Базалық банк лицензиясы: Депозиттерге қойылатын лимиттер туралы не білу керек?

14 Қыркүйек 2026, 07:30
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы 14 Қыркүйек 2026, 07:30
14 Қыркүйек 2026, 07:30
77
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда базалық банк лицензиясы бар банктерге жеке тұлғалардың депозиттері мен банк шоттарындағы қаражат көлеміне қатысты шектеулер енгізілді. Алайда қазіргі уақытта елде мұндай лицензиямен жұмыс істейтін банктер жоқ. Сондықтан жаңа талаптар қолданыстағы банктердегі халықтың депозиттеріне әсер етпейді. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сыртқы коммуникациялар басқармасы BAQ.KZ ақпарат агенттігінің сауалына берген жауабында жаңа талаптарды түсіндірді.

2026 жылғы 25 тамызда агенттік бсқармасы «Базалық банк лицензиясы бар банктің активтерінің жиынтық көлемінің шекті мәнін және базалық банк лицензиясы бар банк қабылдайтын жеке тұлғалардың депозиттері мөлшерінің шектерін белгілеу туралы» №124 қаулыны қабылдады.

Бұл құжат базалық лицензия бойынша жұмыс істейтін банктерге қойылатын негізгі шектеулерді белгілейді.

Қолданыстағы банктер мен депозиттерге әсер ете ме?

Банктер туралы жаңа заңда банк лицензиясының екі түрі – әмбебап және базалық лицензия көзделген.

Базалық банк лицензиясы, ең алдымен, шағын банктерге арналған және реттеудің неғұрлым жеңілдетілген режимін көздейді. Атап айтқанда:

* банктің активтерінің көлемі 500 млрд теңгеден аспауға тиіс;
* жеке тұлғалардың депозиттерінің мөлшері депозиттерге кепілдік беру жүйесімен өтелетін сомалармен шектеледі;
* жеңілдетілген пруденциялық талаптар, есептілік және қадағалау көзделген;
* рұқсат етілетін банк операцияларының шектеулі тізбесі белгіленген.

Мұндай тәсілдің негізгі мақсаты – нарыққа жаңа банктердің кіруіне кедергілерді азайту, банк секторындағы бәсекелестікті арттыру және шағын және орта бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту.

Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық лицензиясы бар банктер жоқ. Сондықтан белгіленген шектеулер қолданыстағы банктерге қолданылмайды. Олар өз қызметін әмбебап банк лицензиялары негізінде жүзеге асырады.

Бір банктегі бірнеше депозит пен шоттағы ақша қалай есептеледі?

№124 қаулыға сәйкес депозиттердің мынадай шекті мөлшерлері көзделген:

* ұлттық валютадағы жинақ салымдары бойынша – 20 млн теңге;
* ұлттық валютадағы өзге де депозиттер бойынша, оның ішінде банк шоттарындағы ақша бойынша – 10 млн теңге;
* шетел валютасындағы депозиттер бойынша, оның ішінде банк шоттарындағы ақша бойынша – 5 млн теңге.

Бұл шектеулер базалық банк лицензиясы бар банктерді пропорционалды реттеудің элементі және олар үшін көзделген реттеушілік талаптар мен қызмет ауқымы ескеріле отырып белгіленген.

Егер базалық банк лицензиясы бар банкте жеке тұлғаның бірнеше депозиті және (немесе) бірнеше банк шоты болса, олардың барлығы бойынша жиынтық күнделікті қалдық есепке алынады.

Бір жеке тұлғаның барлық депозиттері мен банк шоттарындағы қаражатының жалпы сомасы 20 млн теңгеден аспауға тиіс. Бұл ретте көрсетілген сомаға депозиттердің барлық түрлеріне және банк шоттарына орналастырылған қаражат енгізіледі. Сонымен бірге депозиттің әрбір түрі бойынша белгіленген жекелеген лимиттер сақталуға тиіс.

Қаражат 20 млн теңгеден асып кетсе не болады?

Базалық банк лицензиясы бар банк бір жеке тұлғаның барлық депозиттері мен банк шоттарындағы қаражатының жиынтық күнделікті қалдығы 20 млн теңгеден аспауын қамтамасыз етуге тиіс.

Белгіленген лимитке қол жеткізілген жағдайда, егер қосымша қаражатты есепке жатқызу шекті мөлшерден асыруға алып келсе, банк оны қабылдай алмайды.

Бұл талап жаңа депозит ашу кезінде де қолданылады. Яғни жаңа депозитті ашу және оны толықтыру клиенттің банктегі қаражатының жалпы лимиті сақталған жағдайда ғана мүмкін болады.

Шектеудің сақталуын қамтамасыз етудің нақты тетігін банк өзінің ішкі рәсімдері мен ақпараттық жүйелерін ескере отырып айқындайды. Бұл депозитті немесе шотты одан әрі толықтыру мүмкіндігін шектеуді не белгіленген лимиттің асып кетуіне әкелетін операцияны жүргізуден бас тартуды көздеуі мүмкін.

Қолданыстағы депозиттерге жаңа талаптар әсер ете ме?

Жаңа шектеулер қолданыстағы әмбебап банк лицензиясы бар банктерде орналастырылған депозиттерге қолданылмайды.

Сондықтан егер жеке тұлға осындай банкте, мысалы, 25 млн теңге мөлшерінде депозит орналастырған болса, №124 қаулының қабылдануына байланысты оның депозитінің мөлшері өзгермейді және салым сомасын азайту қажеттілігі туындамайды.

№124 қаулының талаптары тек базалық банк лицензиясы бар банктерге қолданылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда мұндай банктер жоқ.

Осыған сәйкес, жаңа реттеу қолданыстағы банктердегі халықтың қазіргі депозиттеріне әсер етпейді.

Неліктен депозиттерге қойылатын лимиттер әртүрлі?

Лимиттердегі айырмашылықтар халықтың депозиттеріне кепілдік берудің қолданыстағы жүйесіне байланысты.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерді міндетті кепілдендіру туралы» Заңына сәйкес депозиттердің әртүрлі түрлері бойынша кепілді өтемнің шекті мөлшерлері белгіленген.

Атап айтқанда:

* ұлттық валютадағы жинақ салымдары бойынша кепілдік мөлшері – 20 млн теңгеге дейін;
* ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша – 10 млн теңгеге дейін;
* шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 млн теңгеге дейін.

Осы мөлшерлер базалық банк лицензиясы бар банктер үшін шектеулер белгілеу кезінде пайдаланылды.

Мұндай тәсіл осындай банктер тартатын халық қаражатының көлемін олардың депозиттерге кепілдік беру жүйесі шеңберіндегі қорғалу деңгейіне сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Бұл ретте депозиттер мен шоттар бойынша қабылданатын қаражаттың мөлшеріне қойылатын шектеулер тек базалық банк лицензиясы бар банктерге қатысты және әмбебап лицензиясы бар қолданыстағы банктерге қолданылмайды.

Бұл талап не үшін енгізілді?

Белгіленген лимиттің негізгі мақсаты – базалық банк лицензиясы бар банктер тартатын халық қаражатының көлемін олардың жеңілдетілген реттеушілік режимі мен қызмет ауқымын ескере отырып шектеу.

Лимиттерді айқындау кезінде депозиттер бойынша кепілді өтемнің қолданыстағы мөлшерлері де ескерілді. Бұл осындай банктің бір жеке тұлғадан тарта алатын қаражатының көлемін депозиттерге кепілдік беру жүйесі шеңберіндегі олардың қорғалу деңгейімен сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Осылайша, бұл талап пропорционалды реттеудің элементі болып табылады. Шағын банктерге жеңілдетілген талаптар бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар олар үшін салымшылар мен қаржы жүйесі үшін тәуекелдерді төмендетуге бағытталған қосымша шектеулер белгіленеді.

Базалық лицензиясы бар банкті қалай ажыратуға болады?

Базалық банк лицензиясы бар банк те екінші деңгейдегі банк. Негізгі айырмашылығы – оған берілген банк лицензиясының түрі мен оның қызметіне белгіленген шектеулерде.

Банк лицензиясының болуы және оның түрі туралы ақпарат ашық. Лицензияның көшірмесі клиенттерге қолжетімді жерде, сондай-ақ банктің интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.

Бұдан басқа, берілген банк лицензиялары туралы мәліметтер Агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

Сондықтан салымшы қаражатын орналастырмас бұрын банктің қандай лицензия негізінде жұмыс істейтінін – әмбебап немесе базалық лицензия екенін тексеріп, оған қолданылатын талаптар мен шектеулермен таныса алады.

Базалық лицензиясы бар банкке, атап айтқанда, активтердің көлеміне, жеке тұлғалардың депозиттерінің мөлшеріне және жекелеген банк операцияларының тізбесіне қатысты шектеулер қолданылады.

Сондықтан салымшы үшін, ең алдымен, банк лицензиясының түріне және ұсынылып отырған депозиттік өнімнің талаптарына назар аудару маңызды.

Қазақстанда базалық лицензиясы бар банктер бар ма?

Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық банк лицензиясы бар банктер жоқ.

Берілген банк лицензиялары туралы ақпарат, оның ішінде базалық банк лицензиясы берілген жағдайда, Агенттіктің ресми интернет-ресурсында орналастырылады және жалпыға қолжетімді болады.

Лицензияның түрі туралы мәліметтер банктің өзінде, оның ішінде ресми интернет-ресурсында да қолжетімді болады.

Наверх