Биыл 11 млн-нан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізеді – Әлихан Смайылов

24 Мамыр 2022, 11:52
1261
Бөлісу:
Биыл 11 млн-нан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізеді – Әлихан Смайылов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында  Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Әлемдік энергетикалық нарықты талдау энергия көздерінің басқа түрлерін өндіру мен тұтынуына қарағанда газ өнеркәсібі озық қарқынмен дамып жатқанын көрсетіп отыр. Қазақстанда да дәл осындай жағдай. Мәселен, 2017 жылы еліміз шамамен 14 млрд текше метр газ тұтынса, 2021 жылы оның көлемі 19 млрд текше метрге жақындады. Өткен жылдың өзінде ғана 3600-ден астам өнеркәсіптік нысан  газға көшірілді, - деп атап өтті Премьер-министр. 

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 35%-ға өскен.

Биыл тұтыну көлемі 20 млрд текше метрге дейін өседі деп болжануда. Газдандырылған елді мекендердің жалпы саны 1700-ден асады. Осылайша, 11 млн-нан астам қазақстандық табиғи газға қол жеткізеді. Бұл – тұрақты өсім көрсетіп отырған газ саласының еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алатынын көрсетеді, - деді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар ол өсіп келе жатқан халық саны мен өнеркәсіп саласының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін газ көлемі жеткілікті болуы қажет деп отыр. 

Сондықтан ресурстық базаны кеңейту, оның ішінде ауқымды геологиялық барлау жұмыстары негізгі міндетке айналуы тиіс. Шикізат қоры, әсіресе газдың жеткілікті көлемі нарыққа келетін әлеуетті инвесторлар үшін аса маңызды. Энергетика министрлігіне Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесіп, 15 маусымға дейін Жетілдірілген модельдік келісімшартты әзірлеу аясында газ жобалары үшін реттеушілік және фискалдық преференциялардың түпкілікті пакетін   әзірлеуді тапсырамын, - деді Әлихан Смайылов. 

Өзгелердің жаңалығы