Бейбіт өміріміз үшін Елбасы еңбегі қандай құрметке де лайық – Айзада Құрманова

23 Наурыз 2019, 16:05
2551
Бөлісу:
Бейбіт өміріміз үшін Елбасы еңбегі қандай құрметке де лайық – Айзада Құрманова
Фото: автордан

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Елорда атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертуге қатысты ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Айзада Құрманова пікір білдірді.

Халық қалаулысы Ұлт көшбасшысының еліміз үшін жасаған игі істеріне алғысын жеткізді. Оның пікірінше, батыл, тәуекелге толы идеяларды алып шыққан Қазақстан Президенті сөзі мен ісінің бірлігін қысқа уақыт ішінде дәлелдей алды.

«Қаншама қиындықтар кез болса да еліміз дұрыс бағыттан айныған жоқ. Ерек туған Елбасы елін әлемдік дағдарыстарда да қиыннан қиыстырып, жол тауып алып шықты. Қателесуден, сүрінуден қорыққан жоқ. Дағдарыстың алып толқындарының дыбысын көреген саясаткер алыстан сезді. Сезді де елін дайындыққа жұмылдырды. Үлкен дайындықтар, алдын ала болжанған болжамдар өз жемісін бермей қойған жоқ. Ұлтына, ұлысына қарамай, ортақ іске жұмылған тұрғындарды осындай тұрақтылық, экономикалық ілгерілеулер тұтастандыра түсті. Экономикасы, саясаты, ұстанымы тұрақты Қазақстанды әлем алғаусыз мойындады. Халық Президентіне сенді, оның бастамаларына, ісінің баяндылығына сенді. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, баянды болашақтың іргетасын құрған Тұңғыш Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлем мойындаған лидер. Сындарлы саяси жағдайлардан елді аман алып қалып, дүниежүзінің алдында мемлекетіміздің беделін көтерген тұлға үлкен құрмет пен марапатқа лайық», - дейді Айзада Құрманова.

Халық қалаулысының пікірінше, Астанаға Елбасы есімінің берілуі заңды құбылыс. Туған халқы қолдап, қуаттаған Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы өзіне жүктелген тарихи миссияны қалтқысыз атқарды. Қазақстан егемендігін алып, туын тігіп, іргесін бекітіп қана қойған жоқ, әлем жұртшылығы таныған тұлғалы мемлекетке айналды, үлкен, мызғымас беделге ие болды. Соның бәрі – ел тізгінін берік ұстаған бірегей тұлға Елбасының арқасы.

«Елордамыз Астананы алғашқы Президенттің атына ауыстыру туралы шешім  – xалықтың Нұрсұлтан Назарбаевқа деген құрметі деп білеміз. Тұңғыш Президентке қала атын беру әлемдік практикада бар және қолдау тапқан. Осы шешімді қабылдай отыра Қазақстан өз Елбасын қалай құрметтеу керектігін барлық мемлекеттерге үлгі қылып көрсетті. «Мәңгілік ел» болуға алғаш қадам бастаған алғашқы көшбасшымызға күш-қуат берсін!» - дейді Айзада Құрманова.

Өзгелердің жаңалығы