Бір күнде 20 млн теңге тұратын көлігін ұтылып қалды. Құмар ойынға салынғандар емделе ме?

9 Қазан 2020, 13:31
4636
Бөлісу:
Бір күнде 20 млн теңге тұратын көлігін ұтылып қалды. Құмар ойынға салынғандар емделе ме?
EX

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ғалымдар құмар ойындарға патологиялық тартымдылық психикалық ауытқуға жататынын айтады. Халықаралық аурулар классификациясының 10-шы тармағында бұл ауру әлеуметтік жағдайға қарамастан үнемі құмар ойын ойнап, оның күшейіп отыратынымен байланысты екені айтылған.

Алайда барлық елде ойынға тәуелділік ауру деп саналмайды. Ресей мен АҚШ-та ол ресми диагностикалық анықтамалыққа енгізілген. Еуропаның көптеген елдерінде бұл мәселеге кешірімділікпен қарайды, олар ойынға тәуелдікті жаман әдеттің бір түрі деп есептейді екен.

Шетелде ойынға тәуелділік мәселесіне шамамен 30 жыл бұрын назар аударылды. АҚШ-тағы ойынға тәуелдікті америкалық психиатрлар қауымдастығы ересек тұрғындардың 2-3%-ына әсер ететін психикалық аурулар тізіміне қосады. Ойынға тәуелділіктің бес жағдайының төртеуі ер адамдарға тиесілі (негізінен 20-30 жас аралығында) және 90% - дан астамы жасөспірім кезінен бастап ойнай бастайды. Тәуелді ойыншылар көп ақша мен күш жұмсайды, сонымен қатар жеңіске жету үшін белсенді ойлау әрекеттерін жасайды.

Венгриялық психоаналитик Шандор Ференци оған «инфантильді құдіреттің гипотезасы» деп аталатын тағы бір түсініктеме берді. Ференци кішкентай бала өзінің дәрменсіздігі туралы білмейтінін айтады.

Ол өзін тамақтандыруға, киім ауыстыруға және көңіл көтеруге бұйрық беру арқылы ересектердің мінез-құлқын басқарады. Бірақ уақыт өте келе, бала жүруді үйреніп, құлап, жарақаттанған кезде «құдіреттің» елесі тарала бастайды. Көпшілігі балабақша жасына қарай өзінің қуатты емес екеніне көз жеткізеді. Бірақ уақыт өткен сайын ол қайта жанданып отырады, мысалы, ойын кезінде қажет сандарды тауып алатынын елестетеді. Бір кездері Казинода немесе биржада ойнаған кез келген адам сәттілікке деген абсолютті сенімділік сезімін біледі, бұл нәресте кезден қалған сезім, - деп түсіндіреді ол.
Психоаналитикадан басқа, ойыншылардың мінез-құлқын басқаша да түсіндіруге болады.

Ойынға деген құштарлық тәуекелге бейімділік немесе әсерлі эмоцияның жетіспеуінен де тууы мүмкін. Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, құмар ойындарды көбінесе екі типтегі адамдар ойнайды.

Олардың басым бөлігі қарабайыр әрі бірсарынды мамандықтардың (есепші, кітапханашы, ветеринар) иесі болады. Ал қалғандары тәуекелі жоғары жұмыстарда (полиция, биржалық брокерлер, хирургтар) қызмет етеді. Бірінші санаты күнделікті өмірді әсерлі ету үшін, екінші санаттағылар тәуекелге баруды тұрақты әдетке айналдырғаннан құмар ойынға әуестенеді екен.

Балалар мен ересектер арасында жүргізілген генетикалық зерттеулер адам популяциясында эндорфин синтезінің қарқынында белгілі бір айырмашылықтар бар екенін көрсетті. Опиоидты пептидтерді бұзатын ферменттер (катализаторлар) бар екені белгілі болды. Тәуелділікке бейім адамдарда бұл ферменттің белсендігі жоғары, оның нәтижесі ләззат пен жағымды эмоцияларды қамтамасыз ететін опиоидтардың жетіспеушілігіне алып келеді.

Құмар ойынның әсерінен көп отбасының ойраны шыққаны да белгілі. 23 жасар Айсәуле Меңдешева құмар ойындарға тәуелдікпен 21 жасында бетпе-бет кездескен. Күйеуін құмар ойыннан арылта алмаған қазақстандық түбі онымен ажырасып кеткенін айтты.

Кездесіп жүрген кезеңде оның ойын ойнайтынынан мүлдем хабарсыз болдым. Бастапқыда оның ойын ойнап жүргені білінбейтін еді. Себебі ол жұмыс істеп жүрді. Оған қоса, менің оқуым болды. Қосымша кәсібім де бар болатын. Тек қарым-қатынасқа ден қоймаған едім. Одан бөлек, қосымша испан тілін меңгеріп, йогамен айналысып жүрдім. Онымен күнде кездесе бермейтін едік. Өте бір қарбалас кезең болды. Сол үшін де 2 жылға жуық уақыт кездессек те, оның ойынға деген тәуелдігін аңғармадым, - дейді Айсәуле.
Меңдешева айтқандай, жолдасымен қосылып, отау құрған соң істің мән-жайы ашыла бастаған.
Бірінші күннен бастап, алдаулар басталды. Өтірігі шындыққа жанаспай жатты. Қайда кететіні белгісіз, бірге кеттім деген достары онымен емес, басқа жақта жүргенін біліп жүрдім. Сосын таныстарым «сенің жолдасыңың құмар ойын ойнап жүргенін көрдім» дегенді айта бастады. Қаражат жетіспейтін болды. Ол ақшаның қайда кеткенін түсіндіру үшін ойдан бірдеңе құрастырып айтатынды шығарды. Осындай жағдайлар қайталанып кетті. Осылайша, бір күннің ішінде 20 млн теңге тұратын көлігінен ұтылып келген жағдай болды. Оны да әсірелеп, «бір бизнес ашуға салдым, кейін болмай қалды» деп түсіндірді. Осы кезде оның құмар ойын ойнайтынына көзім жетті, - дейді ол.
Айсәуле айтқандай, кейін жолдасы ставка қойып ойнайтынын өзі мойындаған.
Біраз уақыт «мен енді қоям» деп жүрді. Отбасылық өмірдің бастамасы болған соң, оңалып кетер деп кешірдім. Алайда одан кейін де бірқатар жағдай болды. Несие, тағы басқа дүниелерге төленетін қаржы үшті-күйлі жоқ болатын еді. Ол кезде ол жұмыссыз жүрген. Маған ол қаражатты күшті жұмысқа тұру үшін бердім деп айтты. Ойнайтын адамдар адам психологиясын меңгеріп алған, манипуляция жасап, өзіне сендіртетін, - деді ол.
Меңдешева ойыннан жеңіліп келген кездегі жолдасының мінез-құлқы өзгеріп шығатынын айтты.
Менің косметикамен айналысатын шағын бизнесім бар еді. Оны шұғыл түрде сату керек болды. Себебі біздің несиеміз бар еді. Ол кезде ол да жұмыссыз. Мен де бизнесті сатқан соң пайдасыз болдым. Ол бизнестің ақшасы үйде тұратын. Кейін несие төлеуге алайын десем, ақша жоқ. Жолдасымнан сұрасам, мойнына алмайды. Енді үйде екеуміз ғана болғандықтан, оның алғаны ақиқат еді. Кейін өзі де мойындады. Бірақ оны ұтылып қалғанын мойындамады. Менің туған-туыстарым мен достарымнан да қарызға ақша сұрап жүрген екен. Мен ондай тірлігінің барлығын ажырасқан соң білдім, - дейді ол.
Мамандар ойынға құмарлықты емдеуге болатынын айтады. Ойынға деген тәуелдік басталғанын сезсеңіз, психиатрдың көмегіне жүгіну қажетін айтады. Себебі тәуелді адам өзінің тәуелді екенін ешқашан мойындамайды.

Өзгелердің жаңалығы