Қашықтан оқыту. Білікті ұстаздарға сұраныс артады – Мұрат Әбенов

18 Сәуір 2020, 22:39
1849
Бөлісу:
Қашықтан оқыту. Білікті ұстаздарға сұраныс артады – Мұрат Әбенов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Қашықтан оқыту – оқушылар мен ата-аналар үшін жаңа тәжірибе" тақырыбында өткен онлайн конференция барысында қоғам қайраткері Мұрат Әбенов қашықтан білім берудің тиімділігі жайлы айтты.

Онлайн жиналыс ҚР Білім және ғылым министрлігінің  Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың, қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтің, химия пәнінің мұғалімі Жігер Телеухановтың және ата-аналардың атынан сөйлеген Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызының, танымал  тележүргізуші Гүлнәз Әлімгерейдің, блогер Алмас Тоқабаевтың, сондай-ақ маңғыстаулық үш оқушының анасы Ақбөбек Жолбасарованың қатысуымен өтті. 

Қашықтан оқыту, бұл бірінші кезекте шағын жинақты мектептер үшін тиімді. Ол жерлерде физика, информатика сынды пәндердің мұғалімдері болмайды. Шалғай ауылдардағы балалар үшін аталған пәндер сапалы оқытылмайды. Ал, қашықтан оқыту жүйесі арқылы бүкіл Қазақстанға сабақ беретін мықты азаматтарды табуға мүмкіндік туып отыр. Қазақстан бойынша жақсы ұстаздарды іріктеп алсақ, болашақта солар арқылы теледидарды пайдалана отырып, шалғай елді-мекендердегі және шағын жинақты мектептерде сабақ жүргізу мүмкіндігі бар, – деді Мұрат Әбенов.

Сондай-ақ, онлайн пікір алмасу барысында Мұрат Абдуламитұлы қашықтан оқыту жүйесі білім саласындағы бәсекелестікке қабілеттілікті арттырып, туғызғандығын және нәтижесінде талантты азаматтарды алға шығарып жатқандығын да атап өтті.

Онлайн жиынның модераторы, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан министрлік ішкі жиындарды халыққа ашық форматта көрсетуді өткен жылы бастағанын айтты.
Ведомстваның барлық мәселесі көтеріліп, апта сайын өтетін аппараттық кеңесті ішкі жиналысы болғандықтан көпшілікке көрсетудің қажеті жоқ. Бірақ, 2019 жылдың күзінен бастап ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің шешімімен жиналыстарды осылай тікелей эфирде көрсетіп жүрміз. Қазіргі таңда қашықтан оқыту жүйесіне байланысты ата-аналарды, ұстаздарды, сарапшыларды, IT саласының мамандарын тікелей эфирге қосып, мәселелерді талқылап жатырмыз, - деп атап өтті министрдің кеңесшісі. 
 
Өзгелердің жаңалығы