Бірмандаттық сайлаудың саяси реформаларға пайдасы көп – Әбенов

25 Наурыз 2023, 22:45
1547
Бөлісу:
Бірмандаттық сайлаудың саяси реформаларға пайдасы көп – Әбенов
Фото: baq.kz

"SERPIN" ұлттық білім және инновациялар палатасының төрағасы Мұрат Әбенов өзінің әлеуметтік жеке парақшасында мажоритарлық сайлаудың ерекшелігі туралы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биылғы Мәжілістің сайлауында ең жоғары бәсекелестік бір мандаттық округтерде байқалады. Әсіресе Алматыда және Астанада. Бұл түсінікті жағдай. Қай кезде де бұндай сайлау ерекше қызу өтеді. Себебі оған көп жағдайда халықтың алдында еңбегі сіңген, абыройлы, қоғамға танымал тұлғалар қатысады. Олармен қатар әзірге саяси алаңға шықпаған, қоғамдық жұмыспен көп айналыспаған, тек өз саласында аты шыққан, бірақ амбициясы жоғары азаматтар қатысуда. Шектеулі уақыт ішінде бір орынға бірнеше үміткерлер ашық бәсекелестік танытып, өз бағдарламаларын, өз тұлғалық қасиетін, өз саяси ұстанымын ұсынып шығады. Сайлаушыларға да бір айдың ішінде әрқайсысын танып, ерекше ұсынысын ажырата біліп, сапалы бағалап, таңдау жасау қиындау. Бұндай ашық бәсекелестіктегі саяси доданы ұмытып та қалдық, себебі Қазақстанда соңғы 20 жылға жуық Парламентке бірмандаттық сайлауды өткізген жоқпыз. Соңғы рет 2004 болған, – деді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ ол 2004 жылы әр дауыс үшін "шайқас" тек Астана мен Алматыда ғана емес, еліміздің әр аймағында жүріп жатқанын айтты.

Көбісінің есінде жоқ шығар, бірақ 2004 жылы әр дауыс үшін "шайқас" тек Астанада және Алматыда ғана емес, еліміздің әр аймағында жүріп жатты. Менің пайымым, оның бір себебі – сол кезде танымал саяси тұлғалар және қоғам қайраткерлері, әсіресе тәуелсіз үміткерлер бір-біріне кедергі жасамауға тырысты. Олар кімнің қайда бара жатқанын алдын ала біліп, округті немесе аймақты таңдады. Мысалы, ақын Мұхтар Шаханов және ғарышкер Тоқтар Әубәкіров біздің Қызылорда облысы атынан Парламентке екі бөлек округтен үміткер болып тіркелді. Үшінші округте Ұзақпай Қараманов. Парламенттегі Сыр еліне бөлінген үш орынға – үш танымал тұлға, – деді Әбенов.

Айтуынша, әлсіз кандидаттар кіммен бәсекелесуге тура келетінін біліп сайлау басталмай жатып өз еріктерімен бас тартқан. Сондықтан қазіргідей көптеген үміткер болмаған.

Сайлау талас тартыспен өтті. Үміткерлердің көбісі танымал тұлғалар, ел басқарған, саясатпен айналысқан. Нәтижесінде екі округ бойынша – бірінші турда шешілмей, екінші айналым өткізуге мәжбүр жағдай туды. Әр дауыс үшін күрес: әрқайсысында көптеген сенімді өкілде, автобустармен ауыл-ауылды аралап, үйлердің есігін қағып, қайта-қата кездесулер өткізіп, бағдарламалырын түсіндіріп жатты. Ондай саяси доданы көптен көрмеген сайлаушылар да жоғарғы белсенділік танытты, көше-көше болып кездесулерге келіп , біреуі қолдап, екіншісі сын айтып, сұрақтарын қойды. Сайлау күні учаскілерде кезекте тұрған сайлашылар… Бірақ сайлау өткеннен кейін жеңіске жетпеген үміткерлер депутат болған қарсыластарын мойындап, жоғары саяси мәдениет танытты, – деді қоғам қайраткері.

Сонымен қатар, биылғы бірмандаттық округтерде сайлау 20 жылдық үзілістің әсері бар екенін байқатып тұрғанын жазды.

Саяси мәдениетті қалыптастыруда көп уақыт жоғалтып алғанымыз байқалады. Мысалы, бұрынғымен салыстырғанда ең жоғарғы саяси белсенділік үлкен қалаларда ғана. Кейбір партиялар, үміткерлер округтерге кіретін әр ауылдарға бармаған. Үміткерлер қарапайым азаматтармен ашық сөйлесе алмайды. Көп кандидатта жүйеленген бағдарлама жоқ – тек жалпы ұран. Кейбір ең жоғары деңгейдегі саяси додаға Парламентке бір мандаттық кандидаттар қасында командасы жоқ, он шақты әріптес достары ғана. Жергілікті жерде кейбір үміткерді танып үлгермеді, аудан, ауылда сенімді өкілдері жоқ. Әрине, барлығы ондай емес. Біраз үміткердің сайлаудағы өткізген шараларын жоғары деңгейде деп бағалаймын. Үлгілі саяси мәдениет танытқандар бар. Сайлаушыларға тек азаматтық ұстанымын алға тартып, өз бағдарламаларының ерекшелігін таныстырып, провокация деңгейіне түспей, қарсыласын жеке өміріне араласпай парасатты түрде өткізді. «Жеңбесек те жақсы тәжірибе жинадық» деген ұстаныммен сайлау нәтижесін бағалағандар көп. Жеңілісті мойындау да – саяси мәдениет, – деді "SERPIN" ұлттық білім және инновациялар палатасының төрағасы.

Кейбір округтерде сайлау заңын бұзу фактілері орын алғанын және Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура мен Сот әділ шешімін шығаруы керек екенін айтты.

Мойындаумыз керек, кейбір округтерде сайлау заңын бұзу фактілері орын алуда. Кейбір үміткерлердің арызы бойынша Сот органдары дауыс беруге дейінгі кезеңде сайлау комиссияларының шешімдерін бұзып, азаматтық құқығын орнына келтірді. Енді сайлаудың ең негізгі кезеңі – дауыс беру және санау кезінде болған күдік туғызатын немесе қолма қол ұсталған жағдайларға заң органдары қатаң шара қабылдау керек. Әрқайсысы бойынша нақты қарап, Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура және Сот әділ шешімін шығаруы керек. Барлығын заңды түрде-эмоциямен емес! Себебі қандай шешім шығарылса да, қарсы жағында үміткердің және оны қолдаған мыңдаған сайлаушылардың құқығы бар екенін ұмытпаған дұрыс.

Сондай-ақ ол үміткерлердің арасында жоғары белсенділік танытып, халықтың қолдауына ие болған кейбір тұлғаларды бөлек атады.

Өзім әрқайсысын жақсы танығасын, олардың өмірлік тәжірибесін, азаматтық ұстанымдарын жақсы білгесін сайлаушылар дұрыс таңдау жасады деп ойламын! Мысалы, Астанадан белгілі спортшы, жаттықтырушы Дәулет Тұрлыханов, Алматыдан танымал жер саласының заңгері, талай әкімдердің заңсыздығын анықтаған, олигархтардың заңсыз алған жерлерін қайтарған Бакытжан Базарбек, Семейден Нұртай Сабильянов, Маңғыстаудан Еділ Жаңбыршин, Оралдан белгілі адвокат Абзал Құспан, Сыр елінен Мархабат Жайымбетов. Әрқайсысы өз саласының мықты маманы, саясатқа келмей тұрып адал еңбегімен, азаматтық ұстанымымен танымал болған тұлғалар. Бұл тұлғалар сенімді ақтайды деп ойлаймын. Жалпы, мұндай бірмандаттық сайлаулар жиі өтіп жатса, біздің саяси реформаларға пайдасы көп, сайлаушылар да үйренеді, саясаткерле де дағдыланады, – деді Мұрат Әбенов.

Өзгелердің жаңалығы