«Байтақ» партиясы неліктен 51 емес, 47 кандидат ұсынғанын түсіндірді

 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 20 Шілде 2026, 15:40
20 Шілде 2026, 15:40
325
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға ұсынған партиялық тізіміне 47 кандидат енгізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы партия төрағасы Азаматхан Әміртаев Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, партиялық тізімді қалыптастыру жұмысы еліміздің барлық өңірін қамтыған.

Партиялық тізімді қалыптастыру кезінде еліміздің барлық өңірі қамтылды. Барлық облыстан, әртүрлі аймақтан Құрылтай депутаттығына кандидат болуға ниет білдірген азаматтардан өтініштер түсті. Солардың арасынан іріктеу жүргізіліп, партияның бесінші съезінде бастапқыда 51 кандидат бекітілді. Кейін төрт үміткер жеке себептеріне байланысты кандидатураларын қайтарып алу туралы өтініш бергендіктен, соңғы партиялық тізімге 47 кандидат енгізілді, – деді Азаматхан Әміртаев.

Партия төрағасы кандидаттар тізімін жасақтау кезінде заңда белгіленген квотаның толық сақталғанын атап өтті.

Партиялық тізімде 10 әйел, төрт жас кандидат (35 жасқа дейінгі) және төрт мүгедектігі бар азамат бар. Жалпы алғанда бұл сан партиялық тізімнің 38 пайызын құрайды. Осылайша заңда белгіленген квота толық орындалды, – деді ол.

Әміртаевтың сөзінше, партиялық тізімге түрлі сала өкілдері енгізілген. Олардың қатарында экологтар, гидротехниктер, жер қатынастары саласының мамандары, дәрігерлер, заңгерлер, кәсіпкерлер, сондай-ақ әртүрлі мамандық иелері мен көпбалалы аналар бар.

Сонымен қатар партия төрағасы кезектен тыс съезге дайындық екі айға жуық уақытқа созылғанын айтты. Оның сөзінше, осы кезеңде аудандар мен облыстарда жиналыстар мен конференциялар өткізіліп, делегаттар сайланған. Съезге бекітілген делегаттардың басым бөлігі қатысып, партиялық тізім бірауыздан қолдау тапқан.

Наверх