Белгілі дәрігер Ернияз Омаров дүниеден өтті

23 Тамыз 2021, 17:40
5939
Бөлісу:
Белгілі дәрігер Ернияз Омаров дүниеден өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыр елінің ардақты азаматы, талантты хирург, денсаулық сақтау саласының аңыз тұлғасына айналған алтын қолды дәрігер Омаров Ернияз Омарұлы 90 жасқа қараған шағында қайтпас сапарға аттанды, деп жазды Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Facebook-тегі парақшасында.

Артында өшпес із қалдырған, ақ халатына дақ түсірмеген Ернияз Омарұлын халқы да жақсы көріп, құрметтеп, аймақ медицинасының атасы деп атады. Ернияз Омаров 1932 жылдың 1 қаңтарында Тереңөзек ауданының Асқар Тоқмағамбетов ауылында дүниеге келген. Облыс орталығындағы медициналық техникумды бітірген соң алғашқы еңбек жолын Тереңөзек ауданындағы «Арысқұм» жайлауындағы малшылар қонысында фельдшер, одан соң медициналық бекет (пункт) меңгерушісі болып бастаған, - деп жазды ол.

Білімін жетілдіріп, 1958 жылы Алматы Қазақ мемлекеттік медициналық институтын бітіргеннен кейін облыстық ауруханада хирург, емхана меңгерушісі, 1961 жылы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болады. 1967 жылы Ернияз Омаровтың бастауымен Қызылорда қаласында 250 төсек-орындық қалалық аурухана ашылып, оған өзі бас дәрігер болып тағайындалып, емдеу мекемесінің жұмысын аяғынан тік тұрғызады. Көп жылғы практикалық жұмысын ғылыммен ұштастырып, Ернияз аға медицина ғылымының кандидаттығын қорғайды.
1982 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалып, облыста типтік жобадағы 5 орталық аудандық аурухана, 7 ауылдық аурухана, 20-дан астам ауылдық дәрігерлік емхананың ашылуына мұрындық болды.

Ернияз Омарұлы қандай қызметте жүрсе де, ең алдымен өзінің дәрігер екенін ұмытқан жоқ. Қырық жылдан астам еңбек өтілінде он мыңға жуық ота жасап, талай науқасты ажалдан арашалап қалды. Зейнетке шықса да қарап отырмай, жас мамандарға үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп отырды, - деді Әбдіқалықова.
Еңбегі де лайықты бағаланып, «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген дәрігер» құрметті атағымен, «Еңбек Қызыл Ту» «Халықтар Достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерімен, «1941-1945 жылдардағы Жеңіс» медалімен, көптеген Құрмет Грамоталарымен марапатталды, Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының және Қызылорда облысының Құрметті азаматы атақтарын алды.
Асыл азамат Омаров Ернияз Омарұлының дүниеден озуына байланысты әулетіне, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Ел мүддесі жолында жасаған игі істері мен өнегелі ғұмыры артында қалған ұрпағына ұлағат болсын! Жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!, - деп жазды облыс әкімі.


Өзгелердің жаңалығы