Жол құрылысы маусымы аясында "ҚазАвтоЖол" ҰК " АҚ тұрақты негізде қайта жаңарту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерде инспекциялық тексерулер жүргізіп жатыр, деп хабарлады BAQ.KZ.
Биыл республикалық маңызы бар жолдардың 200-ге жуық учаскесі құрылыс-монтаждау жұмыстарымен қамтылып отыр. Бұл учаскелерде 47 техникалық қадағалау қызметі бар. Олар ұлттық компанияның құрылыс жұмыстары жүріп жатқан учаскелердегі өкілдері болып табылады және құрылыс-монтаждау жұмыстарының басынан бастап жобаны пайдалануға беруге дейінгі аралықта құрылыс сапасына жауапты.
"ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ Техникалық саясат және сапаны бақылау департаментінің қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдардың ұлттық операторы жергілікті жерлердегі техникалық қадағалау қызметтерінің жұмысын тұрақты негізде тексереді. Атап айтқанда, сарапшылардың, зертханалық жабдықтардың және техникалық ерекшелікке сәйкес басқа да пункттер қадағаланады.
Биылғы 8 айда техникалық қадағалау қызметтеріне 72 млн.теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар құрылыс нысандарында жеткіліксіз бақылау жүргізген 20-ға жуық сарапшы маман жұмыстан шеттетілді.
Инспекциялық тексеру жұмыстары әлі де жалғаспақ.