23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын «Байтақ» экологиялық партиясы сайлауалды штабының жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордада ашылған штабтың алғашқы отырысына партияның барлық өңірлік сайлауалды штабтары онлайн режимде қосылды. Атап айтқанда, олардың қатарында облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының өкілдері бар.
Кездесу барысында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының басым бағыттары нақтыланып, өңірлердегі іс-шаралардың кестесі бекітілді. Сонымен қатар республикалық штаб пен аймақтық ұйымдар арасындағы міндеттер мен жауапкершілік нақты бөлінді.
«Мандат – мақсат емес, ол – құрал. Біздің мақсатымыз – он жылдан кейін Арал мен Каспийдің тағдырын талқылап отырып, дәл осындай әңгімені Балқаш туралы айтпау. Оған мәжбүр болмауымыз керек», – деді партия төрағасы Азаматхан Әміртаев.
«Байтақ» партиясы бұл саяси науқанға Қазақстандағы алғашқы әрі әзірге жалғыз экологиялық бағыттағы партия ретінде қатысып отыр.
«Бүгін біз жай ғана сайлауалды штабты емес, азаматтармен өзара іс-қимылдың, жақтастарымызды біріктірудің және экологиялық қауіпсіз, әділетті әрі өмір сүруге қолайлы Қазақстанды құруға бағытталған жасыл бастамаларды жүзеге асырудың орталығын ашып отырмыз. Осы жерден партияның сайлауалды науқанының жаңа кезеңі басталады. Штаб азаматтармен ашық диалог жүргізетін, волонтерлермен, сарапшылармен және жасыл құндылықтарды қолдайтын азаматтармен жұмыс істейтін үйлестіру орталығына айналады», – деді партияның атқарушы хатшысы Алмас Тұртаев.
Еске салайық, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы қоғамдық бірлестігі Құрылтай депутаттарының сайлауына 47 кандидаттан тұратын партиялық тізім ұсынды. Партиялық тізімдегі 18 кандидат әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына жатады. Бұл жалпы тізімнің 38,3 пайызын құрайды. Партияның мәліметінше, тізімге эколог мамандар, дәрігерлер мен қоғам қайраткерлері енген.
Айта кетерлігі, VIII шақырылымдағы Мәжіліс сайлауында «Байтақ» жасылдар партиясы сайлаушылардың 2,13 пайыз даусын жинады. Осы көрсеткішке сәйкес партия заңнамада белгіленген тәртіп бойынша сайлау жарнасының 70 пайызын төлейді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы тамызда өтетінін жариялаған болатын.