Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін қазақстандық танымал дәрігер, кардиохирург Юрий Пя Шымкентте жүрек ақауына шалдыққан азаматтарға жаңа тәсіл арқылы күрделі ота жасады. Білікті маманның жетекшілігімен өткен операция кардиология орталығында жасалып, сәтті яқталды. Күрделі операция 19 жасар қыздың жүрегіне жасалды.
«Бүгінгі пациентіміз 19 жастағы жас қыз. Инфекциялық миокардиттен зардап шегіп, салдарынан клапаны бұзылған. Бастапқыда клапанына ауыстырсақ деген ой болды. Бірақ кейін тұрмысқа шығады, оған механикалық клапанмен жүкті болу, босану өте қиынға соғатынын ойландық. Былайша айқанда, өміріне қауіпті. Сол себепті, біз өз клапанын қалдыруға тырыстық», - деді дәрігер Юрий Пя.
Айта кетейік, аталған орталық Түркістан облысы мен Шымкент қаласының халқына кардиологиялық, интервенциялық (эндоваскулярлық), аритмологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетеді. Халықтың 34 % Шымкент қаласында орналасса, 66% Түркістан облысында орналасқан. Демек, 3 миллион халыққа 6 рентген ота жасайтын орталық қажет.
Журналистермен өткен баспасөз конференциясы барысында Шымкент қаласы әкімімен және Нұр-Сұлтан қаласы «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ-мен ынтымақтастық меморандумына қол қойылғаны белгілі болды. Бұл туралы Шымкент қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев айтты.
«Юрий Владимирович Пяның көрсеткен тәсілі өте қиын түрде жасалатын операциялардың түрі. Неге десеңіз, егер де басқа жағдайда жүрек клапанының жетіспеушілігі жағдайы болса оның емдеудің тәсілдері бар. Ал бүгін пациенттің жүрек клапанына инфекция түсіп, жыртылып кеткен. Ота барысында пациенттің өзгерген клапанын емдеп, өз қызметін атқаруға толық мөлшерде мүмкіншілік жасалды. Бүгінгі көрген тәсілдер бұл орталықта бұрын жасалмаған. Енді алған дәрісіміздің арқасында осындай науқастарға клапандарын ауыстырмай өзінің негізгі клапанын сақтап қалып, адамдарға ары қарай мүмкіншілік береміз деген ойдамыз», - деді қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев.
Орталық директорының айтуынша, мұнда жылына 500-ден аса ашық түрде ота жасалады. Биылдан бастап оның санын 1000-ға дейін жеткізу жоспарланған. Бұдан бөлек, жүректің қантамырлары тарылғанына байланысты жедел жәрдеммен келіп жатқан науқастарға байланысты жасалатын 1640 отаны 2500-ге дейін көбейту көзделіп отыр.
«Осы ісспарымда маған мынадай ой келді. Неге барлық республикалық орталықтар астанаға шоғырлануы керек. Бұл дұрыс емес. Медицинада пациентті өзіңе жүгіртпей, өзің пациентке жүгіруің керек. Шымкентте республикалық маңызы бар балалар кардиологиялық орталығы ашылса екен деймін. Бұл біріншіден аймақтағы медицина қызметкерлерінің беделін көтереді және алғашқы қадам болар еді. Себебі, пациенттер Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына жүгірмей өз облысының орталығында емделіп жатуы керек. Шымкент қаласының әкімімен кездесу барысында осы негізгі мақсатымды айттым», - деді Юрий Пя.
Кардиология орталығының мамандары алдағы уақытта меморандумның арқасында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының күшімен ары қарай өз емдеу тәсілдерін дамытуға мүмкіншіліктері барын қуана жеткізді. Яғни орталықтың мамандарын шақыртып, жергілікті мамандарды оқытып, үйретіп, тәжірибе алмаспақ.
«Ұлттық кардиохирургия орталығын жеке бір орталық деп есептеуге болмайды. Қазір бір стандартта, бір тәсілді пайдаланып, науқастарды емдеуге жағдай туып отыр. Осыған байланысты, біз орталықтың сапасын, мәртебесін көтереміз деген ой бар», - деді орталықтың директоры Ермағамбет Қуатбаев.