Жанармай бағасының өсуіне не себеп?

16 Сәуір 2021, 11:50
4841
Бөлісу:
Жанармай бағасының өсуіне не себеп?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.«Argus Media» компаниясының Орталық Азия және Каспий аймағы бойынша вице-президенті Тимур Ілиясов елде жанармай бағасының өсуіне негіз болған себептерді атады.

Оның айтуынша, бензин бағасының өсу себептерін ағымдағы және жаһандық деп екіге бөліп қарастыруға болады.

Ағымдағы себеп ретінде Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қаңтардан бері жалғасып келі жатқан өндірістегі проблеманы атап көрсеткен жөн. Сонымен қатар мамырдың бірінен маусымның онына дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытында, шілде айында Павлодар мұнай өңдеу зауытында жөндеу жұмыстары басталады деп күтілуде. Бұл да бағаға кері әсерін тигізуі мүмкін, - деді ол.

Ал жаһандық себеп ретінде ол әлемдегі бағаның құбылуын атап көрсетті.

Біз әлемнің бөлшегі болған соң, ондағы бағаның құбылуы бізге әсерін тигізбей қоймайды. Екіншіден мұнай кен орындарында өндіріс көлемінің төмендеуі тағы бар. Қашаған сияқты экспортка бағытталған кен орындарын айтып тұрған жоқпын. Бірақ жергілікті кен орындарында өндіріс төмендеген. Оны арттыру үшін инвестиция тарту қажет. Ал инвесторға ақша салу тиімді болуы керек. Қазақстанда шығарылған мұнай елде қалу үшін сол тиімділікті арттыруымыз тиіс, - деді ол.

Тағы бір себеп ретінде ол Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа өтуін атап өтті. 2025 жылы мұнай өнімдерінің нарығы ортақ болады. Көршілес елдерге бізден келіп арзан мұнай сатып алу мүмкіндігі туады. Осыдан елде мұнай өнімдерінің тапшылығы туындауы мүмкін. Сондықтан мұнай өнімдерінің бағасы тым қолжетімді болмауы тиіс.

Алайда дәл қазіргі негізгі мәселе ол Атырау мұнай өңдеу зауытында болған апат пен оны жою үшін кеткен уақыт, - деді ол.

Ол жөндеу жұмыстары неге бір мезгілге сай келгеніне де тоқталды. Оның айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарын басқа кезде өткізуі керек болған. Бірақ Атыраудағы мәселе байланысты ол ел мүлдем жанармайсыз қалмауы үшін оны бірнеше мәрте шегерді.

Тимур Ілиясов баға тұрақтана ма деген сауалға жауап берді.

Баға тұрақтану үшін зауыттарымыз тұрақты істеп тұруы керек. Сұраныс пен өндіріс арасында баланс қалыптасуы қажет. Жөндеу жұмыстары аяқталып, өндіріс қалыпқа түскен соң баға тұрақталады деген болжам бар. Билік бағаны бақылауда ұстай ала ма дегенге келер болсақ. Шекті бағаны бекіту тәжірибесі біздің елде болған. Алайда оның салдары ауыр болуы мүмкін. Өйткені нарықтың өз заңдылығы бар. Билік шекті бағаны бекітіп, елде жанармай стансаларындағы баға көптеп сатып алудан төмен болып кеткен жағдайлар орын алған болатын, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы