Еуропалық одақтың «Erasmus» бағдарламасы одаққа кіретін елдерде оқуға мүмкіндік береді. Әрине, ол үшін ағылшын тілінен белгілі бір деңгейді бағындыратын IELTS көрсеткіші болуы керек. Бүгінде бағдарлама бойынша Еуропаның үздік жоғары оқу орындарында оқып жүрген қаракөздеріміз аз емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шетелде білім алып жүрген қазақстандық қыздардан Еуропадағы оқу мен өмір салты туралы сұрап білдік. Тағы бір айта кететіні «Erasmus» бағдарламасы аясында оқу екі жылға созылса, оны екі елде бөліп оқуға мүмкіндік беріледі. Бұл екі елдің өмір тынысы мен менталитетін біліп, көзқарастың шекарасын кеңейтуге септігін тигізеді.
Тәжірибе мен талап
Қарағандылық Дана Туғамбекова. Ол Қарағанды мемлекеттік университетінде ағылшын тілінің аудармашысы мамандығының бакалаврын, орыс тілі және әдебиеті мұғалімінің магистратурасын тәмамдаған.
Мамандығым бойынша 2 жыл сабақ бердім. Магистратурадан кейін Астанаға келіп, сайттарда аудармашы болып жұмыс істедім. Сол жылдары журналистикаға ауысып, ағылшын тілінде мақалалар жаза бастадым. Кейін баспасөз қызметінде де жұмыс істеп көрдім. Пандемия кезінде мен өзімнің бұрынғы арманым Еуропада оқу туралы ойландым. Мен бұрыннан білім алудың жанкүйері болатынмын. Ол бойынша жұмыс істемесем да, заңгер мамандығын да тәмамдаған едім. Астанада тұрғанда әртүрлі тіл курстарын меңгеріп жүрдім, - дейді ол.
Дана әртүрлі стипендиялық бағдарламалар туралы әркез білгенін айтады.
Процесс қиын деп айта алмаймын. Мотивациялық хат жазасың. Екі ұсыным хат жинап, ағылшын тілінен емтихан тапсыру керек. Эразмуз бағдарламасы бойынша ай сайын стипендия төленіп, көліктік шығын мен сақтандыру төленеді. Ол үшін барлық ережені орындап, сабақты жақсы оқу керек. Менің бастапқы мамандығым аудармашы болғандықтан мамандықтар тізілімінде аудармадағы технологияны таңдадым. Онда 4 университет болды. Мен соның ішінен Испания мен Белгиядағы екі университетті іріктеп алдым, - деді Туғамбекова.
Дана IELTS-ты тапсыруға 1 ай дайындалғанын айтты. Оған бұл қиындық тудырмаған, себебі осыған дейін де емтиханның қыр-сырын білген. Осылайша, ол өзіне қажетті 7 балды алып шығады.
Барлық қажетті құжатты жинап, мотивациялық хатты бір түнде жаздым. Мен бұл орайда өзімнің тәжірибемді ұсынбаймын. Алдын ала жазып, тексерткен дұрыс. Осылай ақпанда құжат тапсырып, сәуірде жауабы шықты. Мен 15 кандидаттың бірі болып, оқуға таңдалдым. Барлығы 400 адам тапсырды. Әрбір елден таңдалатын адам саны шектелген. Бір елден тек 3 адам ғана бағдарлама бойынша бара алады. Қыркүйекте Испанияның туристік Малага қаласына келдім. Мұнда теңіз бар әрі күн ыстық болды. Қиындықтың бірі – баспана табу. Бағдарлама сізге ақша бөледі, ал пәтерді өзің іздеп табуың керек», - деді Дана Туғамбекова.
Оның айтуынша, Испанияда көптеген иммигрант жалға пәтер алып, кейін оның ақысын төлемейді. Оларды «окупас» деп атайды.
Оларды полицияның көмегімен қуып шығуға да болмайды. Пәтер иелері өз мүлкін қайтарып алу үшін олармен жылдар бойы соттасады. Бұл мен үшін, әрине, таңсық жағдай болды. Маған үйін жалға беретін адам алдымен менімен бейнеконференция арқылы не үшін сөйлескенін кейін түсіндім. Мен онымен бір жылға келісімшарт жасастым. Оған бір айлық төлем ретінде депозит те төледім. Бірақ ол пәтер оқуымнан алыс болғандықтан, жарты жылдан кейін пәтер ауыстырдым. Ондағы көршілерім жақсы болды. Германия мен Польшаның қыздарынан еуропалықтардың дүниетанымын түсіндім. Мысалы, германиялықтан қоқысты дұрыс сұрыптауды меңгердім. Ал польшалық қыздан олардың мәдениетін үйрендім, - деді ол.
Таңдау мен талғам
Алайда Туғамбековаға Испаниядағы өмір аса ұнамаған. Оған күннің ыстығы себеп болған. Жағажайы бар жерлерді аса ұнатпайтындықтан, ол бір жыл ішінде теңізге 1-2 рет қана шомылғанын жеткізді.
Испаниялықтар өте мейірімді. Бірақ жүрген жерлері даңғаза, шу болады. Менің жаным тыныштықты қалаған соң, сол үшін қоғамдық орындарға аз баратын едім. Адам ретінде олар ашық, көмектесуге дайын тұрады. Тағы бір қолайсыздық олардың барлығы ағылшын тілінде сөйлемейді. Сондықтан шағын маркеттерге бару үшін мен испан тіліндегі сөздерді меңгердім. Испанияда азық-түлік қымбат болмады. Алайда олардың асханасы маған ұнамады. Испаниядан өзге елдерге саяхаттау ыңғайлы болды. Мен Барселона, Мадрид, Валенсия, Сивилья мен әдемі шағын қалаларда болдым. Сондай-ақ мен Канар аралдарына да бардым. Тенерифедегі күнбатыстар өмір бойы есте сақтайтын әдемі естелік бола алады, - деді ол.
Дана Туғамбекова Испаниядан көршілес жатқан елдерге де саяхаттау қолжетімді болғанын айтты.
Мен Испаниядан Португалияға автобуспен 30 мың теңгеге барып келген едім. Онда Лиссабон мен Порту қалаларында болдым. Португалия маған Испанияға қарағанда көбірек ұнады. Тағамдары дәмді, тұрғындары ағылшынша сөйлейді, - деді Дана.
Испанияда 3 ай болғаннан кейін тұрақты тұру туралы рұқсатқа ие болып, тіркелу керек. Ол осы рәсім көп уақыт алғанын айтты.
Испанияда цифрландыру нашар. Бұл үрдіс өте көп уақытты алды. Қағазбастылық көп. Бірінші айда менің группаластарым да көп қиындық көрді. Мен испанша білмегендіктен, маған екі есе қиын болды. Мен оқыған қалада испандықтар мейрамханадан шықпайтын. Олар бар ақшасын солай қыдыруға жұмсайтындай көрінді. Яғни, олар әлеуметтенгенді жақсы көреді, - деді ол.
Қазақстандық студенттің айтуынша, қалада жылыту болмаған. Кейде үйдің ішінен дала жылы болғаны таңғалдырыпты.
Онда жылы киімдер жақсы сатылатын. Сондықтан қыс маусымында тоңып, қалың киімдерді көп алғаным есімде. Менің тобымда 9 адам оқыды. Бразилия, Греция, Ресей, Украина мен Қазақстанның балалары болды. Көбінесе, мен ТМД-дан келген студенттермен достастым. Себебі біздің менталитетіміз ұқсас. Бразилиядан келген жастармен де жақсы тіл табыстым. Испаниядағы оқу қиын болмады. Онда емтихандардың орнына эсселер жазатынбыз. Оқытушылар да мейірімді, ешқандай дау туындаған сәттер болмады, - деді ол.
Туғамбекова диссертацияны Грецияда қорғағанын айтты.
Салт пен сана
Тағылымдаманы Англиядағы университтен онлайн өттім. Менің оқуым шілдеде аяқталды. Кейін мен елге келдім.Қазақстанда 2 ай демалып, Бельгияға кеттім. Бельгияның Гент қаласы студенттік болғандықтан, мұнда мен баспана таба алмадым. Университет Брюгге қаласынан жатақхана тауып берді. Ол Гент қаласынан пойызбен жүргенде 30 минуттық жерде орналасқан. Сабаққа мен басқа қаладан қатынап жүрмін. Оқу аптасына екі рет болады. Бельгия-өте қымбат ел. Екі қалаға барып келу үшін 7 мың теңге кетеді. Ал сабақ екі рет болғандықтан, қымбатшылық аса сезілмейді, - деді ол.
Дана ең алғаш Бельгияға келгенде астанасы Брюссельде 4 күн болған.
Барлық көрнекі орындарға барып шықтым. Фри картобы өнімінің отаны осы Бельгия болып саналады. Сондай-ақ Бельгия шоколады және сырасымен де танымал. Бельгиядағы ауа райы біздікіне ұқсас. Қыркүйекте жаңбыр, күн бұлтты болды. Мен тұратын қалада барлығы велосипедпен жүреді. Жаяу жүргіншілерге қарағанда, велосипедшілерге жақсы жағдай жасалған. Халқы сабырлы, тыныш. Маған Испанияға қарағанда Бельгияда көбірек ұнайды, - дейді ол.
Бельгия халқы үш тілде сөйлейді екен. Неміс шекарасына жақын аймақтағылар немісше, астанасында французша, Гент пен Брюггеде нидерланд тілінде сөйлейді. Алайда олардың барлығы ағылшын тілін жақсы меңгерген.
Бельгиядағы оқу қатты ерекшеленеді. Қазір технологиялық аударманың ерекшеліктері мен артықшылығын оқып жатырмыз. Мен өзім үшін аударманың 4 түрін таңдадым. Күніне бір модуль 3 сағатқа созылады. Ақпараттың барлығы қолжетімді және өте көп. Бельгиялық оқытушылар өте қатал. Бағалағанда да әділ бағалайды. Испанияда мен «А» балын оңай алсам, Бельгияда оған жету өте қиын, - дейді қазақстандық студент.
Оның айтуынша, сабақтарға әртүрлі мамандар шақыртылады. Оқу қиын болса да, өте қызықты.
Қазақстан мен Еуропа
Дана Туғамбекова Еуропа қалалаларынан Қазақстанның артықшылығы цифрландырылуында екенін айтты.
Бізде қағазбастылық аз. Цифрландыру жақсы дамыған. Испанияда ықтиярхатты өте көп күттім. Бельгияда да қағазбастылық бар. Сондықтан Қазақстан бұл салада әлдеқайда ілгері кеткен. Қазақстанда көлік қызметі өте арзан. Әуежайдан қалаға 90 теңгеге жетуге болады. Еуропада бұл сан арман. Сондай-ақ мобильді интернет те бізде арзан. Әрине, біздегі күнкөріс деңгейі мен еуропалықтардікін салыстыруға келмейді. Қазақстанның болашағы әлі алда, ол дамып жатыр. Ал мұндағы адамдар барымен базар. Олар дамуды көздемейді, - дейді ол.
Ол өзі оқып жатқан бағдарламаның артықшылығы туралы айтты.
Бағдарлама бойынша менің екі жылдық оқуыма 10 мың еуро жұмсалады. Ай сайын маған стипендия мен көлік шығыны өтеледі. Бірақ ол үшін менен ештеңе талап етілмейді. «Болашақ» бағдарламасында сияқты елге келіп 5 жыл еңбек ету деген талап жоқ. Оқуымды аяқтаған соң мен басқа кез келген елге кете аламын. Алайда мен Қазақстанға оралып, аударма ісін дамытқым келеді. Себебі біздегі оқу мен Еуропадағы оқудың айырмашылығын тәжірибеде көріп жүрмін. Сол тәжірибені істе жүзеге асырғым келеді, - деді ол.
Испания мен Италия
Біздің екінші кейіпкеріміз 23 жастағы Анеля Алмат Еуропадағы оқуға дейін Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде өсімдік қорғау және карантин мамандығын тәмамдаған.
Erasmus жайлы кездейсоқ білдім. Интернеттен шетелде оқу туралы іздеп отырған едім. Бағдарламаға қатысатын Швециялық университетте менің мамандығым бар екенін көрдім. Одан бөлек тағы бір бағдарламаға қатысып жаттым. Бұл қараша айында болды, ал құжаттарды қабылдау қаңтардың ортасында басталатын. Сол себепті мен 1,5 ай ағылшын тілін белсенді оқуға кірістім. Осылайша, ағылшыннан 6,5 алып, грант ұтып алдым. Мен Испания мен Италияда оқуды таңдадым, - дейді Анеля Алмат.
Оның айтуынша, екі ел менталитеті мен тарихы, мәдениеті, тілі бойынша өте ұқсас.
Алайда өмір сүру салты бойынша италиялықтар мен испаниялықтарда ерекшеліктер бар. Ол елдің өңіріне де байланысты болады. Италия мен Испанияның солтүстік өңірлері еңбекқорлықпен ерекшеленсе, оңтүстік өңірлеріндегі адамдар теңізде демалып, рахаттануға бейім. Мен Испанияның Валенсия қаласында теңіз жағасында тұрдым. Климаты өте ыңғайлы болды, - деді студент.
Қазір Анеля Италияның солтүстігінде оқып жүр. Оның айтуынша, онда ауа райы ылғалды әрі суы, бірақ Астананың суығына жетпейді.
Студенттік өмір
Студенттік өмірімнің алғашқы айларында екі қазақ жігітін кездестірдім. Олар бұрыннан бері Валенсияда тұрады. Мені бейімдеп, басқа қазақстандықтармен таныстырды. ТМД-ның өзге студенттерімен де таныстым. Біз барлығымыз жақын дос болып кеттік. Испанияда сол жағынан жақсы болды. Қазір мен Италиядамын. Әлі отандасымды не ТМД-дан ешкімді кездестірмедім. Бұл қалаға байланысты болуы керек, себебі қазір оқып жатқан қалам өте шағын, - деді ол.
Анеля Алматы Еуропадағы оқу бағдарламасы елдегіден қиын екенін айтты.
Көп ақпаратты игеру керек. Оқу ағылшынша болғандықтан, көп термин жаттау керек. Бірақ университеттің құрылымы Еуропада қарапайым. Сабақтарға келу тексерілмейді. Тоқсандық емтихандар болмайды. Тек қорытынды емтихандар болады. Оларды бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік беріледі, - дейді ол.
Анеля Алматтың айтуынша, Италия мәдениет пен тарихқа бай, халқы да мейірімді.
Алайда мен тұрып жатқан қала шағын және қолайсыз. Астанадан кейін дүкендер қаланың әр жерінде орналасқан қалада тұру қиын. Сондай-ақ қала жаяу жүргіншілер үшін ыңғайсыз. Мені таңғалдырғаны, 200 мың халқы бар қалада қымбат көліктер көп. Тұрғындар толық бренд киімдермен жүреді. Бұл елдің солтүстігі болғандықтан, адамдар көп еңбек етеді, сәйкесінше, осындай кішкентай қалаларда да жағдайлары жақсы болады, - деді ол.
Қазақстанның артықшылығы
Қазақстандағы қызмет көрсету жақсырақ деп айта аламын. Себебі бізде ыңғайлы дүниелер көп. Оларға үйреніп кеткен соң, бізге жаңалық емес сияқты. «Қолда барда, алттынның қадірі жоқ» демекші, олардан айырылған кезде қадірін түсінеді екенсің. Мысалы, Астанада биік ғимараттар көп болса, Еуропада ескі ғимаратты бұзуға тыйым салынған. Сондықтан көп мекеменің бейнесі ылғалдылықтан бұзылған. Оларға тамсану да қиын. Жалпы алғанда маған екі елде де тұру ыңғайлы, - деді ол.
Анеля Алматтың айтуынша, Еуропа агроөндірістік кешенде көшбасшы болып есептеледі.
Алайда Қазақстанның ауыл шаруашылық жері 30 пайыға көп. Бірақ технология мен мамандар жетіспеуінің салдарынан ол жерлер қажетінше игерілмей жатыр. Сондықтан жаңа біліммен Қазақстанды өсімдік өнімдері бойынша көбасшылық жолға шығуға жәрдемдескім келеді. Сондай-ақ экологияны қорғау мәселелері де Еуропада жақсы дамыған. Қазақстан әлі ондай деңгейге жетпеді. Бізде химиялық қоспалар көп қосылады. Оқуымды тәмамдаған соң, осындай бастамаларды жүзеге асырғым келеді, - деп түйіндеді Анеля Алмат.