Бір жылда тұрмыстық зорлық көрген 125 мыңнан астам әйел арыз түсірген

25 Қараша 2022, 15:26
725
Бөлісу:
Бір жылда тұрмыстық зорлық көрген 125 мыңнан астам әйел арыз түсірген

Бұл туралы Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

25 қараша – әйелдерге қатысты әлімжеттілікті жою жөніндегі халықаралық күрес күні. Мемлекеттік қызметте жүрген қанша жылдан бері гендерлік саясат, соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен үнемі бетпе-бет келемін. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы ретінде қазір бұл тақырыпқа тіпті терең бойладым десем болады. Өкінішке қарай, жылдан жылға жағдай күрделеніп келеді. Әйелдерге қатысты егер өткен жылдардағы тұрмыстық күш көрсету статистикасы көңіл алаңдатса, қазір бұл жағдай тіпті ушығып барады. Былтыр бір жыл ішінде ғана 125 мыңнан астам әйел құқық қорғау органдарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны ретінде арыз түсірген, - деп атап өтті Президент әкімшілігі басшысының орынбасары. 

Айтуынша, шағымданған нәзікжандылардың барлығы бірдей көмек ала алмаған және барлық бұзақы жазаланбаған. 

Шындығында, жағдай ушығып тұр. Көбінесе әйелдер үнсіз қалғанды және үйлеріндегі зорлықшыға төзіп жүре беруді құп көреді. Әрине, оның әрбірінде әртүрлі жағдай. Оған қоса, әсіресе өңірлерде полиция қызметкерлері тұрмыстық сипаттағы арызды тіркеуден бас тартатын жағдайлар да жоқ емес. Бұларға қоса, қол жұмсамаса да, моральдық қысым көрсететін факілерді есепке алсақ – бұл саладағы түйіткілді мәселенің қаншалықты ширығып тұрғанын байқауға болады. Әйел – үйдің берекесі мен ырысы екенін, нәзік жандыларға мейріммен, түсініспен қарау қажет екенін әрбір ер-азаматтың санасына жететіндей қылып айтқың келеді. Шындығында бойға сыймай тұрған қара күш болса, оны өз отбасыңның ішіндегі әлсіздерді қорқытуға емес, басқа жерге жұмсауға болады ғой. Екі білекті сыбанып жұмыс істе, спортпен айналыс, тіпті болмаса қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыр. Біздің халқымызда ер-азамат қашанда үйдің ойраны емес, қорғаны болған, - деді Аида Балаева.

Сондай-ақ ол әйелдер қауымына үндеу жариялады. 

Бұл ретте, әйел-аналарға да үндеу айтқым келеді. Қорықпаңыздар, өз қақыларыңыз үшін күресуді үйрену керек. Заңда жаттаңыз, құқығыңызды біліңіз. Үйдегі әлемжеттілікті үйреншікті әдетке айналдырмау керек. Бұл ең алдымен балаларыңыздың бұндай қылықтарға бей-жай қарап өсуіне, кейін өздері де сол тәрбиенің құрбаны болуына әкеледі. Жаза арқаламауға дәніккендер қай жердің де берекесін қашырады. Әрине, барлық ер-азамат санасыз, намыссыз емес. Өзінің өмірлік серігіне құрметпен қарап, сыйластықты сақтайтын, отбасысының берекесін келтіріп, жарына қамқор бола білетін азаматтарымыз аз емес. Ондай ер жігіттерге әрқашанда биік құрметпен қараймыз. Сүйіктілеріңізге әрқашан сүйеу бола біліңіздер. Ерінің сенімі мен арқауын сезінетін әйел ортақ береке үшін тау қопаруға дайын. Оны біздің әйелдер әрқашанда дәлелдеп келеді, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы