БҒМ бекіткен олимпиада саны 56-дан 175-ке дейін көбейтілді

7 Маусым 2021, 15:44
2804
Бөлісу:
БҒМ бекіткен олимпиада саны 56-дан 175-ке дейін көбейтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстанда білім берудің барлық деңгейлеріндегі олимпиадаларды өткізу туралы» тақырыбында сөйлеген сөзінде Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты.

Білім және ғылым министрлігі олимпиадалардың тізімін бекіту бойынша тиісті өзгерістер енгізді. Тек қана сапалы өзгерістер енгізілгенін атап өту керек. Осы жылға дейінгі олимпиадалар тізімінде 56 олимпиадалық іс-шара қарастырылса, енді бекітілген тізімде 175 іс-шараға дейін кеңейтілді, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, әртүрлі бағыттарда дарындылықты анықтайтын олимпиадалардың саны ғана емес, сонымен бірге жарыстардың сапалық сипаттамалары да өзгерді.

Атап айтқанда, біріншіден, енді барлық олимпиадалардың, мектепішілік, аудандық, қалалық, облыстық және республикалық деңгейлері болуы шарт. Бұл балаларды ынталандыру үшін, әрі педагогтардың еңбегін көтермелеу тұрғысынан да маңызды. Өйткені нәтижелері олардың біліктілігін бағалау кезінде электронды түрде мұғалімнің өзінен сұрамай-ақ ескеріледі, - деп түсіндірді Каринова.

Екіншіден, бұған дейін бастауыш сынып, орта буын оқушылары үшін тізімде ешқандай олимпиадалар қарастырылмаған болатын. Енді жаңа тізімде аталған буындар бойынша негізгі пәндер бойынша олимпиадалар ұйымдастырылады.

Үшіншіден, ауыл оқушылары үшін зияткерлік жарыстар қарастырылды. Бұл да өте маңызды. Себебі көп жағдайда ауылдық оқушылар қалалық гимназия, лицей оқушыларымен бірге қатар қатысып, бәсекелесуге мүмкіндіктері болмай жатады. Сонымен қатар дарынды балаларға арналған мамандандырылған ұйымдар үшін зияткерлік жарыстар қарастырылды және мектеп оқушыларына арналған жоғары оқу орындарының олимпиадалары анықталды. Олардың мақсаты – мамандыққа тарту, кәсіптерді игеру үшін тереңдетілген білімдерді анықтау, кәсіптік бағдарлау жұмысы, - деп атап өтті ол.

Одан бөлек, енді оқу жылының басында барлық ұйым олимпиадалар мен конкурстарды өткізу туралы ережелерді, ондағы бағалау критерийлерін, қатысу шарттарын, өткізу мерзімдерін атап, толық ақпаратты білім мекемелеріне жеткізеді.

Оның сөзінше, жарысқа қатысушылардың базасы және олардың нәтижелері Ұлттық деректер қоры жүйесінде электронды түрде қолжетімді болады.

Өзгелердің жаңалығы