Билет тапшылығы. Кім кінәлі және не істемек керек?

Билет тапшылығы. Кім кінәлі және не істемек керек?

Қазақстанда «жаз басталды дегенің, азап басталды дегенің» дейтін жағдай жыл сайын қайталанып, кешенді шешімін таппай келеді. Демалыс маусымы басталған кезде теміржол мен әуе билеттерін сатып алу мұңғай айналып, пойыздар мен ұшақтар кешігіп, бағалар шарықтап кетеді. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі бұл мәселеге қатысты ұлттық компанияларға сұрау салып, жағдайға жан-жақты үңіліп көрді.

Теміржол билеттерінің тапшылығы

Қазіргі кезде Қазақстанның темір жолдарында 143 пойыз жүреді. Оның 105-і «Жолаушылар тасымалы» компаниясына, 28-і жеке тасымалдаушыларға, ал 10-ы өзге теміржол әкімшіліктеріне тиесілі. Осы пойыздардың тек 19-ы «Тальго» вагондарымен, ал қалғандары стандартты вагондармен жүреді.

ҚТЖ ақпаратынша, былтыр еліміздің пойыздарымен 14,1 млн жолаушы тасымалданған. Оның 4,5 млн адамы немесе жалпы санының 32%-ы жаз мезгіліне тиесілі. Мәселен қыста бұл көрсеткіш – 2,9 млн адам (20%), көктемде – 3,4 млн адам (25%), күзде – 3,3 млн адам (23%).

Билет тапшылығы. Кім кінәлі және не істемек керек?

Әлеуметтік желідегі ой-пікірлерді ескерсек, биылғы көрсеткіштер былтырғыдан асып түспесе, кем болмайтын сияқты. Адамдар билет тапшылығы, алып-сатарлық пен қымбатшылық сияқты мәселелерді айтуда.

Редакцияның «ҚТЖ бұл мәселені қалай шешпек?» деген сауалына ұлттық компания былай жауап берді:

Бүгінгі таңда кейбір бағыттар бойынша пойыз билеттері жоқ. Билеттерге сұраныстың артуы негізінен мереке күндері, жазғы және қысқы кезеңдерде пайда болады. Ұлттық тасымалдаушы - халықтың билеттерге деген сұранысын қанағаттандыра отырып, «Күту парағы» қызметін іске асырдық. Билеттер болмаған жағдайда жолаушы кезекке 7 күннен ерте емес және де пойыз жөнелтілгенге дейін 2 сағаттан кешіктірмей тұра алады. Бос орындар пайда болған кезде жолаушы жеке кабинетте орындарды сатып алу қажеттілігі туралы ақпаратты, сондай-ақ SMS хабарлама алады. Бұл қызмет bilet.railways.kz сайтында жұмыс істейді, сондай-ақ оны билет кассасында пайдалануға болады, - деп мәлімдеді ҚТЖ.

Ұлттық компанияның мәліметінше, «билеттер сатылымда жоқ, алайда кейін алып-сатарлар мен жол серіктерде болады» деген мәселе цифрландыру мен онлайн сатылым арқылы шешіледі.

Теміржол билеттерін сатуды ұйымдастыру және онлайн-сату үлесін арттыру – ұлттық тасымалдаушы қызметінің бағыттарының бірі. Электрондық билеттеу жүйесін енгізудің арқасында онлайн-сатылымдардың үлесі қазіргі уақытта 70%-дан астам өсті. Жол жүру құжаттарын комиссиясыз ұлттық тасымалдаушының билет кассалары, билеттерді сату жөніндегі BILET.RAILWAYS.KZ ресми порталы және «ҚТЖ билеттері» мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады. Айта кету керек, бүгінгі күні қолданыстағы билеттерді сатудың электрондық жүйесі жетілдірілген және пайдаланушыларға билеттерді қайта ресімдеуге мүмкіндік бермейді. Билеттерді сатып алу процесі ашық, сондықтан билеттерді қайта сатумен байланысты заңсыз әрекеттерді жасау мүмкін емес, - дейді ҚТЖ.

Қазір «ауыса отырып жол жүру» қызметі бар екенін де айта кетейік. Ыңғайлы сапар және уақытты үнемдеу үшін жүйе жолаушыға пойыздан пойызға ауыса отырып, межелі жерге барудың мүмкін нұсқаларын таңдайды. Онлайн-сервис қазірдің өзінде bilet.railways.kz сайтында және билет кассаларында іске қосылған.

Демалысыңызды алдын ала жоспарлаңыз

Билет тапшылығы. Кім кінәлі және не істемек керек?

Халық арасында сұранысқа ие бағыттар: Астана-Алматы, Алматы-Маңғыстау, Астана-Шымкент және Астана-Қызылорда және т.б. Бұл бағыттарда билеттерді 1 ай бұрын алмасаңыз, құр қаласыз.

Сондай-ақ ел азаматтары Астана мен Алматыдан шығып, Алакөл, Бурабай сияқты демалыс орындарына жиі баратыны айтылды. Осыған байланысты ҚТЖ қосымша маршруттар ұйымдастырғанын мәлімдеді.

Жазғы маусымда Бурабай курорты мен Алакөлге сұраныс жоғары. Астанадан алғаш рет Астана-Достық бағыты бойынша жайлы вагондары бар «Тальго» пойыз ұйымдастырылды. Ол Алакөл курорт станцияларына жүретін болады. Бұдан бөлек, қосымша 6 жазғы маршрут ұйымдастырылды, олар: Алматы, Астана, Семей және Өскемен қалаларынан Достық станциясына дейін. Сондай-ақ 17 маусымнан бастап «Қарағанды-Астана» жүрдек электр пойызының бағыты Бурабай курорты станциясына дейін ұзартылады. Маршрут демалыс күндері сенбі және жексенбі күндері жазғы кезеңнің соңына дейін жүреді. Біздің барлық бастамаларымыз халықтың билетке деген сұранысын қанағаттандыру мақсатына бағытталған, - деп атап өтті ҚТЖ.

Пойыз болмаса, ұшып көр...

Билет тапшылығы. Кім кінәлі және не істемек керек?

Қалаған жеріңізге теміржолмен жете алмай, ұшақпен баруды қарастыратын болсаңыз, бұл жақта жағдай мәз емес. Себебі билет жаз болсын, қыс болсын болуы мүмкін, алайда оның не бағасы удай, не рейстері кешігіп жатады. Түйіткілді мәселенің ушығып тұрғаны соншалықты бұл іске жақында Үкімет те араласты. Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, ел азаматтарының отандық авиакомпанияларға айтылған сыны өте орынды.

Баға саясатына қатысты да сұрақ бар. Мысалы отандық лоукостердің Астана-Алматы бағытындағы 1,5 сағаттық рейсінің бағасы Еуропа, АҚШ немесе Қытайдағы осындай маршруттан 2 есе қымбат болуы мүмкін. Авиакомпаниялар қолданып жүрген динамикалық баға реттеу жүйесі тұтынушылардың мүддесі үшін емес, кірісті барынша арттыруға жұмыс істейді, - деген еді Үкімет басшысы.

Осыдан кейін Азаматтық авиация комитеті жолаушылардың құқығын күшейтуге арналған бірқатар түзету енгізіп үлгерді. Мәселен:

  1. Авиакомпаниялардың жолаушылар алдындағы жауапкершілігін күшейту үшін «рейс мәртебесін өзгерту» ұғымы енгізілді. Бұған дейін жылы тамақ ұсыну, қонақ үйде күнелту және оған барып қайту қызметтері рейс кешіктірілген немесе тоқтатылған жағдайда ғана беріліп келгенін атап өткен жөн. Енді тасымалдаушылар жоғарыда аталған қызметтерді рейстің ұшып келу уақытына немесе бағытына әсер ететін кез келген өзгерістер кезінде ұсынуға міндетті.
  2. Егер де жолаушы авиакомпанияның қызметін пайдалануға шектеуі (осыған дейін аталған норма болмаған) тұлғалардың тізімінде болған жағдайда тасымалдаушының бастамасымен әуе тасымалы тоқтатылуы мүмкін. Аталған норма «қара тізімдегі» деструктивті жолаушыларға байланысты енгізіліп отыр. Авиакомпания жолаушының іс-әрекеттерінен әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері байқалған жағдайда ғана қара тізімге қосуға құқылы.
  3. Жолаушыны жеке телефон нөмірі мен электронды поштасы арқылы рейстің кешігуі, сондай-ақ оның бұл жағдайдағы құқықтары туралы міндетті түрде хабардар ету (бұл норма қарастырылмаған еді). Бұған дейін мұндай жұмыс ерікті түрде жүргізіліп келді. Бірақ жекелеген компаниялар бұл тәжірибені мүлдем ұстанбаған, ал кейбір жағдайда ақылы негізде қызмет көрсеткен. Осыған байланысты еліміздің авиациялық билігі жолаушылардан билеттерді сатып алу кезінде жеке байланыс мәліметтерін (ұялы нөмір мен электронды мекенжайды) көрсетуін сұрайды.
  4. Тасымалдаушы ұйымның кесірінен рейс мәртебесі өзгерген жағдайда қызмет көрсету мен 3% мөлшерінде айыппұлды төлеу түрінде әуе компаниялардың жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ айыппұл өтелмеген жағдайда әкімшілік жауапқа тартудың жолдарын қарастыру (бұған дейін бұл тәртіп болмаған). Жүргізілген талдау жекелеген қызмет ұсынушының жолаушыларға өтемақыны уақтылы төлемейтінін көрсетті. Өкінішке қарай, авиакомпаниялардың ұшу күнінен бастап 6-7 ай көлеміне дейін өтемақыны төлемеген фактілер тіркелген. Жоғарыдағы норма рейсті кешіктіргеніне байланысты өтемақыны уақтылы төлемейтін ұйымдарға тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
  5. Рейстің мәртебесі 5 сағат артық уақыттан кейін өзгерген кезде қаражатты толық қайтару немесе қайта брондау құқығын енгізу. Осыған дейін тиісті заңда билет ақшасын қайтару рейс 10 сағаттан артық уақыт асқан жағдайда ғана толық көлемде өтеліп келді. Алайда 10 сағат өткеннен кейін әуе тасымалының өзектілігі жойылып кететіні ескеріліп, бұл уақыт 5 сағатқа дейін қысқарды.

Осыған қоса Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі алдағы уақытта келіп түсетін өтініштерге талдау жүргізіп, қажет болған жағдайда халықаралық стандарттар мен әлемдік үрдісті ескере отыра осы бағыттағы заңнаманың талаптарын қайта қарайтын болатын жеткізді.

Жеңілдіктер, жаңа пойыздар мен ұшақтар

Билет тапшылығы. Кім кінәлі және не істемек керек?

Теміржол мен әуе билеттеріне қатысты осындай жағдайда біреу біліп, біреу білмейтін түрлі жеңілдіктер бар. Мәселен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тұтынушылар үшін «Алтын», «Күміс», «Жастар», «Саяхатшы» сияқты дисконт карталарын ұсынады. Кейбір санаттар бойынша жеңілдік 25%-ға дейін жетеді.

Сондай-ақ Қазақстанда ішкі туризмді ынталандыруға бағытталған отбасылық «Kids go free» демалыс бағдарламасы бар. Ол 2 жастан бастап, 17 жасқа дейінгі балаларға ұшаққа тегін отыруға мүмкіндік береді. Алайда ол сіз ішкі туризм бойынша сапарды ұйымдастыруға лицензиясы бар компаниядан тур сатып алуыңыз керек.

Билет тапшылығы мен қымбатшылықпен күресудің бірден-бір жолы –пойыздар мен ұшақтар санын көбейтіп, бәсекелестікті арттыру. Осы тұста ҚТЖ биылғы жылдың соңына дейін Тверь вагон жасау зауытының технологиясы бойынша жасалған 50 жаңа жолаушылар вагонын сатып алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұдан бөлек Қазақстан 2025-2030 жылдар аралығында Штадлер технологиясы бойынша жасалған 537 жолаушылар вагонын сатып алмақ.

Елімізде әуе кемелерінің паркін ұлғайтып, тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша да жұмыс жалғасуда. Мәселен жақында «SCAT» әуекомпаниясының паркі тағы бір Боинг Б737-800-бен толықты. Осылайша авиакомпанияның паркі 36 ұшаққа жетті.

Ал «Fly Arystan» флоты «А320neo» ұшағымен толығып, флот санын 15-ұшаққа дейін жеткізді. Отандық лоукостер жыл соңына дейін тағы 3 әуе кемесін алуды жоспарлап отыр. Осылайша оның құрамында «Airbus» зауытынан шыққан 18 ұшақ болады.

Бөлісу: