"Бір кеште 1,5 млн теңге жоғалттым": Құмар ойын адам психикасын қалай өзгертеді?

Букмекерлік кеңселердің айналымы 1,2 триллион теңгеден асты.

Бүгiн 2026, 16:46
АВТОР
 Арман Мухатов  ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 16:46
Бүгiн 2026, 16:46
223
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда шамамен 350 мың азамат құмар ойындарға тұрақты түрде қатысады. Оның ішінде 36 мың адам лудоманияға шалдыққан. Бұл жыл басында Туризм және спорт министрлігі ұсынған мәлімет.

Соңғы жылдары мемлекет құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтіп келеді. Борышкерлерге, әскери қызметшілерге және мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттарына бәс тігуге тыйым салынды. Алайда мәселенің ауқымы әлі де үлкен.

Букмекерлік кеңселер -  мемлекет қазынасына миллиардтаған теңге салық түсіретін бизнес түрі. Бірақ осы триллиондардың арғы жағында қарызға батқан азаматтар, күйреген отбасылар және тәуелділікпен арпалысып жүрген мыңдаған адамның тағдыры тұр.

Триллион теңге айналған нарық

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, букмекерлік бизнестің жыл сайын өсіп келе жатқанын көрсетеді.

2022 жылы елімізде 9 букмекерлік кеңсе мен тотализатор жұмыс істеп, олардың жиынтық жылдық табысы 969 млрд 800 млн теңгені құраған. 2023 жылы ұйымдар саны 11-ге жетіп, айналым көлемі алғаш рет 1,2 трлн теңгеден асқан. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн 262 млрд 700 млн теңгеге жетті.

Сонымен қатар мемлекетке түсетін салық көлемі де айтарлықтай.

2024 жылдың қорытындысы бойынша букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардан 20 млрд 300 млн теңге корпоративтік табыс салығы, 15 млрд 900 млн теңге жеке табыс салығы және 28 млрд 800 млн теңге қосылған құн салығы түскен.

2025 жылы нарықтағы ұйымдар саны өзгермегенімен, жылдық айналым 996 млрд 300 млн теңгені құраған. Мемлекет бюджетіне 64 млрд теңгеден астам салық төленген. Бірақ экономикалық көрсеткіштердің ар жағында көрінбейтін әлеуметтік шығындар жатыр.

Неліктен адам қайта-қайта ойнай береді?

Қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-нарколог  дәрігері Тоқтар Қойшыбектің айтуынша, лудомания бүгінде тек қаржылық мәселе емес, психикалық денсаулыққа тікелей әсер ететін күрделі тәуелділік.

Лудомания Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар. Бұрыннан болғанымен, қазіргі уақытта оның ауқымы әлдеқайда үлкен. XXI ғасырды тәуелділіктер ғасыры деп айтуға болады,-дейді маман.

Оның сөзінше, құмар ойынға тәуелділіктің негізінде адамның миындағы марапаттау механизмі жатыр.

Адам ұтқан кезде ерекше ләззат сезімін бастан кешіреді. Сол сезім миында бекіп қалады. Кейін адам дәл сол эмоцияны қайта іздейді. Бірте-бірте ақша оған ақша болып көрінбейді. Ол ақшаны ставка ретінде қабылдай бастайды,-дейді дәрігер.

Маманның айтуынша, қазіргі уақытта құмар ойындардың қолжетімділігі бұрынғыдан әлдеқайда жоғары.

Балалар туғаннан бастап смартфон ұстайды. Ойын ойнайды. Кейін азарт пайда болады. Одан әрі күшейе береді. Сондықтан бүгінгі қоғамда тәуелділікке түсудің жолдары өте көп,-дейді ол.

Тәуелділік адамның психикасын қалай өзгертеді?

Лудоманияның ең қауіпті тұсы - оның бірден байқалмайтынында.Алғашында адам өзін жай ғана ойынға қызығамын деп есептейді. Кейін жеңіске жету сезімі тәуелділікке айналады.

Бастапқы кезеңде адамда мазасыздық пен жабысқақ ойлар пайда болады. Кейін қарыз көбейеді. Ұйқы бұзылады. Адамның психологиялық жайлылығы жоғалады. Ол үнемі ақша, ұтыс және қарыз туралы ойлайды,-дейді Тоқтар Көшебеков.

Маманның сөзінше, ұзаққа созылған күйзеліс ақыр соңында ауыр депрессияға алып келуі мүмкін.

Кейбір адамдар психоз деңгейіне дейін жетеді. Өздерін кінәлайды, өмірден түңіледі. Кейбір жағдайда суицидтік ойлар пайда болады. Қарызын жабу үшін қылмысқа баруы мүмкін,-дейді дәрігер.

Оның айтуынша, лудоманияның ең қауіпті белгілерінің бірі – адамның өз мәселесін мойындамауы. Медицинада бұл құбылыс анозогнозия деп аталады.

Көп адам өзін тәуелдімін деп есептемейді. Бірақ ақша жоғалады, жұмыста қиындық пайда болады, отбасында жанжал көбейеді. Дәл сол кезде көмекке жүгіну керек,-дейді маман.

Неге лудомандар дәрігерге бармайды?

Қазақстанда лудоманиямен ауыратын адамдардың нақты саны белгісіз.

Әртүрлі сарапшылар олардың саны 300 мыңнан 500 мың адамға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Алайда ем іздейтіндер өте аз.

Өткен жылдың өзінде біздің орталықта бар болғаны тоғыз адам ғана ем алды. Қазір он екі адам бақылауда тұр. Бұл – мәселенің ауқымымен салыстырғанда өте аз көрсеткіш,-дейді психиатр.

Оның пікірінше, басты себептердің бірі – қоғамдағы стигма.

Бізде адамдар психиатрдан қорқады. «Психиатрға барсаң, жындыханаға түсесің» деген қате түсінік бар. Сондықтан көп адам соңғы шегіне жеткенде ғана көмек сұрайды,-дейді ол.

Маманның сөзінше, шын мәнінде психикалық денсаулық мәселесін ертерек шешкен әлдеқайда тиімді.

Адамның жаны ауырса, оны да емдеу керек. Ұялудың қажеті жоқ. Қазір мемлекеттік те, жекеменшік те орталықтар жеткілікті. Мемлекеттік орталықта сырым ашылады десеңіз, жекеге барыңыз,-дейді дәрігер.

«Бір кеште 1,5 миллион теңге жоғалттым»

Лудоманияның адам өмірін қалай өзгертетінін ем алып жатқан азаматтың оқиғасы анық көрсетеді. Маркетолог мамандығын меңгерген ол ойынға жасөспірім шағында қызыққан. Алғашында футбол матчтарына ставка қойған. Кейін букмекерлік ойындар өмірінің бір бөлігіне айналған.

Бір күні бинго ойынында алты санның бесеуі дәл келді. Бас жүлде 10 миллион теңге болатын. Сол сәттен кейін міндетті түрде ұтамын деген сенім пайда болды,-дейді ол.

Уақыт өте келе жалақысын ойынға жұмсай бастаған.Кейін несие алған.Тіпті техникасын сатып жіберген.

Бір отырғанда шамамен бір жарым миллион теңге жоғалттым. Жалпы шығын он миллион теңгеден асып кеткен шығар,-дейді кейіпкер.

Бүгінде ол ем қабылдап жүр.

Бұрын ақша табамын деп ойладым. Қазір түсіндім. Құмар ойын арқылы байып кету мүмкін емес. Соңында ұтатын адам емес, букмекерлік жүйенің өзі,-дейді ол.

90 миллион теңге қарыз: психологты таңғалдырған оқиғалар

Лудоманияның салдары кей жағдайда өте ауыр болуы мүмкін. Психолог Әсем Төрееваның айтуынша, тәжірибесінде бір түннің ішінде шамамен 20 несие рәсімдеген адам болған. Тіпті 90 миллион теңге қарызға кіріп кеткен жағдайлардың болғанын айтады.

Ем қабылдап жүрген бір азамат түнгі ломбардқа жұмысқа орналасқанын айтты. Сол жерде матч алдында жастардың өздерінің телефондарын кепілге қойып, түскен ақшаны ставкаға тігетінін көрген. Ал таңертең сол телефондарды туыстары келіп сатып алатынын айтты, – дейді психолог.

Оның айтуынша, құмар ойынның кесірінен үйінен бірнеше мың шақырым қашықтықта қалып, іс жүзінде баспанасыз күйге түскен азаматтар да кездеседі. 

Лудоманияның түп-тамыры қайда жатыр?

Маман да, емделуші де мәселенің түбі ақшада емес деген пікірді жеткізді.

Кез келген тәуелділіктің артында ішкі бос кеңістік болады. Адам өзін қабылдамайды, өмірін қабылдамайды. Ал ойын оған өзін ерекше сезінуге мүмкіндік береді,-дейді емделуші.

Психиатрдың пікірінше де, тәуелділік көбіне жалғыздық, түсінбеушілік және өмірге деген қызығушылықтың жоғалуынан басталады.

Кейде адамның ақшасы да, жұмысы да, отбасы да бар. Бірақ өмірден ләззат алмайды. Сол кезде жасанды эмоция іздей бастайды. Лудомания сол қажеттілікті уақытша толтырады. Адамда ішкі бақыт гармоны толық болмаған кезде, ол оны сырттан іздей бастайды.Бақыт гармоны - ол сүйікті ісі, жұмысы, арманы мен мақсатының болуы,- дейді дәрігер.

Ем бар, бірақ алғашқы қадамды адамның өзі жасауы керек

Тоқтар Қойшыбектің айтуынша, лудомания емделетін ауру. Бірақ емнің нәтижесі адамның өз мәселесін мойындауына тікелей байланысты.

Ем бірнеше кезеңнен тұрады. Ол диагностика, психотерапия, қажет болған жағдайда дәрі-дәрмекпен емдеу,топтық терапия, отбасылық психотерапия және кейінгі бақылау.

Ең бастысы, адам жалғыз қалмауы керек. Біздің қателігіміз де сонда. Осындай жағдайға кездескен адамды біз қоғам болып жазғырамыз, отбасында оны айта береміз. Отбасы оны үнемі кінәлай бермей, қолдауы қажет. Қолдау болған жерде сауығу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады,-дейді маман.

Дәрігердің сөзінше, толық сауығудың басты көрсеткіші – адамның өмірінде ойыннан басқа мақсаттардың пайда болуы.

Егер бір жылдан кейін адамның өмірінде жаңа қызығушылықтар, жаңа мақсаттар қалыптасса, біз оны тәуелділіктен шықты деп есептейміз,-дейді ол.

Ал психолог Әсем Төреева лудоманиядан айыққан адамның қайтадан ойынға оралу қаупі жоғары екенін айтады.

Қарыз, күйзеліс, жұмыссыздық немесе отбасындағы жанжал сияқты жағдайлар адамды қайтадан ойынға итермелеуі мүмкін. Сондықтан емдеу барысында маман көмегімен қатар жақындарының қолдауы да өте маңызды,- дейді

Қазақстанда букмекерлік бизнес триллион теңгелік нарыққа айналды. Ол бюджетке ондаған миллиард теңге салық әкеліп отыр. Бірақ экономикалық көрсеткіштердің тасасында мыңдаған адамның тағдыры тұрғанын ұмытпау керек.

Лудомания - психикалық денсаулыққа әсер ететін тәуелділік. Білікті дәрігер сөзінен оған қарсы күрестегі басты қадам – мәселені дер кезінде мойындау және ұялмай көмек сұрай екенін ұғуға болады. Өйткені ұтылған ақша қайтып келмеуі мүмкін. Ал жоғалған уақыт пен бұзылған тағдырды қалпына келтіру әлдеқайда қиын дейді мамандар.

Наверх