Бір жылда сыбайлас жемқорлығы үшін 33 лауазымды тұлға сотталған

29 Сәуір 2020, 10:12
2004
Бөлісу:
Бір жылда сыбайлас жемқорлығы үшін 33 лауазымды тұлға сотталған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Жиында өткен жылы және осы жылдың алғашқы үш айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы сараланды. Ондағы көрсеткіштер сыбайлас жемқорлық қоғам мен мемлекет үшін әлі де елеулі мәселе болып отырғандығын айғақтай түскендей.

2019 жылы Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 33 лауазымды тұлға сотталса, олардың басым бөлігі білім саласына қатысты. Басқа салалардан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзушылар бар. Ең көп қылмыс Тараз қаласында, Шу, Байзақ, Жуалы және Меркі аудандарында орын алған, - деп атап өтті облыс әкімі.

Өзекті тақырып бойынша толық ақпаратты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев баяндады.

Ол еңбек және сыбайлас жемқорлық заңнамасының орындалуы бойынша мониторинг барысында қызықты фактілер анықталғандығын алға тартты. Мысалы, сыбайлас жемқорлық әрекеттері фактілері бойынша жауапкершілікке тартылған мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың 9 лауазымды тұлғалары өз басшылық қызметтерін жалғастырып келген. Тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана олар өз өкілеттігін доғаруға мәжбүр болған.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы тұру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасы бойынша "Ашық бюджеттің интерактивті картасы", "Бизнесті және инвестицияларды қорғау" сияқты жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдардың басқармалары мен бөлімдеріне қарасты 900 ұйым өз бюджеттері туралы жариялады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша департамент сотқа сыбайлас жемқорлық жасаған 70 істі жолдаса, 90 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келтірілген шығын көлемі 1,2 миллиард теңгені құрап, 930 миллион мемлекетке қайтарылды. Шағын және орта бизнес қызметіне араласумен, сондай - ақ мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты қылмыстардың саны артқан, - деп атап өтті А. Әшірбаев.

Анықталғандай, мемлекеттік құрылымдар арасында жергілікті атқарушы органдар сыбайлас жемқорлыққа аса бейім. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика және ТКШ салаларында заңбұзушылыққа жол берілеуде. Сонымен қатар, жиныда құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы өткен жылы 29 қылмыстық іс қозғалғандығы да айтылды.

Ағымдағы жылдың үш айында сотқа жолданған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істердің саны 27-ге жетсе, осы бөлік бойынша 28 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Баяндамашы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2020 жылға арналған кешенді жоспарды іске асыруға байланысты бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Ол жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеті "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде халықпен тиімді кері байланыс орнату болып табылатындығына айрықша көңіл бөлді. Соңғы уақытта "Адалдық аланы" жобалық кеңсесінің жұмысында оң тәжірибе жинақталғандығын, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыру керектігі айтылды.

Басқосуда "Жамбыл – адалдық аланы" жобалық кеңсесінің жұмысы мен перспективалық бағыттары туралы аталған жобаның жетекшісі Назима Жувандыкова баяндады.

Жиынды қорытындылай келе Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептерін егжей-тегжейлі талдау және нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жүйелі, кешенді шаралар қажет. Аймақ басшысының айтуынша, бұл істе өз қарамағындағы қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының отставкасы бойынша түзетулер енгізілген заңнама айрықша негізге алынуы тиіс.

Жергілікті атқарушы органдар халық үшін ашық және қолжетімді болуға міндетті. Осыған байланысты, аудандық әкімдіктерге 1 шілдеге дейін Тараз қаласы, Меркі және Талас аудандарының әкімдіктері сияқты сервистік режимге көшу тапсырмасы жүктелді.

Өзгелердің жаңалығы