Біраз нәрсе айттыңыз, ішінде ештеңе жоқ. Жаңбыршин Сұлтановтың жауабын сынады

6 Сәуір 2022, 11:39
2635
Бөлісу:
Біраз нәрсе айттыңыз, ішінде ештеңе жоқ. Жаңбыршин Сұлтановтың жауабын  сынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында сұрақ қою бөлімінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша сұрақ қойды. 

Бақыт Сұлтанов оның сұрағына ұзақ жауап берді. Алайда депутатқа оның бергені жауабы ұнамаған.

Мен нақты 3 сұрақ қойдым. Бақыт Тұрлыханұлы, сіз деген бірнеше жыл министр болып отырсыз. Сұрағыма нақты жауап бермейсіз бе? Біріншіден, елдің азық-түлік балансы жасалды ма? Екіншіден, Үкіметте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспары бар ма? Үшіншіден, кәсіпкерлік пен бюджеттен басқа қандай жолдар бар бағаны ұстайтын? Осы сұрақтарға жауап бермедіңіз ғой. Біраз нәрсе айттыңыз, ішінде ештеңе жоқ. Сорпаның ішінде түйір жоқ, - деді Жаңбыршин. 

Өз кезегінде Ерлан Қошанов та министрдің нақты жауап беруін сұрады. 

Айттым ғой, Ауыл шаруашылығы министрі де айтып өтті. Нақты жоспар қабылданды. Екі-үш жыл ішінде импортқа тәуелділікті төмендетеді. Сондықтан баланс бар. Нақты толығырақ жауап керек болса, АШМ басшысы жауап берсін, - деді Бақыт Сұлтанов. 

Ал АШМ басшысы Ербол Қарашөкеев нақты баланс саналып, бақылауда тұрғанын айтты. 

29 азық-түлік тауары ретінде біздің балансымыз бақылауда тұр. Оның ішінде әлеуметтік азық-түлік тауарлары. Былтыр біз тауардың өндіріс көлемін 1,9 пайызға көбейттік. Нақты шара мен жоспарлар бар. 29 тауардың ішіндегі 6 тауар бойынша өзімізді қамтамасыз ету төменірек. Осы бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы