Бірлескен медиаөнімдер жасап, ортақ құндылықтарды дәріптеу аса маңызды – Тоқаев

20 Желтоқсан 2022, 10:42
964
Бөлісу:
Бірлескен медиаөнімдер жасап, ортақ құндылықтарды дәріптеу аса маңызды – Тоқаев

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Астанадағы алғашқы Орталық Азия медиа форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы алғашқы медиа форумының басталуымен құттықтады.

Бұқаралық коммуникациялар қарқынды дамыған қазіргі заманда медиа саласында тәжірибе алмасу және өңірдегі мәдени, гуманитарлық ынтымақтастық аясын кеңейте түсу өте маңызды. Аймақтағы танымал журналистердің, сарапшылар мен медиаменеджерлердің басын қосқан форум мамандардың кәсіби пайымын бірге талқылауға мүмкіндік беретін бірегей пікірталас алаңы. Осы өлкедегі мемлекеттердің жан-жақты ықпалдастығы бауырлас халықтардың бай тарихы мен ортақ рухани мұрасына негізделген. Биыл ағайын елдер арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толып отыр, - делінген Тоқаевтың құттықтау сөзінде.

Мемлекет басшысы атағандай, Орталық Азияны бірлесе дамытуды көздейтін достық, тату-көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылуының зор мәні бар.

Стратегиялық құжат біздің жан-жақты серіктестігіне нығайтуға тың серпін береді деп сенемін. Менің Орталық Азия мемлекет басшыларының төртінші консультативтік кездесуінде біздің елдеріміз туралы хабар тарататын ортақ теларна ашуды немесе арнайы сайт құруды ұсынғанымды білесіздер. Бүгінгі форумда бұл мәселе жеке талқыланады. Біз жаһандану дәуірінде өңірлік ақпараттық кеңістікпен шектеліп қалмауымыз керек. Бірлескен медиаөнімдер жасап, ортақ құндылықтарды дәріптеу аса маңызды. Сол арқылы Орталық Азияның жасампаз идеялары мен жарқын істерін дер жүзіне танытамыз, - деді Мемлекет басшысы. 

Айта кетейік, форум аясында медиа мамандар мен танымал сарапшылар өңірдегі медианы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, Орталық Азияда ортақ медиа кеңістік құру идеясын сараптайды. Орталық Азия медиа форумының күн тәртібіндегі басты мәселе – бірыңғай медиа платформа қалыптастыру. 

Іс-шараға 100-ден астам спикер қатысады. Бұл - халықаралық деңгейдегі белгілі ғалымдар, саясаткерлер, журналистер, беделді сарапшылар мен медиа саласындағы халықаралық ұйымдардың өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы