- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Бектенов теміржол саласына жаңа тапсырмалар берді: Не өзгереді?
Бектенов теміржол саласына жаңа тапсырмалар берді: Не өзгереді?
Үкімет теміржол саласын цифрландыруды жеделдетіп, көлік-логистика тізбегін басқаруға арналған «деректер көлін» құруды тапсырды.
Бүгiн 2026, 12:19
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында теміржол саласын дамытуға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде жаңа теміржол желілерін салу, вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту, қолданыстағы жолдарды жаңғырту және вокзалдарды реконструкциялау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Үкімет басшысы Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша биыл бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобаны аяқтау жоспарланғанын айтты. Атап айтқанда, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Мойынты – Қызылжар» теміржол желілеріндегі қозғалыс осы жылдың қараша айында іске қосылуы тиіс.
Жаңа жолдардың ашылуы транзиттік тасымал көлемін биыл 55 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл – Көлік министрлігі мен “Қазақстан темір жолы” компаниясының алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр қолданыстағы жобаларды іске асырумен ғана шектелуге болмайтынын атап өтті.
Біз бар жобалармен ғана шектеліп қалмауымыз керек. Ел экономикасының одан әрі өсуін қамтамасыз етіп, Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі көлік-логистикалық хабқа айналдыру үшін теміржол инфрақұрылымын дамытудың келесі кезеңіне дайындалуымыз қажет. Ұсынылып отырған саланы дамытудың үшжылдық жоспарын жалпы қолдаймыз. Көлік министрлігі, “Самұрық-Қазына” қоры мен “Қазақстан темір жолы” барлық болашағы зор инфрақұрылымдық жобалардың қаржыландыру көздерін айқындап, техникалық құжаттаманы әзірлеуге дереу кірісуге тиіс, – деді ол.
Оның айтуынша, жүк айналымы мен транзиттік тасымалдардың болжамды өсуін және экономиканың ұзақ мерзімді қажеттіліктерін ескере отырып, уақыт талабына сай белсенді шешімдер қабылдау аса маңызды.
Сонымен қатар Премьер-министр мемлекетаралық өткізу пункттері тораптарын кеңейту экспорттық және транзиттік бағыттағы жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Осыған байланысты көршілес елдердің теміржол әкімшіліктерімен бірлескен шешімдер әзірлеу үшін тұрақты жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.
Үкімет басшысы теміржол вокзалдарын жаңғырту мәселесіне де ерекше тоқталды.
Мұны әлеуметтік жоба деп айтуға болады. Өйткені ол жолаушылар инфрақұрылымын жақсартуға, халыққа жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Үкімет тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданды. Әкімдер нысандарды жаңғырту барысын әр апта сайын тікелей өздері бақылап, бекітілген кесте мен жұмыс сапасын қамтамасыз етуі керек. Туындаған мәселелер бірден шешімін табуға тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол мердігер ұйымдармен бірге нысандардағы жұмыс күші мен техникалық құралдарды көбейтуді тапсырды.
Премьер-министрдің айтуынша, қайта жаңартылған 30 вокзал 1 шілдеге қарай алғашқы жолаушыларды қабылдауға тиіс. Ал Астана, Алматы және Түркістан қалаларындағы тарихи вокзалдарды реставрациялау жұмыстарынан бөлек, қалған вокзалдардағы жұмыстар 1 қазанға дейін аяқталуы қажет.
Үкімет басшысы соңғы бірнеше жыл бойы теміржол инфрақұрылымының дамуы негізінен іске асырылып жатқан жобаларды аяқтауға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар вагондар мен локомотивтер паркін жаңарту жоспарлары айқындалғанымен, инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін айтты.
Осыған байланысты Қазақстан аумағы арқылы жүк ағындарын қайта бағыттауға мүмкіндік беретін халықаралық терминалдар желісін кеңейту тапсырылды.
Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы 2027 жылдың 1 шілдесіне дейін Астана қаласында, сондай-ақ Алят, Свислочь және Селятино қалаларында терминал желілерін іске асыру жұмыстарын аяқтауы тиіс. Бұдан бөлек, Будапешт, Чэнду және Констанца қалаларында жаңа жобаларды жүзеге асыру басталуы қажет.
Бұл жобалар еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал етеді, – деді Үкімет басшысы.
Ол жолаушылар тарапынан вагондардың жай-күйіне қатысты шағымдардың түсіп жатқанын да атап өтті.
Stadler компаниясының жаңа вагондарын жеткізуді бұдан әрі кешіктіруге болмайды. Өнеркәсіп министрлігі “Қазақстан темір жолы” және Stadler компанияларымен бірге техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жолаушылар вагондарын барынша қысқа мерзімде жеткізуі қажет, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің мәліметінше, осы жылдың соңына дейін теміржол желісіне 215 жаңа локомотив пен шамамен 1,5 мың жүк және жолаушылар вагоны шығарылуы тиіс.
Сонымен қатар биылғы 1 қыркүйекке дейін отандық өндірістің 13 мың жүк вагоны мен 500 жолаушылар вагонын сатып алу жөніндегі бес жылдық бағдарламаны бекіту қажет.
Ол әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Қытай, Жапония және Еуропалық одақ көлік саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізіп жатқанын айтты.
Олар пойыздардың қозғалыс кестесін оңтайландыруға, бос тұрып қалу уақытын қысқартуға, өткізу қабілетін және желіні күтіп-ұстау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Көлік министрлігі “Қазақстан темір жолы” компаниясымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін бүкіл көлік-логистикалық тізбекті нақты уақыт режимінде басқаруды жеңілдететін “деректер көлін” құру шараларын қабылдауы қажет, – деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, министрліктің алдында теміржол көлігіндегі қызмет көрсету сапасын жақсарту, транзиттік және экспорттық жүк тасымалдарын арттыру міндеттері тұр.
Саланы дамыту бойынша тиісті шешімдер тұтастай алғанда Қазақстан экономикасының дамуын қамтамасыз ету үшін проактивті форматта қабылдануы қажет, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бұл тапсырмалардың орындалуын бақылау мен үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелетінін атап өтті.
Ең оқылған:
- Енді аулада көлікті кез келген жерге қоя алмайсыз: 1 шілдеден бастап не өзгереді?
- Ең төменгі жалақы 150 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін: Өзгеріс халыққа қалай әсер етеді?
- "Аяғы шайналып кетті": Қызылордада аттракционға барған жігіт ауыр жарақат алды
- Қазақстанда ЖИ инфрақұрылымына $10 млрд инвестиция салынады
- Найзағай, бұршақ және аптап ыстық: 16 облыста ескерту жарияланды
Мақпал ОРЫНБЕК