Ішкі істер министрі Ержан Саденов Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе тек сот шешімімен ғана жүзеге асады.
Барлығы сот шешімімен қабылданады. Үкім бар. Ал шартты түрде мерзімінен бұрын босату – жеке қаралатын мәселе. Бұл бойынша шешімді тек сот қабылдайды, – деді Ержан Саденов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Байжановтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына қатысты сотқа ешқандай материал түспеген.
Қазіргі таңда Бишімбаевтың бауырына қатысты ондай материалдар түспеді. Егер ол ниет білдірсе, онда сот қарайды, – деп нақтылады министр.
Еске салсақ, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот үкімі биылғы 13 мамырда шығарылды. Марқұмның күйеуі Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов төрт жылға сотталған болатын.