Бір-бірімізбен қимай қоштастық. Ауған асуында от кешкен ардагер

16 Ақпан 2023, 09:45
2196
Бөлісу:
Бір-бірімізбен қимай қоштастық. Ауған асуында от кешкен ардагер
Фото: Ұлттық ұлан

Өткеннің бәрін еске салатын шежірелі тарих беттерінде еліміздің өмірінен өшпейтін әртүрлі оқиғалар өтті, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Сонау кеңестік дәуірде еліміз өзге бауырлас елдермен бірге бір мақсат пен мүддеге қызмет атқарған кезеңдердегі соғыстардың бірі - Ауғанстан елінде болған еді. Ауған жерінің асуында қан төккен кеңес әскерлерінің қатарында, қазақстандық сарбаздар да болды. 

Бейбіт өмірде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген өрімдей жас жігіттер осы бір соғыстың мән-жайын ұғар-ұқпастан кете барды. Олардың бір ғана міндеті - бала жастан санамызға сіңірілген патриоттық тәрбие - Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді.
Қарапайым ғана халықтың жаймашуақ өміріне қаралы хабар мен қайғы әкелген бұл соғыстың зардабы мен зары отандастарымыздың жүрегінде жазылмас жараға айналғаны қашан...

Қазақ жерінен Ауғанстанға 22 269 сарбаз жіберілді. Олардың 920-сы майдан даласында опат болса, 21 сарбаз із-түзсіз жоғалып, 1 015 жас елге мүгедек болып оралды.

Әр жылы Кеңес әскерінің тау бөктеріндегі далалы елдің аймағынан шығарылған күнінде қыршынан қиылып қалған қысқа ғұмырлы батыл өрендерімізді еске алғанда қытымыр қыстың соңғы айы ақпанның аязымен бірдей жанымызды қарып өтері рас. 

Сол бір беймәлім соғыстың сарсаңын бастан өткеріп, аман оралғандардың қатарында жігері мұқалмай, Ұлттық ұлан сапында әскери қызметін жалғастырып, бүгінде ардақты ардагерлеріміз қатарында жүрген абзал азаматтарымыз да баршылық.

Бір-бірімізбен қимай қоштастық. Ауған асуында от кешкен ардагер

Солардың бірі – 6506 әскери бөлімі ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметінде жүріп тағылымды тәжірибесімен әскери қызметшілерімізбен бөлісіп, оларды ерлік пен өрлікке тәрбиелеп жүрген запастағы прапорщик Самарский Владимир Иванович.

Қарапайым отбасыдан шыққан батыр ардагер

1950 жылы 26 қазанда қарапайым қорғасын зауытының жұмысшыларының отбасында дүниеге келеді. 8 жасында алғаш мектеп табалдырығын аттаған Владимир 9 сыныпты 1967 жылы аяқтап шығады. Алғашқы еңбек жолын Шымкент тоқыма заводында слесарь жөндеуші болып бастайды. 1969 жылы Польша Республикасында орналасқан 61412 әскери бөліміне мерзімдік қызметін атқарады. Екі жыл көлемінде жүргізуші қызметін атқарып «кіші сержант» шенімен аяқтап шығады. Әскерден оралған соң да, тоқыма зауыттағы жұмысын жалғастырады. Біраз жылдар өткен соң қызметтіне байланысты Наманган қаласына көшіп барып, сонда тоқыма фабрикасында жұмыс істейді. Үйленіп отбасын құрады да туған жерге қайта оралады. Шымкенттегі автобазада жүргізуші болып көптеген жылдар қызмет атқарады. 1976 жылы қаңтар айында 6506 әскери бөлімінің автопаркінде әскери қызмет жолын жанар-жағар май аппаратурасының нұсқаушысы лауазымында бастайды. 

Ауғанстан еліне аттандырды...

Прапорщик Владимир Иванович Самарский өзінің алғаш Ауғанстан еліне жауынгерлік қызмет атқаруға шақырған күнін есіне алды.

1980 жылы тамыз айында әскерлер басқармасынан маған алғашқы қоңырау түсті. Менен батальон командирі баратын жаққа баруға келісесіз бе деп сұрады. Алайда батальон командирінің қайда баратынын біз жасырын болса да біліп жүретінбіз. Отбасыммен келісіп жауабын беретінімді баяндадым да, телефонды қойдым. Сол кездерде Ауғанстан жеріне Кеңес әскерінің әртүрлі топтары барып қызмет етіп жүргені туралы білетінбіз. Әрине бұл жаңалық отбасым үшін ауыр соққы болды жібергісі келмеді. Келесі күні әскерлер басқармасына телефон шалып, отбасымның қарсы екенін баяндадым. Сол кездегі офицер «Менің де отбасым қарсы» деді де, телефон трубкасын қоя салды. Келесі күні Алматы қаласына іс-сапар құжаттары салынған конверттерді ұсынды, - дейді ардагер.

Сөзінше, әскери бөлімнен қасында тағы бір әскери қызметші – прапорщик Виктор Алексеевич Клязмин болған. 

Виктор Алексеевич екеуміз Алматы қаласына жол тарттық. Сол күні кешке генерал-майор Волковтың алдына кірдік. Ол кісі бізге Москвадан осындай бұйрықтың түскенін, Ауғанстан жеріне әскеріміздің біраз контингенті барып жауынгерлік тапсырмалар орындау қажеттігін түсіндіріп, арнайы қағаздармен таныстырды. Ертесіне Қазақстанның әртүрлі өңірінен жиналған біздерді Москваға жөнелтті. Онда мандаттық комиссия болып, бізді біршама тексерістерден өткізді. Әскери қызметшілердің басым бөлігі автомобилистер болды. Осылайша енді бұйрық күтіңіздер деп, қайтадан елімізге шығарып салды. Тамыз айында Ташкент қаласына барып алғашқы дайындықтан өттік, онда Кеңес әскерінің әртүрлі аймақтарынан жиналған бір топ әскери қызметшілер болды, бәрімізге бірдей ешқандай әскери киім нысанының белгілерінсіз қатардағы сарбаздың формаларын ұсынды. Бір апта көлемінде оқу-жаттығудан өттік, оқу аяқталған соң ғана біз біріміздің қандай шендегі әскери қызметшілер екенімізді білдік.  8 қыркүйекте бізді әртүрлі топтарға бөліп, Ауғанстан еліне аттандырды. Мен 4 топтың мүшесі болып Газне қаласында орналасқан А. Суворов атындағы 191 арнайы мотоатқыштар полкіне бөліндім. Менімен бірге барған досым Виктор Алексеевич Клязмин Кандагар қаласына кетті. Бір-бірімізбен қимай қоштастық. Осылайша менің ауған еліндегі жауынгерлік қызметім басталды»,- дейді ол.

Прапорщик Владимир Самарскийдің қызметі милицияның ұрыстық машинасының жүргізушісі болатын.  

Бір-бірімізбен қимай қоштастық. Ауған асуында от кешкен ардагер

Ауғанстан еліне жауынгерлік қызметке барарда 25 жылға дейін қай жерде, қандай бөлімде, қандай мақсатпен қызмет атқарғанын жарияламау, құпия сақтау туралы қолхат жазып бергендердің қатарында болған прапорщик Владимир Иванович Самарский алғаш рет өзі қызмет еткен жасырын отряд туралы қысқаша айтып берді.

Ол 1980 жылдары құрылған  «Кобальт» арнайы жасағының отрядтарының бірінде қызмет етті.

Олардың басты қызметі қарапайым халық арасында жүріп, барлау жүргізу, ақпарат жинау еді. Сол арқылы бандиттік топтарды жоюға арналған операцияларды ұйымдастыруға көмектесті. Жауынгерлік әртүрлі операцияларды ұйымдастырып, зерделеуге қатысқан арнайы офицерлердің авмобилінің жүргізушісі бола жүріп көптеген оқиғаларды бастан кешірді. 

Ауған жерінің асуларында 7 айдан аса уақыт өзінің интернационалдық борышын атқарған прапорщик В. Самарскийге 1981 жылдың наурыз айында туған жерге оралу бақыты бұйырды. 

Күндегідей қызметте жүрген кезде, ауыл тұрғындарының темекі және басқа заттарын сатып жүретін баласы, басымдағы әскери кепкамды сұрап қоймады. Жас баланың көңілін қалдырғым келмей бұл өзіме керек, басқа зат берейін деп тұрсам, әлгі бала: - бұл саған енді қажет болмайды, сен үйіңе қайтасың демесі бар ма, мен күліп қана қойып мән бермей қызметіме оралдым. Алайда ертесіне 25 наурызда бізге елімізге кері қайтуға бұйрық шықты. Өзіммен бірге Қазақстан әскері қатарынан барған қарулас достарымның оны өзге елдің топырағында төмпешік болып қала берді, - деп күрсіне есіне алды прапорщик Владимир Самарский.

Ия ауған соғысы - жүректе жазылмайтын, тарихта ерекше орын алатын беттер... 

Әр халықтың, әр адамның қасиетті борышы - Отаны үшін жанын пида қылған азаматтарын мәңгі есте сақтап, құрметтеу, жас ұрпаққа отансүйгіштіктің үлгісі ретінде насихаттау біздің басты парызымыз.

Өзгелердің жаңалығы