Біртанов COVID-19-дан жазылып шыққан 1000-науқас туралы айтты

3 Мамыр 2020, 16:52
1313
Бөлісу:
Біртанов COVID-19-дан жазылып шыққан 1000-науқас туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жұқпалы індетпен 1000 адам жазылып шықты. Осыған орай Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзінің Facebook-тегі парақшасында қуанышты хабармен бөлісті.

Достар, сіздермен жақсы жаңалықпен бөліскім келеді. Бүгін біз ауруханадан COVID-19 жұқтырған 1000-пациентті емдеп шығардық, - деп жазды ол.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі науқастың қай облыстан екенін және оны қалай емдегенін айтып өтті.

Науқас Қызылорда облысының тұрғыны, 30 жаста. Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына 16 сәуірде түсті. Ол вирус жұқтырған адаммен жақын қарым-қатынаста болған. Науқастың жағдайы орташа дәрежеде болды. Құрғақ жөтел, әлсіздік тәрізді шағымдары болып, дене температурасы 38 градусқа дейін көтерілді. Өкпе рентгенографиясы жасалып, сол жақ өкпенің интерстициальді пневмониясы байқалды. COVID-19 коронавирустық инфекциясы, орташа ауырлық дәрежедегі солжақ өкпе пневмониясы диагнозы қойылды. Коронавирустық инфекцияны емдеу протоколына сәйкес ем шаралары жүргізілді. Емдеу курсынан өткеннен кейін коронавирусты анықтайтын тест екі мәрте жасалды. Екеуі де теріс нәтижені көрсетті. Ауруханадан шығарылған кезінде еш шағымы болмады. Дәрігерлер 21 күн үй карантинінде болатынын ескертіп, үй жағдайында сақтауы тиіс нұсқаулықтарды жазып берді, - деді Біртанов.

Елжан Біртанов өзінің әріптестеріне алғысын білдірді.

Аурумен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге тағы да алғыс айтқым келеді. Жарайсыздар! Рахмет!, - деп жазды денсаулық сақтау министрі.


Өзгелердің жаңалығы