«Бір белдеу, бір жол» форумының қорытындысы жарияланды

20 Қазан 2023, 09:00
1189
Бөлісу:
«Бір белдеу, бір жол» форумының қорытындысы жарияланды
Фото: Ақорда

Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастығының үшінші форумының қорытындылары бойынша баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына 10 жыл толғанын еске сала кетейік.

Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И соңғы онжылдықта қол жеткізілген тарихи нәтижелер 150-ден астам елге пайдалы болғанын атап өтіп, форумның қорытындысын жариялады.

Ынтымақтастық пен мүмкіндіктер арқылы ортақ даму мен өркендеуге жол ашылып жатыр. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы әлемдегі ең көп сұранысқа ие қоғамдық игілікке және халықаралық ынтымақтастықтың ең үлкен алаңына айналды, - деді Ван И брифингте.

Оның айтуынша, форумға 151 мемлекет пен 41 халықаралық ұйым өкілдері жиналды, қатысушылар саны 10 мыңнан асты.

Форум аясында 458 жоба бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді, бұл екінші форумның нәтижелерінен әлдеқайда асып түсті. Олардың қатарында жасыл даму үшін инвестициялық және қаржылық серіктестік құру, 2030 жылға қарай серіктес елдер үшін 100 мың маман даярлау, бірлескен зертханалар санын 100-ге дейін арттыру сияқты нақты міндеттер бар. Іскерлік конференцияда 97,2 миллиард долларлық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Ол әр елде жаңа жұмыс орындарын құру және экономикалық өсуге септігін тигізеді. Форумның қорытындысы бойынша институционалдық базаны жетілдіруде және жобаларды жүзеге асыруда өз рөлін атқаруы тиіс Хатшылық құру туралы шешім қабылданды, - деп айтты Қытай СІМ басшысы Ван И.

Жоғары деңгейлі «Бір белдеу, бір жол» үшінші халықаралық форумының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баяндама жасап, өз ұсынысын айтқанын еске сала кетейік. Президенттің қытай тілінде жасаған баяндамасы қытайлықтардың арасында қызу талқыланды.

Өзгелердің жаңалығы