Берік Уәли: «Дүлдүлдер дүбірі» - қазаққа ортақ құндылық

13 Қазан 2022, 13:31
3617
Бөлісу:
Берік Уәли: «Дүлдүлдер дүбірі» - қазаққа ортақ құндылық
VIDEO

Жылқы десе елеңдемейтін қазақ жоқ. Жақында жаңа теле-маусымын бастаған «Хабар» арнасы «Дүлдүлдер дүбірі» деген бағдарлама бастады, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Осыған орай «Хабар» агенттігі АҚ басқарма басшысы Берік Уәлиден жылқыға арналған бағдарламаның қалай жасалғанын, оған не түрткі болғанын сұраған едік.

- Берік аға, жақында өзіңіз басқарып отырған «Хабар» телеарнасы жаңа теле-маусымын бастады. Бағдарламалардың ауқымды екенін бағамдаған болатынбыз. Соның ішінде жанымызға жақын жануар – жылқыға қатысты «Дүлдүлдер дүбірі» бағдарламасы да болды. Сізден осы жайлы сұрағым келіп еді. Қалай басталды, өзі?

- Өзім де атқа мінемін, жылқыны жақсы көрмейтін қазақ жоқ, жылқыға қызығамын. Бала кезде ауылда бәйгеге шапқамын. Тіпті 1990 жылдары ел ішінде наурыз мерекесі енді тойланып жатқан уақытта, ауылдағы наурыз тойында «Домбырақасқа» деген тайыммен бірінші орын алғаным бар.

Оның үстіне ел іші болған соң, қатар-құрдастарымыз көп, атбегі достарым да аз емес. Қарағандыдағы бір жиында сол өңірдегі атбегі жолдастарым жылқы жайлы әңгіме айтып, бәріміздің аузымыздың суын құртты. Халық арасында небір керемет аңызға бергісіз оқиғалар бар ғой. Содан не керек, бұрында ойымда жүрген, мына әңгіме де түрткі болды, жігіттерге уәде бердім, «тура осындай бір бағдарлама жасаймын» деп. Бәрі қолдап, ондай оқиғалардың небір түрі бар екенін айтты.

Жұмысқа келген соң Сәкен деген журналисті шақырып алып, тапсырма бердім. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, ол да жылқықұмар жігіт еді, жобасы да әп-сәтте дайын бола қалды. Жобамен танысып, пысықтадық та, бірден өндіріске жібердік. 

- Бұндай бағдарлама бұрын қазақ телевизиясында болмаған ба сонда?

- Шынын айтсақ, осы қазақ телевизиясында бұған дейін жылқыға, жүйріктерімізге, сәйгүліктерге арналған бағдарлама ашылғаны менің есімде жоқ. Қателессем бұрын жасаған әріптестер болса, ренжімес. 

Бағдарламаны қолға алған кезде осы олқылықтың да орнын толтырайын деген ой болды. Оның үстіне, бұрын қатардағы журналист болып жүрген кезде «мынау неге жасалмайды?», «осындайды жасауға болмай ма?» деп басшылыққа кейіп, іштей ренжіп жүретінбіз. Ал қазір өзіміз басшылықта отырғаннан кейін, неге өзіміз жасамасқа деп, ел ішіндегі жылқыға қатысты әңгімелер, аңыздар негізінде бағдарламаны қолға алдық.

Тәуелсіздіктің 31 жылдық тарихында тек қана төрт түліктің төресі атанған жылқы малына арналған бағдарлама болды дегенді естімеппін. Әрине, ат спортына қатысты бағдарламалар болғанын жоққа шығармаймыз. 

- Енді телеарна болған соң көбінде рейтингпен өлшейміз ғой. «Дүлдүлдер дүбірінің» аяқалысы қалай?

- Жасыратын нес бар, рейтинг бойынша, қаралымы өте жоғары бағдарламаға айналып келеді. «Хабар» арнасының көрермендері күтіп отырып көретін бағдарламалардың біріне айналды деуге болады. Жаңа теле-маусым енді ғана басталғанын ескерсек, «Дүлдүлдер дүбірі» алысқа кетеді деп болжап отырмын.

- Жаңа бір сөзіңізде ел арасындағы аңыз-әңгімелер туралы айтып қалдыңыз ғой. Бағдарламаны жасауда қандай тетіктерге сүйенесіздер?

- Ойыма жақсы салдың. Осы орайда жылқытанушыларға, жылқы шаруашылығымен айналысатын азаматтарға, жылқыны зерттеп жүрген ғалымдарға, атбегілерге, көкпаршыларға құлаққағыс жасағым келеді. 

Егер сіздерде осы бағдарламаға, осы салаға қатысты қандай да бір ой, ұсыныс, пікірлер, сын-ескертпелер болатын болса, редакциямыз қуана қарсы алады, тыңдауға дайын. Бағдарламаның шығармашылық ұжымына айтып, ескертіп, жасауға әркез әзірміз. 

Бағдарлама «Хабар» арнасына тиесілі болса да, құндылығымыз ортақ, жылқымыз ортақ, оған деген сүйіспеншілігіміз, құрметіміз ортақ. Сондықтан да, «келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, көрермендерімізге «Дүлдүлдер дүбірі» бағдарламасын тамашалап, ойларыңызды айтыңыздар дегім келеді. Әрине, біз де өз тарапымыздан бағдарламаны жетілдіре береміз, дамыта береміз. Ал әр бағдарламаның көрермені көбейіп жатса, біз үшін одан өткен қуаныш жоқ.

- Берік аға, қысқа-нұсқа әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы