"Бір спортшының қасында 10 адам жүреді". Ардақ Назаров Америкада көрген тәжірибесін айтты

1 Ақпан 2024, 15:39
3270
Бөлісу:
"Бір спортшының қасында 10 адам жүреді". Ардақ Назаров Америкада көрген тәжірибесін айтты
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров комитеттің отырысында спортшының қасында жүретін медицина мамандарын даярлау керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елімізде спорт медицинасын дамыту мәселесі қалай жүргізіліп жатыр? Мамандардың деңгейі қандай? Жұмысты бастадыңыздар ма? 2008 жылы Бейжіңде өткен олимпиаданы білесіздер. Сол кезде Қытайдың ұлттық құрамасында біздің батырымыз Қанат Ислам болды. Қытайды сол жылы Бейжің олимпиадасын өткізу үшін 2000 жылы мамандарын Америкаға жіберіп оқытты. Яғни спорт медицинасын, фармацевтиканы, дәруменді қалай беріп, қалай қадағалау керек – осының бәрін оқытуға жіберді. Оқып келгеннен кейін жұмысқа 5-6 жыл бұрын кірісті. Нәтижесін өздеріңіз жақсы білесіздер, - деді депутат.

Депутат 2024 жылғы олимпиадаға санаулы ай ғана қалғанына назар аударды.

Қазір алып жатқан лицензиямыз жоқтың-қасы. Өте мүшкіл жағдайда. Кешегі Азияда ойындарының жағдайы анау. Енді халық Олимпиада ойындарынан қандай нәтиже көрсететінімізді күтіп отыр. Қазір енді сіздер (Туризм және спорт министрлігі – ред.) спорт медицинасын қолға алып, мамандарды Америкаға, Англияда оқытып алсаңыздар, болашақта Олимпиадаға мамандарымыз дайын тұрады. Қазір Олимпиададан, Әлем чемпионатынан орын алып жатқан жігіттеріміз тек қана өзінің намысымен, рухымен, батырлығымен алып келіп жатыр. Оларды қолдайтын қосымша фармацевтика жоқ, - деп айтты Ардақ Назаров.

Мәжілісмен қазір ХХІ ғасыр екенін еске салып, әлем дамып кеткенін айтты.

Шетелдік спортшылардың жейтін-ішетінін өзім Америкада болғанда көрдім. Бір спортшының қасында 10 адам жүреді: массаж жасайтын, дәрумен беретін, медик мамандары. Сондықтан спортшының қасында осылай мамандарды қоймай, бейшара болғанымыз бейшара. Сондықтан осы мәселені дамытып қолға алу керек, - деп ұсынды Ардақ Назаров Мәжілісте.

Депутаттың бұл сұрағына Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жауап берді.

Қазір бізде спорт медицина мамандарын даярлау бойынша тізімге енгізілді. Асфендияров пен Астана медициналық университетінде ондай мамандарды оқытамыз. Қазіргі уақытта республикада бір ғана медицина орталығы бар. Заң аясында оған ұлттық статусын бергелі жатырмыз. Шетелде олардың біліктілігін арттыру бойынша ұсынысыңызды қарастырамыз, - деп айтты вице-министр.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы