Бітімгершілер миссияға дайындалуда – Қорғаныс министрлігі

29 Желтоқсан 2020, 14:47
1783
Бөлісу:
Бітімгершілер миссияға дайындалуда – Қорғаныс министрлігі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық бітімгершілік полкіне қарасты оқу орталығының базасында Ливан Республикасындағы миссияны орындау үшін бесінші қосалқы бітімгершілік ротаның әскери қызметшілерін оқытуда, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған миссияның мандатына сәйкес бітімгершілік даярлық, әскери дәрігерлер мен минасыздандыру орталықтарының мамандары мен нұсқаушылары бесінші бітімгершілік ротасының әскери қызметшілерімен бітімгершілік тақырыбында теориялық және практикалық сабақтар өткізуде.

Теориялық дайындыққа Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі принциптері мен құрылымын, сол елдің жергілікті тұрғындарының мәдениеті мен тарихын, операцияларды жүргізуге миссия мандатын, бітімгершілерге қойлатын талаптарын, халықаралық құқық пен қарулы қақтығыстардың негіздерін, күштерді қолдану ережелерін зерделеу кіреді.

Практикалық бөлімде әскери қызметшілер блок бекетте қызметті ұйымдастыру, бақылауды жүзеге асыру, патрульдеу, айдауылдау, гуманитарлық жүкті алып жүру мәселелерін және басқа да міндеттерді пысықтайды. Бесінші бітімгершілік ротаның құрамына ағылшын тілін меңгерген, қолайсыз (ыстық) ауа райы жағдайларында қызметке жарамды, моральдық және психологиялық тұрғыдан тұрақты келісімшарт бойынша әскери қызметшілер іріктелді, - делінген ақпаратта.

Естеріңізге сала кетсек, қазіргі уақытта Ливан Республикасында төртінші бітімгершілік рота міндеттерін атқаруда. Қазақстандық әскери қызметшілер сол елде өткізген уақыттарында өздерін жауапты мамандар ретінде танытты және миссия басшылығының, шетелдік әріптестер мен бақылаушылардың жоғары бағасына ие болды.

 


Өзгелердің жаңалығы