Бетті бастық, қатты састық: Депутат бейәдеп фильмдер мен бейнеконтенттерді сынға алды

9 Қараша 2022, 13:27
1477
Бөлісу:
Бетті бастық, қатты састық: Депутат бейәдеп фильмдер мен бейнеконтенттерді сынға алды

Бұл туралы бүгін өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақпал Тәжмағамбетова Бас прокурор мен Мәдениет және спорт министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Сорақылық төрге озған заман болды. Сахнаға шыққан әнші мас боп сөйледі, боқауыз да айтты, құтылды. Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды. Ал балағаттау насихатқа айналды. Оның алды телеарналарда жүр. «Хит ТВ» телеарнасының Qaz Stand Up's бағдарламасы осының дәлелі. Кейінгі кезде мазмұны, контекст боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап келеді. Дөрекелік көріністері кинода ғана емес, кино эпизоды арқылы да барлық әлеуметтік желёрде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын «Қайрат болма, адам бол» деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын да көрдік. Олар энді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Соның бір көрінісі дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатқан «Пацанские истории» фильмі.  Әрине, 18+, 21+ жас санатына арналған мұндай фильмдерге ешқандай шектеу жоқ, - деп атап өтті мәжілісмен. 

Айтуынша, бұл әрекеттер біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологиямызға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатқанын түсініп жатқанымыз шамалы. 

ҚР кинематография туралы Заңының 8 бабының 3 тармағында «ҚР аумағында «21 жастан бастап» жас санаты бар фильмді кинозалдар мен осы мақсаттарға арналған өзге де орындарда жергілікті уақытпен сағат 22:00-ден кейін таңға 06:00-ге дейін прокаттауға жол беріледі» деп нақты көрсетілген. Ал бұл фильм кинотеатр кешкі сағат 18:00-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе көрінеу заңды белден басу ма? Жаңа Қазақстанда заң үстемдігін орнатуға күш салып жатқанда мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Прокаттауға рұқсат беретін Мәдениет министрлігі бұған не дейді? – деді Мақпал Тәжмағамбетова. 

Сонымен қатар ол ұрпақты дүбәра қылатын сипатқа ие арзан фильм, бейнеконттердің көбейіп кеткенін айтып қынжылды. 

Ал жалпы белең алып бара жатқан мұндай арзан күлкі, бейпіл сөз, белден төмен әңгімелерге толы бейнеконтенттер, фильмдер, сериалдар өз алдына, енді бейәдеп сахналар, сайқымазаққа айналған халықтық шығармалар театрларда көрсетіле бастады. Оның бір мысалы, Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық театрда сахналанған Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» шығармасы. Көрдік. Қатты сасқанбыз, бетті басқанбыз. Қоғамның сұранысы деген желеумен ұлттық шығармаларды да былғай бастадық. Мұндай әрекеттер қоғамға, өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен санасына тіпті әрірек айтсақ, мемлекеттігіміздің тұтастығы мен ұлттық ұстынымызға қауіп төндіріп отырғандығын қоғам жанашырлары шырылдап айтып та жүр. Рухани ұстынымызды қайтсек түгендейміз деп жүргенде, ұрпақты дүбара қылатын мұндай насихат жаудан да қауіпті болып тұр, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы