Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бір ай қант жемесе не болады?

11 Маусым 2025, 11:33
622
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Қант – тек тәтті ғана емес, біз күн сайын жейтін тағамдарда жиі кездесетін қауіпті компонент. Алайда қантты артық тұтыну денсаулығымызға қандай зиян келтіретініне мән бермейтініміз рас. Қанттан бас тартса, адам ағзасында не болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 

Салмақ тастау

Диетолог, Астана Медицина Университеті жанындағы академик Е. Д. Даленов атындағы ғылыми зерттеу институты СӨС орталығының басшысы Жанна Нұрберген қант жемесе, адам ағзасы жақсаратынын айтты.

Қант жемесе, адам организмінде бәрі жақсы болады. Қантты жеп жүрген адам кенеттен қант жеуді тоқтатса, біріншіден, ол адам салмақ тастауы әбден мүмкін. Одан кейін терісі жұмсарып, әдеміленеді. Ішкі құрылысымыз, өттің жүру процесі жақсарып, жеделдейді. Метаболизм процесі де жақсарады, - дейді дәрігер.

Алайда қанттан бас тартқанда бірден әлсіздікті сезінуіміз заңдылық.

Қанның құрамындағы қант деңгейі төмендейді. Яғни инсулинрезистенттілік деген мүлдем болмайды. Ең басында қантты жеуден бас тартқан уақытта адам бірден әлсіздікті сезінуі мүмкін. Біртүрлі бір нәрсе жетіспей тұрғандай, көңіл күйі болмай, апатия күй кешуі ықтимал. Бірақ соған шыдап, төтеп бере алатын болса, керісінше, шамамен 72 сағаттан кейін ағзада жақсы өзгерістер орын ала бастайды, - деп түсіндірді диетолог.

Иммунитет күшейеді

Глюкоза – миға түсетін "жанармайы". Миға энергияны береді, сол кезде адамның көңіл күйі көтеріледі. Глюкозаны алмасақ, тез сіңетін энергия жоқ болады да, көңіл күйдің түсетіні содан. Глюкоза – миға адреналин беретін басты қуат көзі. Бірден жарқ етіп энергия береді де, таусылып қалады. Адамда тәттіге құмарлық сол себепті басталады.

Қантты жемеудің ең басты пайдасы – ішкі құрылыстағы он метр ішекте микрофлора, яғни пайдалы бактериялар көбейіп, сапасы жақсарады. Иммунитеттің 85%-ы сол ішектегі бактерияларда жатыр. Ішектегі түрлі паразиттер, зиянды бактерияларды "қоректендіретін" – қант. Қанттың көмегімен паразиттер өседі, көбейеді. Ал қант болмаса, паразиттер өледі. Клетчатка паразиттерді шайып шығарып жібереді. Сол үшін қантты жемеудің пайдасы орасан зор. Қанттан бас тартса, зат алмасу процесі жақсы жұмыс істейтін болады, - дейді Жанна Нұрберген.

Дәрігердің пікірінше, жалпы жерде өсетін өсімдіктер: көкөністер, жеміс-жидектер, дәнді дақылдардың бәрі күрделі көмірсу болғанымен ағзаға түскенде олар ең қарапайым глюкозаға дейін ыдырайды. Олай болса, ақ қанттың қажеті де шамалы.

Тістің жағдайы жақсарады

Қант – ауыз қуысындағы бактериялардың басты "қоректендіргіші". Бұл бактериялар өз кезегінде тістің эмалін құртатын қышқыл бөледі. Қантты азайтсаңыз, тісжегі мен өзге де стоматологиялық проблемалар азаятыны сөзсіз.

Жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу

Қосымша артық қан қандағы май деңгейін нашарлатып, қан қысымын жоғарылатады. Салдарынан жүрек пен қантамыр ауруларының қаупі артады. ДДСҰ дерегі бойынша, күніне бір стақан газдалған сусын ішу жүректің короналдық ауруына шалдығу қаупін 17 пайызға арттырады. Демек, қантты тұтынуды, соның ішінде тәтті сусындарды ішуді азайту бұл қауіптің алдын алады.

Терінің қартаюы бәсеңдейді

Зерттеулерге сәйкес, қантты артық қолдану терінің қартаюын жылдамдатады. Глюкоза мен фруктоза терінің тығыздығы мен созылғыштығына жауап беретін коллаген және эластиннің қалпына келуіне бөгет жасайды. Бұл терінің созылғыштығын жоғалтып, тез қартаюына әкеледі.

ДДСҰ ұсынады:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да қантты жалпы рационнан 5-10 пайызға дейін азайтуға кеңес береді. 2000 калория тұтынатын диета үшін ол күніне 6-12 шай қасығын құрайды.

Өзгелердің жаңалығы