Біртанов медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтады

19 Маусым 2020, 16:15
725
Бөлісу:
Біртанов медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтады


Құрметті әріптестер! Баршаңызды кәсіби мерекеміз – Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! COVID-19 пандемиясы кезінде жұқпалы аурулар ауруханасында, провизорлық стационар, жедел медициналық жәрдем стансалары мен жалпы барлық денсаулық сақтау ұйымында медицина қызметкерлері патриоттық сезіммен, жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілігін көрсетіп еңбек етуде. Қазір сіздер аянбай әр пациенттің өмірін сақтап қалудасыздар. Алдарыңызға көмек сұрап келген адам ғана медицина қызметкерлерінің науқасқа деген ерекше мейірімін, әр пациентке мұқият қарайтын қасиеті мен шеберлігін көреді, сезеді. Тәулік бойы, мереке күні де алдыңғы шепте жүрген барлық медицина қызметкеріне шексіз алғыс айтқым келеді, - деді Біртанов.

Министрдің айтуынша, қазақстандық дәрігерлер осындай қиын уақытта басымызға түскен ауыртпалықты жеңе алады. 

Мен бұған қазір әріптестерімнің қолында емделіп жатып тағы көз жеткіздім - олар өз ісінің кәсіби шеберлері. Баршаңызға мың алғыс! - деді ол.

Біртанов соңғы уақытта отандық медицинада көптеген оң өзгеріс болғанын айтты.

Соңғы жылдары отандық медицинада көп нәрсе түбегейлі өзгерді: денсаулық сақтау саласында медицина ғылымы мен ақпараттық технологиялар дамуда, жаңа жоғары технологиялық орталықтар салынды. Жақында ғана ең қысқа мерзімде, 2 апта ішінде еліміздің үлкен мегаполистерінде жұқпалы аурулар ауруханасын салдық. Ауруханалар мен емханаларды жабдықтау айтарлықтай жаңартылды, жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі өсті.
Қазір халық денсаулығы туралы Кодекс Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, құжатта Президенттің тапсырмасы бойынша қоғамда медицина қызметкерінің мәртебесін арттыру, құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі нормалар бар. Бұл барлығымыз үшін, ең алдымен, біздің азаматтарымыздың денсаулығын қорғау үшін үлкен қадам және жетістік деп сеніммен айта аламын, - деді министр.

Денсаулық сақтау министрі медицина қызметкерлерінің адал еңбегін жоғары бағалайтынын айтты.

Осы өзгерістердің барлығы сіздердің еңбектеріңіз, әріптестер! Тағы да атап өткім келеді, қазір ең бастысы – елімізде пандемияға қарсы күресті жалғастыру қажет, ал біз бірге міндетті түрде жеңеміз! Сіздердің адал еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және оның қадірін білеміз. Қызметтеріңізге табыс, болашаққа сенім мен отбасыларыңызға амандық тілеймін! Өздеріңізге сақ болыңыздар. Дендеріңіз сау болсын! - деді Біртанов.


Өзгелердің жаңалығы