Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Жамбыл облысында «Бейбітшілік және келісім» жобасы бастау алғаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та, өңір басшысы Бердібек Сапарбаев та қолдаған, республика аумағында ең алғаш Әулиеата аумағында ұйымдастырылған аталған жоба табысты аяқталды.
Бұл жайында Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар жөніндегі мәселелер бөлімінің басшысы Құдайберген Рысдәулет айтып берді.
Оның сөзінше, «Бейбітшілік және келісім» жобасы облыс аумағында 1 наурыздан қайта бастау алған. Бұл жолы «Этнос және конфессияаралық келісім», «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту», «Құқық қорғау саласы» сияқты үш жұмыс тобы құрылып, аудандарды аралайды екен.
Жұмысшы топтары өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, білім беру мен медициналық қызметтер сапасын жақсарту, жұртшылықтың діни білім деңгейін көтеру бағытында қызмет етуде. Сонымен қатар олар азаматтарға арналған жылжымалы қабылдау өткізуді, әлеуметтік мәселелерін шешуді, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыруды, халыққа несие беру бойынша кеңестер ұсынуды, халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешуді, заң аясында көмектесуді мақсат еткен. Бизнесті қолдау мен дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы да ақпараттандырады, - деді Құдайберген Жамбылұлы.
Өткен жылы нәтижелі аяқталған жоба қазірдің өзінде Меркі, Шу, Байзақ және Жамбыл аудандарында жемісті басталған көрінеді. 1 наурыздан бері жұмысшы топтары бас-аяғы 430 іс-шара ұйымдастырып үлгерген. Оларға 10 400-ден астам адам тартылған. Тұрғындармен 72 қоғамдық қабылдау мен 110 кездесу өтіп, 600-ге жуық азаматтың мәселесін шешуге көмек беріліпті.
Жоба аясындағы жұмыстар мұнымен шектеліп қалған жоқ. Айталық, 250-ден астам азаматқа медициналық көмек көрсетілді, 150-ге жуық тұрғынның қайтарымсыз грант алуына септесіп, жәрдем бердік. 241 адамның тұрақты жұмысқа орналасқанын да маңызды нәтиже деп білемін, 29 жас Жастар тәжірибесіне жолдама алды, - дейді басқарманың бөлім басшысы.
Жауапты маман құқық қорғау саласы тобының мүшелері 367 адам қамтылған 18 іс-шара өткізгенін де жеткізді. Бұл басқосулардың барысында 89 азамат заңнамалық кеңес алып, көкейлеріндегі сауалдарының түйінін тапқан. Ал жұмыс тобының құрамына облыс аумағындағы барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың, тиісті басқармалардың мамандары енген.
Реті келгенде айта кетейін, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту» тобының да құрамына жергілікті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау, білім, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, ветеринария, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармалары мен еңбек инспекциясының өкілдері кірді. Олар да аудан-ауданды аралап, тиісті жұмыстарын атқару үстінде. Жұмысшы тобы күні кешеге дейін 144 іс-шара өткізіп, 3 563 адам қамтылды, - деді Рысдәулет.
Оның айтуынша, аталған шаралар барысында топ мүшелері ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмыстағы мәселелерін шешіп қана қоймай, кәсіпкерлердің проблемаларына да назар аударған. Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы туралы толықтай түсініктемелер беріліп, туындаған мәселелерді жеке-жеке талқылапты.
Осы секілді шаруалар енді Талас, Сарысу және Қордай аудандарында 16-27 наурыз аралығында өтетін болады. Аталған аудандардың тұрғындары түйінді мәселелері мен шешімін таба алмай жүрген сұрақтарын ұйымдастырылатын жобаның жұмысшы топтарымен кездесіп, назарларына жеткізулеріне мүмкіндіктері бар. Жоба жұмысын аяқтаған соң тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жол картасы жасақталып, орындалуы қатаң қадағаланатын болады, - деді Құдайберген Рысдәулет.