Бір жылда 25 анимациялық жоба жасалады

8 Қаңтар 2021, 17:19
3510
Бөлісу:
Бір жылда 25 анимациялық жоба жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл өзінің 10 жылдығын атап өткен Balapan балалар телеарнасы 2020 жылы жалпы 422 бөлімнен тұратын, 2309 минутты құрайтын оқу-танымдық, этнотанымдық, шытырман оқиғалы, ағартушылық жанрдағы 28 анимация анимациялық жоба өндірді.

Атап айтсақ, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ел тарихындағы маңызды оқиғалардан сыр шертетін «Менің елім» және «Бабалар ізі» анимациялық жобалары жарық көрді. Сонымен қатар «әлемнің екінші ұстазы» Әл-Фарабидің ғылымға келу жолын баяндайтын «Әл-Фараби» анимациялық сериалы да көрерменге жол тартты. Бұл – ғұламаның 1175 жылдығына орай дайындалған арнайы жоба.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атап өткендей, «Қазақстан – қызғалдақ пен алманың отаны!». Balapan телеарнасы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы негізінде биыл 10 бөлімнен тұратын «Қызғалдақтар мекені» атты анимациялық сериал түсірді. Бұл жобада әлем жұртшылығының сүйікті гүліне айналған қазақ даласының символы – қызғалдақтың Еуропаға бару жолы баяндалады. 

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында баяндалған экология және биологиялық әркелкілікті қорғау, сондай-ақ балаларға экологиялық тәрбие берудің маңызы туралы идеясы негізінде өскелең экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған арнайы жобалар да түсірілді. Атап айтсақ, балаларға экологиялық мәдениеттің алғышарттарын таныстыратын  «Әткеншек» және  өзен-көлдердің ластану мәселесі жайлы «Су астындағы оқиға» анимациялық сериалдары көрерменге жол тартты.

Balapan телеарнасы 2020 жылдан бастап жас ұрпақтың санасына отансүйгішік, батырлық, адалдық сынды ізгі қасиеттерді сіңіру мақсатында қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті саласы – батырлар жырын анимациялауға да ден қойды. Мәселен биыл «Алпамыс» және Қобыланды» батыр жырлары негізінде әрқайсысы 10 бөлімнен тұратын екі тарихи-танымдық анимациялық жоба әзірленді. «Алпамыс» 2020 жылы Amen Animation халықаралық кинофестивалінің «Үздік қоюшы суретші» номинациясының жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ биыл өндірілген жобалар – «Қалалар мен балалар» мультхикаясы еліміздегі және әлем қалаларының бүгінгі әрі кешегі келбетін танытса, «Әріптер қаласы» латын қарпіндегі жаңа қазақ әліпбиін үйретеді. «Кім болғың келеді?» жобасы арқылы кішкентай көрермендер алуан түрлі мамандықпен таныса алады. «Бетперделі батыр» анимациялық сериалы пандемия кезіндегі сақтық шараларын бала тілінде жеткізеді. Ал «Сақалар» мультхикаясы балалардың асық ойнауға қызығушылығын арттырып, ұлттық ойынды жандандыруды көздесе, «Ырысты ыдыстар» ұлттық ыдыстарымызды насихаттауды мақсат етеді. 

Айта кетерлігі, «Ырысты ыдыстар» 2020 жылы Amen Animation халықаралық кинофестивалінің «Үздік мультхикая» номинациясының жеңімпазы атанды.

Balapan 2021 жылға 25 анимациялық жоба жасауды жоспарлап отыр. Әрі қарай да жобалар өндірісі артпаса, кемімейді. Телеарна анимациялық жобалардың жекелеген жас категориясын дамытуды қолға алған. Яғни әр жастағы балаға арналған жобалар өндіреді. Жобаларды жекелеген жас категориясына сай өндіру алдағы жылдары да жүйелі түрде жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы