Бірқатар азамат «Ұлытау облысының құрметті азаматы» атанды

22 Қазан 2022, 17:36
1735
Бөлісу:
Бірқатар азамат «Ұлытау облысының құрметті азаматы» атанды

Республика күнінің қарсаңында  «Ұлытау облысының құрметті азаматы» атағы тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін Ұлытау өңірі үшін тарихи күн. Себебі Ұлттық мейрам - Республика күнінің қарсаңында  «Ұлытау облысының құрметті азаматы» атағы тағайындалды. Бұл абыройлы атақ Ұлытау өңірінен шыққан, ел аумағында және халықаралық деңгейде танымал, ардақты ағаларымызға берілді. Бүгін салтанатты шарада бұл атақ - өнегелі өмірі мен қажырлы қызметі арқылы халықтың сый - құрметіне бөленген бес ел ағасына тапсырылды, - деп жазды Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Атап айтсақ:

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановқа;

Физика - математика ғылымдарының докторы,  профессор, Ұлыбританияның Кембридж университетінің жанындағы Халықаралық географиялық орталықтың "Ғасыр адамы" атағын алған атақты ғалым  Темірғали Көкетайға;

Армия генералы, Халық Қаһарманы, ұшқыш- мерген, мемлекет қайраткері Мұхтар Алтынбаевқа;

Еліміздің әлеуметтік- экономикалық дамуына зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұхамбет Көпеевке;

Ақын, журналист, айтыс өнерінің жанашыры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жүрсін Ерманға берілді.

Марапат құтты болсын! Абыройымыз асқақтап, еңбегіміз еселенсін. Еліміз қарқынды дамып, өңіріміз өркендей берсін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы