Биоқауіпсіздігімізді қалай қамтамасыз етеміз?

28 Желтоқсан 2023, 16:51
594
Бөлісу:
Биоқауіпсіздігімізді қалай қамтамасыз етеміз?
Фото: -архив

ҚР ДСМ "Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы" ШЖҚ РМК бас директорының эпидемиология және өндірісті дамыту жөніндегі орынбасары Галина Ковалева биологиялық қауіпсіздік жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2022 жылы «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» Заң қабылданған болатын. Оны әзірлеу және қабылдау барысында әртүрлі басылымдардың беттерінде көптеген пікірталас, пайымдау болды. Биологиялық қауіпсіздік әлемдік қауымдастықтың маңызды мәселесі екені анық. Оның өзектілігі қазіргі әлемде жаһандық сипатқа ие жұқпалы аурулар мен олардың қоздырғыштарынан туындайтын қауіптермен айқындалады, - деді ол.

Биологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру қажеттілігі бірқатар факторларға байланысты:

- жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын пайдалана отырып, жұмыстарды кеңінен тарату;

- патогендік микроорганизмдердің табиғи резервуарлары – инфекциялардың белсенді табиғи ошақтарының болуы;

- қазіргі заманғы жүрдек көлік түрлерінің дамуына және сыртқы және ішкі көші-қон процестерінің қарқындылығының артуына байланысты аса қауіпті жұқпалы аурулардың әкеліну және таралу қаупі;

- жаңа зерттелмеген инфекциялардың пайда болуы;

- гендік-инженерлік-модификацияланған микроағзаларды қызметтің әртүрлі салаларында алу және қолдану;

- биотерроризм актілерін жасау қатері.

Жалпы биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету түрлі деңгейде жүзеге асырылады:

- мемлекетаралық деңгейде - келісімде рге қол қойылады және биологиялық қауіпсіздік саласындағы халықаралық стандарттар әзірленеді;

- мемлекеттік деңгейде - түрлі салаларда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша нормативтік құқықтық актілер әзірленеді және енгізіледі;

- өңірлік деңгейде - әртүрлі жұқпалы ауруларды зерттеумен айналысатын ұйымдар инфекциялық агенттің қоршаған ортаға шығуын болдырмау үшін биологиялық қауіпсіздік қағидаттарын сақтауы керек.

Егер биологиялық қауіпсіздікті адамның сау күйін сақтау деп қарастыратын болсақ, онда биологиялық қауіпсіздікті сақтау - әр адамның міндеті. Микробтар әлемі әртүрлі және бактериялардың, вирустардың, паразиттердің, саңырауқұлақтардың, приондардың және вироидтардың әртүрлі түрлерімен ұсынылған. Табиғат - адам үшін қоздырғыштардың негізгі көзі, адамдарда жұқпалы және паразиттік ауруларды тудырады.

Биоқауіпсіздігімізді қалай қамтамасыз ете аламыз? Инфекцияның қоздырғыштары барлық жерде кездеседі. Мысалы, тырысқақты Қазақстанға тырысқақ бойынша қолайсыз елдерден (Руанда, Үндістан, Шри-Ланка, Ливан және т.б.) туристер, студенттер және азаматтардың басқа санаты әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай елдерге барған кезде (туристік турлар, іссапарлар және т.б.) жеке гигиена қағидаларын есте ұстаған жөн: қолды үнемі жуу, жемістер мен көкөністерді мұқият жуу. Санитариялық нормаларды сақтамай, сыртта дайындалған тағамды, сондай-ақ термиялық өңделмеген немесе нашар өңделген тағамды (орташа қуырылған стейктер, кәуаптар, шикі балық және т.б.) жеуге болмайды, - деді Галина Ковалева.

Дәрігердің сөзінше, Қазақстан аумағында адамдар мен жануарлар үшін қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. Қазақстандықтардың арасында жыл сайын қауіпті зооноздық инфекцияларды (туляремия, құтырма, БСГҚ, Ку-қызба, орнитоз, лептоспироз, листериоз, жалған туберкулез) жұқтыру және жануарлардың әртүрлі түрлерінің адамдарды шағу жағдайлары тіркеледі. Бұл инфекциялармен сырқаттанушылықтың өсуі туляремия, сібір жарасы, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, лептоспироз, БСГҚ т.б. табиғи ошақтарының жандануымен байланысты. Сондықтан жабайы табиғатқа шыққанда (қала сыртындағы демалыс, туризм және т.б.) кенелер, бүргелер шағу қаупін болдырмайтын репелленттерді қолдану, тек қайнатылған және бөтелкедегі суды ішу керектігі туралы есте ұстаған жөн.

Жабайы және үй жануарларының етін бөлшектеу кезінде аса қауіпті инфекцияларды жұқтыру қаупі жоғары. Шикі етпен жұмыс жасағанда қолғап кию керек.

Урбанизацияның жоғары дәрежесіне қарамастан, табиғи-ошақты инфекциялармен сырқаттану жағдайларының туындауына себеп болатын нақты шарттар әлі де бар.

Өз денсаулығына қамқорлық жасайтын әрбір адам, ең алдымен, жеке гигиена қағидаларын сақтай отырып, өзін инфекциялық және паразиттік аурулардан қорғауы керек.

Өзгелердің жаңалығы