Білікті кадрларды мемлекеттік қызметке тартуда барлық жағдай жасалып жатыр

26 Мамыр 2023, 09:05
1691
Бөлісу:
Білікті кадрларды мемлекеттік қызметке тартуда барлық жағдай жасалып жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздегі мемлекеттік аппараттың жоғары кәсіби жұмысының маңыздылығын бірнеше рет атап өткені есімізде. 

Мемлекеттік қызметтің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында ілкімді реформалар жүргізілуде, жаңа заңнамалық актілер қабылданып, мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді іріктеу тәсілдері өзгеріп жатыр. Осы тақырып төңірегінде BAQ.KZ тілшісі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Лесбек Ілебаевпен әңгімелесті.

– Лесбек Құралбайұлы, мемлекеттік қызметшілеріміздің кәсіби мерекесіне аз ғана уақыт қалды, сондықтан сұхбатымызды да осы атаулы күннен бастасақ. 23 маусымның мемлекеттік қызметші күні ретінде белгіленуінің тарихын айтып өтсеңіз

– Иә, кәсіби мерекемізге де аз уақыт қалды. Әлемдегі іргелі ұйым саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының қарары бар, онда БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге 23 маусымды мемлекеттік қызметшілер күні ретінде атап өту ұсынылған. Бұл ұсынысты қабылдаудың ешқандай әбестігі жоқ деген ойдамын. Біз 2013 жылы тиісті құқықтық актінің жобасын әзірледік. Бұл ретте «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» ел Президентінің Жарлығына тиісті толықтыру енгізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысымен мереке күндерінің тізбесі бекітілді. Қысқаша айтқанда, осы. Бұл әріптестерімнің тарапынан кең көлемде қолдау тапты десем, тағы қателеспеймін.

– Әлемде мемлекеттік қызметтің негізгі үлгілері қандай? Ал оның еліміздегі дамуының басты векторын атап бере аласыз ба?

– Бұл жерде атап өтетін мынадай екі модель бар, алғашқысы – мансаптық, келесісі – позициялық. Қазіргі уақытта қалыптасқан кәсіби мемлекеттік аппараттан инновациялық аппаратқа көшу дамудың басты бағдарына айналып барады.

Алға қойылған нақты мақсаттарға жету үшін практикалық шараларды жүзеге асырумен қатар, заңнамалық базаны да жетілдіру қажет. Сондықтан мемлекеттік қызметті бәсекеге қабілетті кадрлармен қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Сол себептен де қазір лайықты әрі сапалы білім алған, білікті, қажетті жұмыс тәжірибесі бар мамандарды тартуға барынша жағдай жасалуда. Қолданыстағы іріктеу жүйесі мансаптық өсу мен лайықты жалақы алу мүмкіндігін қарастырады.

Осылайша, құрамның сапасын арттыру үшін қосымша әлеуметтік жағдайлар жасау мақсатында мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаралар өзінің нәтижесін беріп жатыр деп тағы айта аламыз.

– Лесбек Құралбайұлы, Қазақстанда мемлекеттік қызметтің принципті жаңа моделі қашаннан бері жұмыс істей бастады?

– 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшудің құқықтық негіздерін айқындайтын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы қолданысқа енгізілді. Жаңа үлгіні енгізу мынадай тетіктер арқылы қамтамасыз етілді: мемлекеттік қызметшілерді жоғарылату ішкі конкурстар арқылы жүзеге асырылады; мемлекеттік органдардағы төменгі лауазымдар, яғни мемлекеттік қызметке «кіру кезінде» жалпы конкурс арқылы ғана орналасады. Міне, осыдан бастап жаңа жүйеде қызмет етіп келеміз. Бұл өз кезегінде кадр сапасының жақсаруына мүмкіндік туғызды.

– Сонда жас мамандар әкімшілік мемлекеттік қызметке қалай келе алады?

– «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына іріктеу мынадай жолдармен жүзеге асады: белгілі бір мемлекеттік қызмет тоқтатылғаннан кейін «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе қайта кіретін азаматтар іріктеудің кезеңдерін өтеді. Ол кезеңдер уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тестілеуден өтуді; уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін бағалауды; «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға жалпы конкурсты талап етеді.

– Азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдаудың конкурстық іріктеуіне не себеп болды? Жұмысқа қабылдау барысында қандай өзгерістер орын алды?

– Конкурстық іріктеу Қазақстан азаматтарының мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігінің конституциялық қағидасымен шартталған. Енді конкурстық процедуралар жеңілдетілді. Ішкі конкурсқа қатысу үшін тек екі құжат қажет – өтініш пен еңбек өтілі.

Жалпы конкурсқа қатысу кезінде өтініш, білімі туралы құжат, еңбек өтілі қажет. Бәсекенің үш түрінің орнына қазір екі түрі – ішкі және жалпы жағдайда өткізіледі.

Өзіңіз білетіндей, мемлекеттік қызметке алғаш рет келген азаматтардың заңнаманы білуі және жеке қасиеттерін бағалауы тестілеу кезінде анықталады. Сонымен қатар, шекті мәндерден өте алмағандар бұдан былай 15 күннен кейін тестілеуді қайта тапсыруға болады. Осылайша, мемлекеттік қызметке кіру тәртібі барынша жеңілдетілген.

– Лесбек Құралбайұлы, тестілеудің қандай түрлері бар, оны өткізу тәртібі туралы да атап өтсеңіз?

– Бұл – мемлекеттік қызметке кірудің маңызды кезеңі. Тестілеудің объективтілігі стандартты шарттармен, уақытпен, нәтижелерді есептеумен, сынақтардың мазмұнымен, сондай-ақ оператордың сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу туралы жазбаша шектеулер қабылдауымен қамтамасыз етіледі.

– Соңғы кездері меритократия жайында жиі айтылып жүр. Мұның жұмыс істеу принципі қандай?

– Дұрыс айтасыз, расында мемлекеттік қызметтің негізі – меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбегіне негізделген жүйе. Мемлекеттік қызметте адам ресурстарын тиімді пайдалануға баса назар аударылады. Меритократия принципі жаңа заңның негізін құраған келесі элементтерді қамтиды: біріншісі – мемлекеттік қызметке кіру және мансап сатысымен жоғары көтерілу кезінде міндетті түрде конкурстық іріктеу; екіншісі – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы; үшіншіден, құны бірдей жұмысқа бірдей ақы төлеу; төртінші – қызметінде тиімді нәтижелерге қол жеткізген мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу; жұмысы толық қанағаттанарлықсыз болғандардың қызметін түзету және қанағаттанарлықсыз жұмыскерлерді жұмыстан шығару; бесіншісі – мемлекеттік қызметшілердің қызметін жақсарту мақсатында оларды үздіксіз оқыту.

Осылайша, мемлекеттік басқарудың қазақстандық моделін табысты енгізу нәтижеге және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуге бағытталған, әлеуметтік саланың көптеген өзекті қажеттіліктеріне сәйкес келетін экономикалық даму кәсіби мемлекеттік қызметке айналды.

– Мемлекеттік қызметте тағы қандай өзгерістер болды?

– «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын үлгілік біліктілік негізінде уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша мемлекеттік лауазымдарға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам (орган) бекітетіні туралы норма қайтадан қайтарылды. Мемлекеттік органдар персоналының кәсібилігін, тиімділігін және құзыреттілігін арттыру мақсатында енді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында оқу нәтижесін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуды аяқтаған адамдар уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен жергілікті атқарушы органдарда, мәслихат аппараттарында, тексеру комиссияларында, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде және олардың ведомстволарында (жергілікті атқарушы органдарды, мәслихат аппаратын, тексеру комиссиясына, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелеріне және олардың астанадағы және оның аудандарындағы ведомстволарына) уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісім бойынша оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізбестен жүзеге асырады.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін арттырудың маңызды критерийлерінің бірі олардың еңбегін материалдық ынталандыру болып табылады. Үкімет деңгейінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге жыл қорытындысы бойынша қызметін бағалау нәтижелерімен, тіпті жұмыстан босатылған, еңбек қатынастары тоқтатылған жағдайларда да жүзеге асырылатын сыйлықақылар төлеу мәселесі шешілді. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге үстемеақы төлеу олардың жұмыс істеген сағатына барабар қызметін бағалау нәтижелерімен белгіленеді.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жаһандық жаңғырту жүргізілуде. Мемлекеттік қызметке іріктеуді және E-kyzmet ақпараттық жүйесі негізінде конкурстық рәсімдерді өткізудің жаңа форматы бойынша пилоттық апробация (ағымдағы жылдың 1 наурызынан 31 желтоқсанына дейін) жүзеге асырылуда. Апробация Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Ақмола облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктерінде, Сауда және интеграция, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрліктерінде қолға алынды.

Жаңа формат мемлекеттік қызметке іріктеу үдерісінің барынша жеңілдетілген тәсілін қарастырады. Азаматтар алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуді қоспағанда, барлық кезеңдерінде өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта тәулік бойы конкурсқа қатыса алады.

Тестілеу жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің саны екі еседен астам – тоғыздан төртке дейін қысқартылды. Конкурстың іріктеу кезеңіне тұлғалық қасиеттерін бағалау, үміткердің мәтіндік және цифрлық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін тексеру, эссе жазу (барлық басшы лауазымдар үшін міндетті), сараптамалық комиссиямен әңгімелесу кіреді.

Тестілеу және эссе жазу кезінде кандидаттың тәртіпке сәйкестігін тексеру үшін сараптама жүргізіледі. Жүйе ең төменгі ұпай жинағандарды кезең-кезеңімен автоматты түрде алып тастау арқылы әңгімелесу кезеңіне үздік үш үміткерді пилоттық органның сараптау комиссиясына жіберуді қарастырады.

«Е-қызмет» арқылы жаңа конкурс өткізу тәртібі адам факторының әсерін толығымен жоққа шығарады. Жеке тұлғадан айыру және анонимділігін қамтамасыз ету үшін үміткерлерге іріктеу процесі кезінде жүйе сәйкестендіру нөмірін береді.

– Ел үшін еңбектеріңізге жеңіс тілеймін! Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы