Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) жаңартылған әлемдік рейтингінде бесінші орынға көтерілді.
Шілде айына арналған рейтингке сәйкес, 22 жастағы қазақстандық гроссмейстер 2538 рейтингтік ұпай жинап, бірден екі сатыға жоғарылады. Осылайша, ол алғаш рет әйелдер арасындағы әлемнің ең үздік бес шахматшысының қатарына енді.
Әлемдік рейтингтің көш басында Қытай өкілі Хоу Ифан (2596 ұпай) тұр. Екінші орында – Лей Тинцзе (2566), үшінші орында – қазіргі әлем чемпионы Джу Вэнцзюнь (2560). Төртінші сатыда тағы бір қытайлық шахматшы Чжу Цзиньере (2550) орналасса, үздік бестікті Бибісара Асаубаева (2538) түйіндеп тұр.
Бибісара Асаубаева – Қазақстанның ең танымал шахматшыларының бірі. Ол блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы атанып, халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшыларының бірі саналады.
Әлемдік рейтингтегі бұл жетістік Асаубаеваның халықаралық деңгейдегі тұрақты жоғары нәтижелерінің айқын дәлелі болып, қазақстандық шахмат тарихындағы маңызды белестердің біріне айналды.
Еске салайық, жуырда Бибісара Асаубаева ІІ дәрежелі «Барыс» орденін алған болатын.
Ал оған дейін шахматшы жалақысының қысқарғанын айтып, Тоқаевтан көмек сұраған еді.