пайдалануға беру туралы міндет қойған.

COVID пандемиясы жағдайында кәсіпорын басшылары тауарлы-сүт фермаларын құру және жаңғырту үшін барынша күш салды, ал АШМ тарапынан қаржыландыру және мемлекеттік қолдау уақтылы жүргізілді.

2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы саны 16,2 мың бас ірі қара малы және өндірістік қуаты жылына 93 мың тонна сүт өндіретін 48 өнеркәсіптік және отбасылық тауарлы-сүт фермасын пайдалануға енгізді. Оның ішінде жалпы мал басы 12,5 мың ІҚМ және өндірістік қуаты жылына 87,8 мың тонна сүт болатын 17 өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермасы бар.

Нәтижесінде биылғы 11 айда сүт өндіру 3,2%-ға – 5,6 млн тоннаға дейін ұлғайды.

Сүтті мал шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін асыл тұқымды малды субсидиялау қағидаларына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, сүтті мал шаруашылығында импортталған асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу үшін субсидиялау нормативтері бір басқа 225-тен 400 мың теңгеге дейін, ал отандық мал шаруашылығында бір басқа 150-ден 200 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар, сүт құнын арзандатуды субсидиялау қарастырылған.

Сондай-ақ, өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермаларын салуға және отбасылық сүт фермаларын заманауи үлгіде жабдықтауға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидалары  өзгертілді. Соған сәйкес техника мен қажетті құралдарды сатып алуға, құрылыс-монтаждау жұмыстарына кеткен шығындардың 25%-ы өтелетін болды.

Сүт бағытындағы мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау шараларына қосымша «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ 6% сыйақы мөлшерлемесімен 10 жылға дейінгі мерзімде өнеркәсіптік тауарлы-сүт фермаларының құрылысын қаржыландыру кіреді.

Осы шаралардың барлығы сүтті мал шаруашылығы мен сүт өнімдерін өндіру саласындағы бизнесті қолдау болып табылады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі ет бағытындағы құс шаруашылығын дамытуда толайым табысқа жетті. Құс етінің отандық өндірісін ұлғайту және құс шаруашылығы өнімінің импорттық үлесін азайту үшін АШМ мен өңірлік әкімдіктер қазіргі заманғы жаңа өндіріс орындарын құру, жұмыс істеп тұрған құс фабрикаларын кеңейту және жаңғырту жобаларына барынша қолдау көрсетті.

2020 жылдың қорытындысы бойынша жалпы қуаттылығы жылына 95 мың тонна құс етін өндіретін ет бағытындағы 8 құс фабрикасы пайдалануға берілді («Макинск құс фабрикасының 2-кезегі», «Астрахан құс» АЕК» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту, «Otan Green Food» ЖШС құс фабрикасын құру, «Алатау Құс» ЖШС құс фабрикасын кеңейту, «Наурыз Агро ЛТД» ЖШС құс фабрикасын кеңейту, «Риван» ЖШС құс фабрикасын құру, «Poltry-Agro» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту, «Шымкент құс» ЖШС құс фабрикасын жаңғырту жобалары).

Бұл жобалар 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында толық қуаттылығын көрсетеді деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы