Биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік – Тоқаев

2 Сәуір 2019, 12:55
2414
Бөлісу:
Биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің тұрақты ауысуы Елбасының парасаттылығы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсететінін айтты.

Айтуынша, ел басшылығына қатысты түрлі болжамдар бола береді.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мо­йындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгін­гі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты.

Түрлі сәуегейлік жасаушылар бұрын да болған, қазір де, кейін де бола береді. Ең бастысы, біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Тағы да қайталап айтамын, бұл ең алдымен, Елбасының парасаттылығы мен көрегендігін және халқымыздың даналығын көрсетеді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұртымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті. Және мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын және ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін», - деді Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатында.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы болған Пан Ги Мун кезінде Сіз туралы «Бұл қыз­мет­те ұзақ отырмай, еліңізге аса жауап­ты қызметке оралатыныңыз белгілі» деп жазған екен. Әлемдік деңгей­дегі саясаткердің бұл болжамын көріпкелдік деуге бола ма?

«БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқару – менің дипломатиялық жұмыс тәжірибемдегі елеулі сәттердің бірі. Бұл – әлемдік проблемалар көтерілетін әрі шешімін табатын БҰҰ маңызды өкілдігі. Әрине, сол кездегі Бас хатшы Пан Ги Мунмен бірге жұмыс істеп, онымен тұрақты байланыста болу құрметіне ие болдым. Ол кісінің бұл сөзі тек маған ғана емес, бүкіл Қазақстан дипломатиясына берілген жоғары баға деп есептеймін. Себебі бұл саладағы мамандарымыздың бәрі – әлемдік деңгейдегі кәсіби дип­ломаттар. Былтыр еліміздің БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы және әлемнің жүзден аса елдерімен бейбіт байланыс орнатуы осының айқын дәлелі», - деді ол.

Сіз өз қызметіңізде Елбасының стратегиялық бағыт-бағдарын жалғастырудың маңызды екенін қадап айтып, осы тұрғыда жем­қорлықпен күрес, әділеттілік туралы жиі айтып жүрсіз. Бұл – қоғам үшін аса қа­жет құндылықтар. Әсіресе, бүгінгі таң­да. Ал осы құндылықтар енді мем­лекеттік саясатта қалай көрініс таппақ? 

«Қоғамдық құндылықтар – сан ғасырлар бойы халықтың санасында пісіп-жетілетін ізгілік категориялары, моральдық іргетас. Ізгі құндылықтар – қоғамның иммунитеті.

Алайда, әр заманның, әр қоғамның өне бойына батпандап кіріп, мысқалдап шығатын дерттер болады. Жемқорлық – сол қоғамдық санаға сына қағатын қасірет. Бүгінде жемқорлық қоғамдық өмірдің көптеген тұстарын жайлағаны жасырын емес. 

Иә, Үкімет өз тарапынан заң аясында күресіп жатыр. Бұл аздық етеді. Егер әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жем­қор­лықты жеңу үшін тек қана қатаң жаза ғана емес, жан-жақты кешенді іс-әрекеттер қажет. Жемқорлықпен күрес ымырасыз жүруі тиіс және бұл тек Үкіметтің ғана емес, әрбір адамның міндетіне, керек десеңіз парызына айналуы тиіс. 

Жақында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасына осы бағытта нақты тапсырмалар бердім. 

Ұлы гуманист Махатма Гандидің «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген әйгілі нақылы бар ғой. Ең бастысы, қоғамдық пікірге, әр адамның санасына осы кеселге үзілді-кесілді қарсы тұратындай күш пен сенімді сіңірмесек, түпкілікті өзгеріс жасамасақ, барлық әрекетіміз нәтижесіз күреске айналуы мүмкін. 

Жалпы, әділеттілік – қоғамды өрке­ниетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық. Ол жоғалған сәтте азаматтар арасында наразылық туындайды. Бұл құндылық алдымен мемлекеттік саясатта көрініс табуы керек деп санаймын. Нақтырақ айтсақ, заң алдында барлық азамат тең құқылы болуы тиіс. Қылмыс жасаған азаматтар лауазымына қарамай заң шеңберінде жазалануы шарт. 

Әсіресе, жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс жасауына теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қала­дағы жас азамат үшін де, лауазымды, ау­қатты немесе қарапайым шаруа отба­сының баласы үшін де әлеуметтік лифт­тің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Ай­налып келгенде, әлеуметтік теңдік деге­німіз – осы. Біз осыған қол жеткізуге тиіспіз.

Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет», - деді Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы