- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Бір палата, 145 депутат: Жаңа Құрылтайда шешімдер қалай қабылданады?
Бір палата, 145 депутат: Жаңа Құрылтайда шешімдер қалай қабылданады?
Жаңа Конституция Құрылтайдың өкілеттігі мен басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібін нақты белгілейді.
20 Тамыз 2026, 15:40
Қазақстан екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшті. Енді заң шығару процесі бір органның ішінде жүреді. Алайда бұл барлық шешімді Құрылтай жалғыз қабылдайды деген сөз емес. Жаңа Конституцияда оның дербес өкілеттіктерімен қатар, Президентпен және басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асыратын тетіктері де белгіленген. Жаңа заң шығарушы органның жұмысы қалай ұйымдастырылады? Толығырақ BAQ.KZ шолуында.
Құрылтай қалай жасақталады?
2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап күшіне енді. Соған сәйкес Қазақстанның заң шығарушы билігінің құрылымы өзгеріп, бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келді.
Жаңа жүйеде заң қалай қабылданады? Құрылтай төрағасын кім сайлайды? Депутаттар Үкімет жұмысына қалай ықпал ете алады? Қай шешімді Құрылтай өзі қабылдап, қай мәселеде Президенттің немесе басқа мемлекеттік органдардың қатысуы қажет?
Жаңа Конституция бойынша Құрылтай – Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган.
Ол 145 депутаттан тұрады. Депутаттар біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен сайланады. Олардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Құрылтай депутаты болу үшін Қазақстан азаматы кемінде 25 жаста болуы және ел аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұруы керек.
Кезекті шақырылымдағы Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталып, келесі шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы жұмысын бастаған кезде аяқталады. Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі де бес жыл болып белгіленген.
Жаңа модельдің бұрынғы Парламенттен басты құрылымдық айырмашылығы да осында. Бұған дейін заң шығару билігі Мәжіліс пен Сенаттан тұратын екі палаталы Парламент арқылы жүзеге асса, енді бұл міндет бір палаталы Құрылтайға жүктеледі.
Құрылтай жұмысы қалай ұйымдастырылады?
Құрылтай жұмысының негізгі нысаны – сессия.
Сайлау қорытындысы жарияланғаннан кейін Президент Құрылтайдың бірінші сессиясын белгіленген мерзімде шақырады. Құрылтай төрағасы сайланғанға дейін бірінші сессиядағы отырыстарды Орталық сайлау комиссиясының төрағасы жүргізеді.
Кезекті сессия қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін жалғасады.
Сессиялар арасындағы кезеңде кезектен тыс сессия өткізілуі мүмкін. Ол Конституцияда белгіленген субъектілердің бастамасымен шақырылады және мұндай жағдайда кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер қаралады.
Құрылтай отырыстары, негізінен, ашық өтеді. Заңнамада көзделген жағдайларда жабық отырыс өткізуге де мүмкіндік бар.
Төрағаны Құрылтай сайлайды, кандидатты Президент ұсынады
Құрылтайды депутаттар арасынан сайланатын төраға басқарады.
Бұл жерде өкілеттіктер екіге бөлінеді: Құрылтай төрағасы лауазымына кандидатты Президент ұсынады, ал оны сайлау туралы шешімді депутаттар қабылдайды.
Дауыс беру жасырын түрде өтеді. Кандидаттың сайлануы үшін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысы қажет.
Құрылтай төрағасы отырыстарды шақырып, оларға төрағалық етеді, қаралатын мәселелерді дайындауға жалпы басшылық жасайды, Регламенттің сақталуын қамтамасыз етеді, Құрылтай Бюросының қызметін басқарады және Құрылтай қабылдаған актілерге қол қояды.
Яғни Құрылтай төрағасы Президенттің жеке шешімімен тағайындалмайды. Мемлекет басшысы кандидат ұсынады, ал түпкілікті шешімді депутаттар дауыс беру арқылы қабылдайды.
Заң жобасы жалпы отырысқа бірден түспейді
145 депутаттың барлық заң жобасын тек жалпы отырыста қарауы көзделмеген. Құрылтайдың күнделікті заң шығару жұмысының елеулі бөлігі оның жұмыс органдарында атқарылады.
Құрылтайда Бюро, тұрақты комитеттер және комиссиялар жұмыс істейді.
Бюро Құрылтай жұмысын ұйымдастыруға қатысады, тұрақты комитеттер мен комиссиялардың қызметін үйлестіреді және отырыстарда мәселелерді қараудың кезектілігіне қатысты ұсыныстар әзірлейді.
Заң жобаларымен негізгі жұмыс тұрақты комитеттерде жүреді. Олар депутаттар арасынан құрылады. Комитеттердің саны мен атауын Құрылтай айқындайды, бірақ олардың саны сегізден аспауға тиіс.
Әр депутат бір тұрақты комитеттің құрамында жұмыс істей алады. Ал Құрылтай төрағасы мен оның орынбасарлары тұрақты комитеттердің құрамына кірмейді.
Комитеттердің негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларын және Құрылтай құзыретіне жататын өзге мәселелерді алдын ала қарап, жалпы отырысқа дайындау.
Комиссиялар нақты мәселелерді шешу үшін құрылуы мүмкін. Оларды құру кезінде міндеттері, құрамы мен жұмыс мерзімі айқындалады.
Демек бір палаталы жүйеге көшу заң жобаларын алдын ала кәсіби талқылау кезеңін жоймайды. Екі палата арасындағы қарау тетігінің орнына Құрылтай ішіндегі комитеттік жұмыс пен жалпы отырыстағы талқылау негізгі рөл атқарады.
Заң жобасын кім ұсына алады?
Жаңа Конституция заң шығару бастамасы құқығын төрт субъектіге береді.
Олар – Президент, Құрылтай депутаттары, Үкімет және Қазақстан Халық Кеңесі.
Бұл құқық Құрылтайда жүзеге асырылады. Яғни заң жобасын осы субъектілер ұсына алады, ал оны қарау және заң ретінде қабылдау Құрылтайдың құзыретіне жатады.
Президенттің белгілі бір заң жобасын басым тәртіппен қарауды белгілеу құқығы да сақталған. Мұндай жобалар Конституцияда белгіленген тәртіппен бірінші кезекте қаралады.
Осылайша заң жобасын енгізетін субъект пен оны қабылдайтын орган бір нәрсе емес. Заң шығару бастамасы бірнеше мемлекеттік институтқа берілгенімен, заңды қабылдайтын жоғары өкілді орган – Құрылтай.
Заң қалай қабылданады?
Бір палаталы модельдің ең маңызды ерекшелігі осы жерде байқалады.
Бұрын заң жобасы Мәжілісте қаралып, одан кейін Сенатқа өтетін. Енді заң шығару процесінің негізгі кезеңдері Құрылтай ішінде жүреді.
Алдымен заң жобасы енгізіледі. Одан кейін тиісті тұрақты комитеттер оны алдын ала қарап, жалпы отырысқа дайындайды. Құжат Құрылтай отырысында талқыланып, дауысқа салынады.
Конституцияда өзгеше белгіленбесе, заң Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады.
Ал конституциялық заңды қабылдау үшін жоғары талап қойылған – депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі қолдауы керек.
Бірақ Құрылтайда дауыс берумен заң шығару процесі аяқталмайды.
Қабылданған заң Президентке қол қоюға жіберіледі. Демек бір палаталы жүйеде заңды екінші палата қайта қарамайды, алайда Президенттің заң шығару процесіндегі конституциялық өкілеттігі сақталады.
Президент заңмен келіспесе не болады?
Президент Құрылтай қабылдаған заңға қол қоя алады немесе оған толықтай не жекелеген баптарына қарсылық білдіріп, қайта талқылауға жібере алады.
Мұндай жағдайда Құрылтай Президенттің қарсылығын қайта қарайды.
Қарапайым заң немесе оның жекелеген баптары бойынша Президенттің қарсылығын еңсеру үшін Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі бұрын қабылданған шешімді қолдауы қажет.
Ал конституциялық заңға немесе оның жекелеген баптарына қатысты Президент қарсылығын еңсеру үшін депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысы қажет.
Егер белгіленген мерзім ішінде Құрылтай Президенттің қарсылығын қарамаса, қарсылық қабылданған болып есептеледі.
Ал қажетті дауыс жиналмаса, конституциялық заң немесе заң қабылданбады не Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі.
Осылайша бір палаталы жүйеде де Президенттің заңды қайта қарауға жіберу тетігі сақталған. Бірақ Құрылтай Конституцияда белгіленген жоғары дауыс шегін жинаса, Президенттің қарсылығын еңсере алады.
Құрылтай қандай шешімдерді өзі қабылдайды?
Жаңа жүйені түсінудің ең оңай жолы – Құрылтайдың дербес қабылдайтын шешімдері мен басқа мемлекеттік институттардың қатысуын қажет ететін өкілеттіктерін ажырату.
Құрылтай заңдар мен конституциялық заңдарды қабылдайды, өзінің Регламентін бекітеді, жұмыс органдарын құрады, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты есептерін қарайды.
Сондай-ақ Құрылтай соғыс және бітім мәселелерін шешуге қатысады, Конституцияда белгіленген тәртіппен Қарулы Күштерді қолдануға қатысты шешім қабылдайды.
Құрылтай Конституциялық Соттың елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.
Бұдан бөлек, Құрылтай Үкіметке сенімсіздік білдіру тетігін пайдалана алады. Мұндай бастаманы депутаттардың жалпы санының кемінде бестен бірі көтере алады. Сенімсіздік білдіру туралы шешім қабылдау үшін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысы қажет.
Демек Құрылтайдың қызметі тек заң қабылдаумен шектелмейді. Конституция оған бюджет, Үкімет жұмысына парламенттік бақылау және бірқатар мемлекеттік шешімдерге қатысу өкілеттіктерін де береді.
Үкімет Құрылтай алдында қалай есеп береді?
Жаңа Конституцияда Құрылтайдың Үкіметке қатысты бірнеше бақылау тетігі бар.
Соның бірі – республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп.
Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуына қатысты есептерін қарайды. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітпеу Үкіметке сенімсіздік білдіру ретінде бағаланады.
Бұдан бөлек, депутаттардың жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасымен Үкіметке сенімсіздік вотумы туралы мәселе көтерілуі мүмкін. Оны қабылдау үшін депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс беруі қажет.
Жекелеген Үкімет мүшелеріне қатысты да жеке бақылау тетігі қарастырылған.
Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Үкімет мүшесінің өз қызметі туралы есебі тыңдалуы мүмкін.
Егер есеп қорытындысында Үкімет мүшесінің заңдарды орындамағаны анықталса, Құрылтай депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен Президентке оны қызметінен босату туралы өтініш білдіре алады.
Осылайша депутаттардың атқарушы билікке ықпал ету құралы тек жалпы Үкіметке сенімсіздік білдірумен шектелмейді. Конституция Үкіметтің жекелеген мүшесінің қызметін қараудың да жеке рәсімін белгілейді.
Премьер-Министрді Құрылтайдың келісімінсіз тағайындауға бола ма?
Премьер-Министрді Президент тағайындайды. Бірақ бұл шешімге Құрылтай қатысады.
Конституцияда белгіленген рәсім бойынша Президент Премьер-Министр кандидатурасын Құрылтайға ұсынады. Кандидат депутаттардың келісімін алғаннан кейін ғана Мемлекет басшысы оны қызметке тағайындайды.
Мұнда өкілеттіктердің ара-жігі анық: Құрылтай Премьер-Министрді өзі тағайындамайды, бірақ кандидатураға келісім береді. Ал түпкілікті тағайындау туралы актіні Президент қабылдайды.
Бұл – Құрылтайдың дербес шешімі мен басқа мемлекеттік органмен бірлесіп жүзеге асыратын өкілеттігінің арасындағы айырмашылықты көрсететін мысалдардың бірі.
Вице-Президентті тағайындауға да Құрылтай қатысады
Жаңа Конституциядағы маңызды өзгерістердің бірі – Вице-Президент институтының болуы.
Вице-Президентті Президент тағайындайды. Алайда бұл үшін де Құрылтайдың келісімі қажет.
Яғни Премьер-Министр жағдайындағыдай, Вице-Президентті тікелей Құрылтай сайламайды. Құрылтай кандидатураға келісім береді, ал тағайындау туралы шешімді Президент қабылдайды.
Бұл норма жаңа жүйеде жоғары мемлекеттік лауазымдарды қалыптастырудың бірқатар мәселесіне заң шығарушы органның қатысатынын көрсетеді.
Құрылтай келісім неге береді?
Құрылтайдың келісімі Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғары аудиторлық палатаның Конституцияда белгіленген мүшелерін тағайындау кезінде де қажет.
Мұнда «келісім беру» мен «тағайындау» ұғымдарының айырмашылығын ескеру маңызды.
Құрылтай кандидатураға келісім береді, ал тиісті лауазымға тағайындау Президенттің өкілеттігі болып қалады.
Яғни мұндай жағдайда Құрылтай соңғы тағайындаушы орган емес. Бірақ оның келісімінсіз Конституцияда осындай рәсім көзделген лауазымдарға тағайындау жүзеге аспайды.
Жоғарғы Сот судьяларына қатысты тәртіп өзгеше
Жоғарғы Сот судьяларына қатысты механизм басқа.
Олардың кандидатураларын Президент ұсынады, бірақ судьяларды сайлау және қызметінен босату туралы шешімді Құрылтай қабылдайды.
Осы тұста «келісім беру» мен «сайлаудың» құқықтық айырмашылығы анық көрінеді.
Премьер-Министр немесе Вице-Президент мәселесінде Құрылтай келісім бергеннен кейін соңғы тағайындауды Президент жүзеге асырады.
Ал Жоғарғы Сот судьяларына қатысты түпкілікті сайлау туралы шешім Құрылтайдың өзінде қалады.
Сондықтан жаңа жүйедегі кадрлық өкілеттіктердің бәрін «Құрылтай тағайындайды» деп бір сөзбен сипаттау дұрыс емес. Әр лауазымға Конституцияда бөлек рәсім белгіленген.
Депутаттың негізгі құралдары қандай?
Құрылтай депутатының қызметі заң жобасына дауыс берумен ғана шектелмейді.
Депутат Құрылтай мен өзі кіретін жұмыс органының отырыстарына қатысады, қаралатын мәселелер бойынша ұсыныстар енгізеді, өз пікірін білдіреді, баяндамашыларға сұрақ қояды және депутаттық сауал жолдай алады.
Олар Үкімет қызметіне қатысты мәселелер көтеріп, Конституция мен заңда көзделген бақылау тетіктерін пайдалана алады.
Сонымен бірге депутат Құрылтай жұмысына жеке қатысуға міндетті. Өзінің дауыс беру құқығын басқа депутатқа беруге болмайды.
Осылайша депутат мәртебесінің екі жағы бар: бір жағынан, оған заң шығару және мемлекеттік органдар қызметін бақылау құралдары беріледі, екінші жағынан, Құрылтай жұмысына тікелей қатысу міндеті жүктеледі.
Құрылтай жалғыз шешпейтін мәселелер қандай?
Жаңа Конституциядағы өкілеттіктердің бөлінуін бірнеше қарапайым мысалмен көрсетуге болады.
Заңды Құрылтай қабылдайды, бірақ құжат Президентке қол қоюға жіберіледі.
Құрылтай төрағасын депутаттар сайлайды, бірақ кандидатураны Президент ұсынады.
Премьер-Министр мен Вице-Президентті Президент тағайындайды, бірақ оған дейін Құрылтайдың келісімі қажет.
Жоғарғы Сот судьяларына кандидаттарды Президент ұсынады, ал оларды Құрылтай сайлайды.
Конституциялық Сот судьяларын және Конституцияда көрсетілген бірқатар мемлекеттік органдардың мүшелерін Президент тағайындайды, бірақ Құрылтайдың келісімі талап етіледі.
Яғни бір палаталы жүйеге көшу мемлекеттік шешімдердің бәрі бір органның қолына берілді дегенді білдірмейді. Конституция әр мәселе бойынша Құрылтай мен басқа мемлекеттік институттардың қатысу тәртібін жеке белгілейді.
Президентке қатысты ерекше рәсім
Мемлекет басшысының жауапкершілігіне қатысты ерекше рәсім де Конституцияда жеке көзделген.
Президентті мемлекетке опасыздық жасады деген негізбен қызметінен кетіру мәселесін қарау үшін депутаттардың бастамасы ғана жеткіліксіз. Бұл рәсімге Құрылтаймен қатар Жоғарғы Сот пен Конституциялық Сот та қатысады.
Жоғарғы Сот тағылған айыптың негізділігі туралы қорытынды береді, ал Конституциялық Сот белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталуына қатысты қорытынды жасайды.
Түпкілікті шешім Құрылтайда жоғары дауыс шегімен қабылданады.
Бұл механизм де Конституциядағы билік институттарының өзара қатысу қағидатын көрсетеді: аса маңызды мемлекеттік шешімді қабылдау бір ғана органның әрекетімен шектелмейді.
Бірпалаталы жүйенің басты айырмашылығы неде?
Жаңа Құрылтай моделіндегі ең көзге түсетін өзгеріс – заң шығару процесінде екінші палатаның болмауы.
Бұрын заң жобасы Мәжіліс пен Сенат арқылы өтетін. Енді заң жобасын қараудың негізгі құқықтық және саяси алаңы – Құрылтайдың өзі. Құжаттар тұрақты комитеттерде алдын ала қаралып, бір палатаның жалпы отырысында талқыланып, дауысқа салынады.
Алайда жаңа жүйені тек «екі палатаның орнына бір палата келді» деп түсіндіру жеткіліксіз.
Құрылтай заң қабылдайды, бюджеттің атқарылуын қарайды, Үкіметке сенімсіздік білдіре алады, Үкімет мүшесінің есебін тыңдайды, бірқатар жоғары мемлекеттік лауазымдарға кандидатураларға келісім береді немесе оларды сайлайды.
Сонымен қатар Конституция маңызды мемлекеттік шешімдерде Президенттің, Үкіметтің, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және басқа мемлекеттік институттардың қатысуын сақтап отыр.
Сондықтан жаңа модельдің басты ерекшелігі тек депутаттар саны немесе палаталардың қысқаруында емес. Негізгі өзгеріс – заң шығару процесінің бір палаталы Құрылтайға шоғырлануында және сонымен қатар мемлекеттік биліктің басқа институттарымен шешім қабылдау рәсімдерінің Конституцияда нақты бөлініп көрсетілуінде.
Ең оқылған:
- Зейнетақы жинақтарын 100% аудару: 7 қыркүйектен бастап Қазақстанда жаңа ереже күшіне енеді
- Қатты жаңбыр мен +41°С ыстық: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады?
- Тоқаев тоғыз елдің елшісінен сенім грамоталарын қабылдап, Қазақстанның басты ұстанымын айтты
- Теңге нығайды: Доллар қанша тұрады?
- Таразда тәрбиеші аутизмі бар баланы қол-аяғын байлап ұйықтатпақ болған
Мақпал ОРЫНБЕК