Білім беру саласының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам сома жымқырған

1 Желтоқсан 2023, 12:07
763
Бөлісу:
Білім беру саласының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам сома жымқырған
Фото: Арман Мухатов - архив

Түркістан облысының білім беру саласының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам сома жымқырды деп күдіктеліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау бойынша жұмысты жалғастыруда.

Бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе, Алматы және Жетісу облыстарында қылмыстық схемалар ашылған болатын.

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деп күдіктелуде.

Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті тұлғалар 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша қаражатын аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге сома жымқырған. Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда, олардың 4-і қамауға алынды. Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомашина, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталды, - делінген Антикор таратқан хабарламада.

Сонымен қатар, тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді, ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған.

Сондай-ақ, Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық топқа басшы мен оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектеп бухгалтері кірді. Барлығы 13 адам.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Өзгелердің жаңалығы