«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Астанада партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шара «Астана орманы» аумағында өтті. Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, бұл аумақ шамамен 200 гектарды алып жатқан қолдан отырғызылған орман алқабы.
Партия төрағасы «Қазақстан – өмір сүруге қолайлы ел» атты сайлауалды бағдарлама бес негізгі бағыттан тұратынын айтты. Олар – экология, әділетті экономика, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, болашақ қалалар және әділетті әрі таза Қазақстан. Бағдарламаны таныстыру барысында осы салалардағы өзекті мәселелер мен оларды шешуге бағытталған ұсыныстар айтылды.
Ең алдымен бұл – экология мәселесі. Таза ауа, таза су және таза жер. Одан кейін әділетті экономика, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, болашақ қалалар және әділетті әрі таза Қазақстан. Біз қандай мәселелер бар екенін, оларды қалай шешуге болатынын және қандай заңдарды қабылдау қажет екенін таныстырдық, – деді Азаматхан Әміртаев.
Партия ұсынған бастамалардың бірі – мемлекеттік қызметкерлердің өз мүлкінің заңды жолмен алынғанын түсіндіру міндетін енгізу.
Егер оның заңды жолмен алынғаны дәлелденбесе, партияның ұстанымы бойынша мұндай активтер мемлекетке қайтарылуы тиіс, – деді партия төрағасы.
Азаматхан Әміртаев Экологиялық кодекске өзгерістер енгізу жоспарына да тоқталды. Оның айтуынша, партия қоршаған ортаға шығарылатын зиянды заттар үшін төлем мөлшерлемелерін арттыруды және ластаушы заттардың тізімін кеңейтуді ұсынады. Оның пікірінше, бұл шаралар мемлекеттік бюджет кірісін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ партия төрағасы ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету және су ресурстарын дамыту мәселелерін көтерді.
Біз бұл мәселелерді бақылауға алып, елдегі су ресурстарын дамытуға серпін беретін қосымша заңдарды әзірлеуді көздеп отырмыз, – деді ол.
Айта кетейік, іс-шараға «Астана орманының» қызметкерлері мен Астанадағы партияның жақтастары қатысты.