Берік Әбдіғалиұлы: «Тілдік патрульдер» қозғалысының нақты себебі бар

2 Қыркүйек 2021, 12:54
7350
Бөлісу:
Берік Әбдіғалиұлы: «Тілдік патрульдер» қозғалысының нақты себебі бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде өткен брифинг кезінде мәлім етті.

Ол тіл сақшыларына байланысты даудың бекер шықпағанын айтты.

Өткендегі тіл патрульдерінің қозғалысын бәрі кінәлауда. Оның шын мәнінде өзіндік себебі бар. Себебі тіл туралы заң қанағаттандырарлық емес. Өйткені тіл заңын бақылайтын бүгінгі күні құзыретті орган, ол - жергілікті жердегі Тіл басқармалары. Бірақ олардың құқығын 2018 жылы алып тастаған. Өйткені кәсіпкерлерге кедергі жасайды деп есептелді. Сол себепті бүгінгі күні Тіл басқармаларының шамасы жетпейді, - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Оның мәлімдеуінше, егер ұлттық тілге жанашырлық таныту мақсатында кез келген дүкен иесіне қазақша қатеңді дұрыста деп айтсаң, кәсіпкерлердің құқығын шектейтін азаматқа айналасың.

Қазіргі таңда дүкен және басқа да мекемелерде қате көп. Қайда жүрсең де қазақ тілінде қателер көп. Әрине, ол ұлттың намысына тиеді. Әрбір азаматтың намысына тиетін проблема. Мұндай жағдайда жайбарақат отыруға болмайды. Әрине, радикалдық жолға мүмкіндік бермеуіміз керек. Дегенмен де қазақ тілінің, оның ішінде тілдер заңының іске асуының жаңа деңгейіне бақылауды күшейтуіміз қажет. Сондықтан біз депутаттық жұмысымызда осы мәселені көтердік. Өкінішке қарай, қазіргі таңда Үкіметпен тіл табыса алмай жатырмыз. Үкіметтің ойынша, кәсіпкерлердің мүддесі ұлттық намыстың мүддесінен жоғары деп есептейді, - деді Берік Әбдіғалиұлы.

Өзгелердің жаңалығы