Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетінде «Қазақстандағы референдумның өткізілу мақсаты мен міндеті» атты кездесу өтті.
Басқосуға облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, университет басшылығы мен оқытушылар қатысты.
Кездесуде Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, Ақтөбе облыстық «Көкпар» федерациясының президенті Фархад Сансызбай ҚР Конституциясына енгізілетін өзгерістерге тоқталып, оқытушыларды 5 маусымда болатын референдумға қатысып, бірауыздан дауыс беруге шақырды.
Біз штаб құрылғалы Хромтау, Қобда, Шалқар, Қарғалы аудандарындағы шалғай ауылдарды аралап, тұрғындармен кездестік. Кездесу барысында туындалған сауалдар Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты болды. Мәселен, Президенттің лауазымына байланысты шектеулер, жерді, оның қойнауын, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, басқа да табиғи ресурстарды халық меншігі деп жариялау, құқық қорғау институттарын күшейту, конституциялық сот құру сияқты өзгерістерге қатысты тұрғындар өз сауалдарын қойып, пікірлерін жеткізді. Біз басқосуларда Ата заңымызға енгізілетін осы өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп, оның маңызы мен бағыттарына жеке-жеке тоқталдық. Бүгін де кездесуге келгендегі мақсатымыз —осы. Жалпы бұл референдумның бізге берері көп. «Елу жылда ел жаңа» демекші, әуелі Заң өзгеру керек. Содан кейін ғана басқа өзгерістер уақытымен бола береді, — деді ол.
Оның айтуынша, қазір референдумды қолдау жөніндегі облыстық штабтың құрамында 40-тан астам адам бар. Олар референдум аясында облыстың 12 ауданындағы елді мекендерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Облыстық штабтың мүшесі емес, осы елдің азаматы ретінде ертең мен де барып өз дауысымды беремін. Себебі Президенттің бастамаларын, елді дамыту жөніндегі реформаларын қолдаймын. Сондықтан сіздерді де осы саяси шарада белсенді болуға шақырамын, — деді Ф.Сансызбай университет ұжымына.
Шарада сондай-ақ Ақтөбе облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Көшкінбай Ахметов, университеттің проректоры Рахым Бекназаров, т.б. республикалық референдумның тарихи мәні мен маңызына, мақсат-міндеттеріне тоқталып, өз ой-пкірлерін ортаға салды.