27 қарашада BilimClass білім беру платформасында техникалық ақау тіркелді. Компания өкілдерінің мәліметінше, тексеру нәтижесінде оқушылардың, ата-аналар мен мұғалімдердің жеке деректері толық сақталғаны және олардың сыртқа тарағаны анықталмағаны расталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы оқиға салдарынан бірқатар пайдаланушыға қате көрсетілген ақпарат толық қалпына келтірілді. Пайдаланушылар тарапынан қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.
Киберқауіпсіздікті күшейту және қосымша техникалық жұмыстарды жүргізу мақсатында BilimClass платформасына кіру мүмкіндігі 28 қараша сағат 00:00-ге дейін шектелді, - деді Bilim Group ресми өкілі Әсем Берік.
Қауіпсіздік пен пайдаланушылар деректерін сақтау, сонымен қатар платформаның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету – BilimClass-тың басты басымдығы.
Командамыз платформаның қауіпсіздігін одан әрі күшейтіп, мұндай жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр, - делінген ресми жауапта.
Bilim Group ресми өкілі кез келген сұрақ бойынша қолдау қызметіне хабарласуға болатынын ескертті.
Бұған дейін мұғалімдердің бірі Threads әлеуметтік желісінде өзі сабақ беретін барлық сыныптың үй тапсырмалары жоғалып кеткенін жазған болатын.