Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру кездесуі кезінде айтты.
Оның айтуынша, Халықаралық даму және реконструкциялау банкі арқылы қаржыландырылатын «Балқаш-Бұрылбайтал» (288 км) мен «Ұзынағаш-Отар» (96 км) жол құрылыстарын жүзеге асыру кезінде жұмысты сапасыз атқарған мердігермен келісім шарт бірнеше рет бұзылды.
СПИК Аккорд мердігерлік компаниямен шартты бір рет, АзерИншаат компаниясымен екі рет, Шанхайконтракшен компаниясымен бір рет бұздық. Қазіргі күні Балқаш-Бұрылбайтал учаскесінің екі бөлігіндегі жұмыстарға жаңа мердігерлер тартылды, - деді министр.
Ол сонымен қатар жол құрылысы саласындағы ауқымды жобаларға тоқталды.
Қазіргі уақытта Қарағандыдан Қапшағайға дейінгі 946 шақырым аралықта жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Елдің шығысында 768 шақырымдық Талдықорған-Өскемен жолы мен ұзындығы 415 шақырым Қалбатау- Майқапшағай тас жолы салынып жатыр. Оңтүстік өңірде Алакөл туристік кластерін дамыту үшін «Үшарал-Достық» (184 км), Балқаш көліндегі туризм үшін маңызды «Мерке – Бұрылбайтал» (262 км) тас жолдары жөндеуден өтуде. Сонымен қатар «Ұзынағаш-Отар» (96 км) мен батыс өңірінде «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» (740 км) тас жолының құрылысы жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды-Балқаш-Алматы дәлізін 2023 жылы толықтай аяқтаймыз. Айналма жолдардың сапасына қатысты жолаушылар тарапынан сын көп. Осыған орай «Қазавтожол» компаниясына айналма жолдың сапасын назарға алу міндеті жүктелді. Жолаушылардан қолайсыздық тудырғанымыз үшін кешірім сұраймыз, - деді министр.