Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Көрнекті жазушы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған республикалық деңгейдегі іс-шаралар қыркүйек айына белгіленген. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялық қызметінде Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақов жария етті.
«Бейімбет Майлиннің 125 жылдығы Қазақстан үкіметінің қаулысымен бекітіліп, мерейтойлар тізіміне кіргізілген. Сондықтан, бұл іс-шара республикалық деңгейде өтеді. Тұлғаның өзі туған ауданмен бірлесіп, ақылдасып жатырмыз. Шамамен қыркүйек айында ғылыми-практикалық конференция, айтыс, тағы басқа да шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Ерлан Қалмақов брифингте.
Сонымен бірге, биыл Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығы. Мерейтойға арналған негізгі іс-шара күзге, дүниежүзілік музыка күніне жоспарланған. Осы кезге дейін облыстық әкімшілік ғимаратында отырған өнер ұжымы жақында жаңадан бой көтерген Жастар сарайына көшіріледі.
Басқарма басшысы осы және өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан өзге де жұмыстарды баяндады.
«Қостанайда бұрын-соңды қолға алынбаған жобалар іске асырылуда. Соның ішінде екінші жыл қатарынан ұйымдастырылған халықаралық дирижерлер форумы, тұңғыш өткізілген «Наурыз достарын шақырады» бишілер байқауы, Қызғалдақ фестивалі сияқты іс-шаралар дәстүрлі жобаларымыздың ауқымын кеңейтті деп айтуымызға болады», – деді ол.
Журналистер облыс орталығындағы бұрынғы мешіттің қазіргі жағдайы жөнінде сұрады. Өңір басшысының тапсырмасымен аталған ғимарат бүгінге дейін тарихи-өлкетану музейінің балансына өткізілген болатын.
«Қостанайдағы Ақмешіт 1893 жылы салынған. Тарихи ғимарат архитектуралық ескерткіштер қатарына және Қазақстанның киелі орындар тізіміне енгізілген. Бұған дейін де айтылғандай, атқарушы билік органдары ол ескерткішті назардан тыс қалдырмайды. Оны қалпына келтіру үшін ғылыми-жобалық құжаттар әзірленді. Бұл жұмысқа еліміздің үздік сәулетшілері тартылды. Олар ғимараттың әуелгі нұсқасын мұрағаттан іздестіріп тапты. Ақмешіт салынғанда мұнарасы қазіргіден 3 метр биік болғаны анықталды», – деді Ерлан Қалмақов.
Мәдениет басқармасы жіберген бюджеттік өтінім таяуда облыстық мәслихат сессиясында қолдау тауып, ескерткішті қалпына келтіру жұмыстарына 200 млн теңге бөлінді. Ғимарат жөнделген соң, оның қандай мақсатта қолданылатыны Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасымен ақылдасып шешіледі. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, қалпына келтіру жұмыстары 4 айға созылуы мүмкін. Алайда, онымен айналысатын мердігер ұйым енді анықталады.
Қоса кетейік, бүгінде Қостанай облысында 277 мәдени-демалыс ұйымы, 355 кітапхана, 10 музей, 5 кинотеатр, 4 театр, 1 филармония жұмыс істеп тұр.